Размер шрифта:

Цветовая схема:

21 наурыз, 2020305

Әдеп пен салтты тануға ықпал еткен фильм

Ұлттық салт-дәстүр мен ұлттық ойындарды, туған тілге деген сүйіспеншілікті насихаттайтын фильмдер елімізде көп-ақ. Олардың барлығын қазір тізбектемейміз, алдағы уақытта әлі сан мәрте оралармыз. Бүгін біз әрі заманауи, әрі өскелең ұрпақ сүйіп көретін жастарға арналған «Каникулы off-line» фильміне тоқталғымыз келіп отыр.

«Неліктен?» дерсіз. Айтайық. Біріншіден, фильм өте тартымды шыққан. Онда өнер көрсеткен балалардың бұдан бұрын киноға түспегенін ескерсек, рөлдерін мінсіз орындап шыққан. Еш асыра сілтеу емес! Себебі, бұл фильмді тамашалаған болсаңыз, кішкентай актерлердің әрекеттері, жүріп-тұруы, сөйлегендері - бәрі-бәрі арнайы камераға емес, қарапайым өмірде күнделікті жасап жүрген тіршілігі деген ойға келесіз.

 

Көрмеген қауымға түсінікті болуы үшін фильм желісіне аздап тоқталып өтейік. Үш дос ауылда балаларға арналған лагерьді ашып, оған келушілерді қабылдайды. Бұрын-соңды балалармен жұмыс істеп көрмеген олар, он күннің ішінде бұл салаға ақырындап ене бастайды. Әрине, жасөспірімдермен жұмыс істеген оңай емес. Әрі балалардың қалада туып-өскенін ескергенде, бұл істің тіптен қиын екенін көреді. Алайда, балалардың тілін тауып, оларға да білгендерін үйретуге тырысып бағады. Ақыры еңбектері зая кетпейді. Лагерь тәрбиеленушілері бір үйдің балаларына айналады.

 

Спойлерлік етпейміз. Өздеріңіз көріп, ой түйіңіз. Ал, біз өзіміздің әсерімізбен ары қарай бөлісейік.

 

Қаладан келген балалардың ауыл өміріне бірден үйренісе бермейтінін білеміз.  Әсіресе, әлемдік желіге тәуелді болғандарға ауылға бірден сіңіп кету оңай емес. «Каникулы off-line»-да да бұл картина көрініс табады. Қолдарында гаджет, ойларында интернет әрі туған тілді де жетік біле бермейді. Ал, бұл фильм тәуелділікті де жеңіп, қазақ тілін де тез меңгеруге болатынын  үйретеді. Мұның барлығын фильмді жасаушылар лагерьдегі қызықты сәттер арқылы көрсетеді.

 

Фильмде лагерь орналасқан ауылда ғаламтор желісі тартылмаған. Әрине, балалар осы себепті смартфондарында үйреншікті ойындарын ойнап, түрлі операцияларын жүзеге асыра алмайды. Фильмді қоюшылар оның орнына уақытты өзгеше де қызықты әрі пайдалы етіп өткізуге болатынын көрсетті. Оны фильмде балалардың отын жинау, кешке алаудың жанында отырып, әңгіме-дүкен құрып, өнер көрсету арқылы жеткізген. Әрі көмек, әрі ермек. Балалар еңбекке де машықтанады, ғаламторға  тәуелділіктен де арылады.

 

Кинотуындыдан кішкентай көрермендердің түртіп алар тағы бір жағымды тұсы  - достық пен бірлік. Бірде фильм кейіпкерлері үйді отқа орап, жағып жібере жаздайды. Байқаусызда, әрине. Алайда, жауапқа шақырғанда, өз істеріне өздері жауап береді. Онысымен қоймай, таяуда ғана тапқан досын ақтап, жауапкершілікті өз мойнына алады. Демек, нағыз жігітке сай қылық танытады.

 

Қазақ тіліне келетін болсақ. Балалардың тілді білмеуі кемшін тұс, әрине. Алайда, онсыз фильмде олардың туған тілін қалай үйренгенетіндіктерін көрсету мүмкін болмас еді. Лагерьдегі талаптың бірі де қазақ тілінде сөйлеу  еді. Сондықтан балалар тәрбиешілермен қазақша сөйлесіп, қазақ тілінде ән айту арқылы бұл кедергіні де жеңе білді.

 

Фильмде сондай-ақ, балалардың ұлттық нышандарға деген құрметі де жоқ емес. Оны киноны қоюшылар балалардың өзге музыкалық шығармаларды  болмаса да, әнұранды жатқа білетіндіктерімен көрсеткен. 

 

Жалпы қазақстандық жас актерлер өнер көрсететін «Каникулы off-line» комедиясын ұлттық нышандағы картина десек артық емес. Жоғарыда аталған достық, бірлік, жауапкершілікпен қатар, жастарды ұлттық салт-дәстүрге баулу да отандық туындыда әдемі өрнектелген. Оны көрермен лагерь тәрбиеленушілерінің ауыл балаларымен бәйге, жекпе-жек, тоғызқұмалақ, асық ату сияқты ұлттық спорт түрлерінен жарысқа түсетін қойылымдарынан көре алады. Отандық фильмдердегі осындай тартымды сәттер мен заманауи тәсілдер арқылы өскелең ұрпақтың ұлттық салтқа деген қызығушылығы артып, қазақ халқының дәстүрі ұрпақтан-ұрпаққа жете берері даусыз.     

 

Айтпақшы, фильмде кәсіби актерлермен бірге Мейірғат Амангелдин, Ясмин Нұрмакова, Бекзат Елеусізов, Мағжан Хамит, Еламан Есентаев, Камилли Болат, Ермұрат Ментаев, Ажар Есенбай, Арлан Нұртаевтар рөл сомдады. Ал, картинаға режиссерлік еткен Руслан Акун болды.

 

 

Айта кетейік, елімізде коронавирус пандемиясына байланысты карантин жарияланғанына бүгін алтыншы күн. Мемлекет басшысы да, Денсаулық сақтау министрлігі де, Үкімет те бұл індеттің таралып кетпеуін жіті бақылауға алып, халықтың денсаулығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында тиісті шараларды жүзеге асыруда. Барлық қоғамдық орындар карантинге жабылып, қазір бос тұр. Алайда, бұдан киносүйер қауымның отандық фильмдерге деген қызығушылығы еш кеміген жоқ. Осы орайда, отандық телеарналардың еңбегін ерекше атап кеткен жөн деп санаймыз. Мәселен, бұл күндері жалпыға ортақ тәртіпті сақтап, үйде отырған қазақстандықтардың отандық фильмдерге машықтануына отандық арналар зор ықпал етуде. Бұл жазылған шолу да сол отандық арна эфирінен көрсетілген фильмді тамашалаудан туындаған ой-түйіннің  нәтижесі.

Автор:  Зарина Смагулова

Фото:  almatylife.kz

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы