Размер шрифта:

Цветовая схема:

25 тамыз, 202040

Абайдың қара сөздері жайында жаңа туынды түсіріледі

Абай жылында отандық киноиндустрия қазақтың ұлы ақынына арналған тағы бір жаңа картинамен толығады. Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығында һәкім Абайдың 175 жылдығына орай фильм түсіру туралы байқау жарияланған болатын. Қазақстан Республикасы Президентінің Телерадиокешені бұл байқаудың жеңімпазы атанған еді. Кешен «Абайдың қара сөздері» деректі фильмдерінің циклін түсіреді.

Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығымен онлай әнгіме барысында лента режиссері Берік Әбішев деректі картина жайында баяндап берді. Оның айтуынша, Абайдың қара сөздерін фильм етіп түсіру идеясы осыдан бес жыл бұрын туындаған екен.

«Біз Абайдың 170 жылдық мерейтойына да деректі-көркем фильм түсіріп жатқан едік. Сол кезде Абай әлемімен жақынырақ таныстық. Жобаны ролик түрінде түсіреміз бе деген ой болды. Алайда нәтижесінде толық бір сөзді алып, 15 бөлімді шағын деректі фильдер жасауды ұйғардық. Себебі ақынның әр сөзі көлемді, оны кесіп тастасақ мәні жоғалады. Сондықтан толық мазмұнын жеткізген дұрыс деп ойладық. Барлық 45 қара сөзді түсіргіміз келеді, бірақ ақылдаса келе, толықтай 15 сөз қамтылатын 15 фильм түсіретін болдық», - деді Берік Әбішев.

Режиссер атап өткендей, деректі фильмдер топтамасы 15 қысқаметражды лентадан тұрады. Әр бөлімі бір ғана қара сөзге арналады.

«Қара сөздер рет-ретімен болмайды. Мүмкін біз бірінші, не қырық бесінші, отыз сегізінші секілді сөздерін аламыз. Қорытындысында он бес бөлім жасаймыз. Он бес бөлімде бір-бір танымал тұлғадан рөл сомдайды», - деді режиссер.

Фильм кейіпкерлері демекші, коронавирус індеті актерлік құрамға әсер етті десек болады. Мәселен, қатаң карантиндік шектеулер енгізілгенге дейін «Қара сөздер» авторлары кастинг өткізіп, фильм түсірілімдеріне тартпақ болған танымал қазақстандық тұлғалармен кездесіп келіскен болатын. Сондықтан актерлік құрам өзгеруі ықтимал. Тарих, ұлттық дүниетаным, өсиет пен құқық мәселелері қозғалатын Абайдың терең ойларын көрерменге заманауи интерпретацияда жеткізу үшін картина режиссері кинолентада кәсіби актерлердің де өнер көрсететінін айтады.

«Атақты әншілер, актерлер және медиа тұлғалармен алдын-ала бірқатар келіссөздер жүргіздік. Димаш Құдайберген, Нұрлан Әлімжанов, Берік Айтжановтармен сөйлестік. Ол кезде түсірілімге кірісеміз деген жоспар болған. Ал қазір барлығы өзгеруі мүмкін. Бірақ Димаш фильмге түсуге әзір екендігін айтқан», - деп атап өтті картина режиссері.

«Абайдың қара сөздері» деректі лентасы үш түрлі уақытта түсіндіріледі. Яғни кадрларда өткен, осы және келер шақ қамтылмақ.

«Абай өзінің қара сөздерін өткен заманда жазды. Алайда, олар осы күні де өзекті болып отыр. Оларсыз бүгін де, ертең де, одан кейін де өмір сүру мүмкін емес. Сондықтан фильмде үш уақытты қолданамыз және дәл сондай атмосфераны қалыптастыруға тырысамыз. Кейіпкерлеріміз әртүрлі болуы мүмкін. Ол бүгінгі заманда автокөлікпен кетіп бара жатса, графика арқылы өткен заманға оралуы мүмкін. Яғни уақыттық ауысулар болып тұрады», - деп бөлісті Әбішев.

«Абайдың қара сөздері» деректі картинасының бөлім ұзақтығы да әр түрлі болуы мүмкін дейді режиссер. Шамамен 10 минуттан кем болмайды деп жоспарланып отыр.

«Бөлімді белгілі бір уақытпен шектегіміз келмейді. Қажет деп санасақ, 15 не 10 минут болады. Әйтеуір 10 минуттан кем болмауы керек. Шамамен 10-20 минут. Яғни, барлық 15 бөлімнің ұзақтығы әртүрлі болады», - дейді ол.

Қазір деректі фильмді түсіруге алдын-ала дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Егер түсірілім қыркүйек айында басталатын болса, алғашқы бөлімнің тұсаукесері биылғы жылдың желтоқсанында өтеді деп жоспарланып отыр. Ал фильм көрсетілімі телеарналар мен әлеуметтік желілер арқылы жүзеге аспақ.

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы