Размер шрифта:

Цветовая схема:

25 қыркүйек, 202043

Әділ Ахметов рөл сомдаған киноленталар

«Ревизор», «Шыңғысхан», «Укрощение страптивой», «Четыре мужа Диляфруз» және «Вестсайдская история» сияқты және басқа да көптеген спектакльдерде ойнап, Жастар театрының қайнар бастауынан келе жатқан қазақстандық актер Әділ Ахметов енді мәдениет ордасының басшысы болып тағайындалды. Бұл жаңалық осыдан бірер күн бұрын белгілі болды. Актер үшін театрда үлкен-кіші деген рөлдер болмады. Ол әрдайым кейіпкерінің мінезін егжей-тегжейлі саралап, сараптап, образын мінсіз орындауға тырысты. Көрермендері де оны жоғарыда аталған қойылымдардағы кейіпкерлері арқылы жақсы таниды. Бірақ актер театрдағы рөлдерімен ғана емес, кинодағы еңбектірімен де көптің көкейінен орын алды.

«Кек»

Актердің кино саласындағы алғашқы дебюттық картинасы режиссер Дамир Манабайдың «Кек» атты кинолентасы болды. 2006 жылы түсірілген туындыда жас актер Ілияс есімді кейіпкердің рөлін сомдады. Картина атақты қазақ жазушысы Әбіш Кекілбайдың «Домбырашы» повесі негізінде экранизацияланды. Фильм Маңғыстау жерін ежелден мекен еткен жәуміт пен адай тайпаларының араздығы туралы хикая. Кинолента ашу мен кектің нендей жамандықтарға әкелетінін көрсететін туынды. Түрікмендердің жәуміттері мен қазақтардың адай тайпаларының балалары біріне-бірі ғашық болады. Сүйіктісімен тығылып кездесетін адайлық Ержора осыдан кейін жәуміттердің тұтқынына түседі. Картина премьерасы 2007 жылдың жазында өтті.

«Қалжа»

Режиссер Сұлтан Срайыловтың бұл картинасында Әділ Ахметов бас рөлді сомдады. Лирикалық комедияда актер Дастан есімді кейіпкердің рөлін орындады. Картина Елорда мен оның тұрғындары жайынан сыр шертеді. «Қалжа» - бұл тұңғыш қазақстандық жаңажылдық комедия. Режиссерінің айтуынша, сюжет желісі негізгі оқиғаға негізделген. Бас кейіпкерлері – бойжеткен мен жас жігіт бірін бірі танымайды, әрқайсысы жаңа жылға дайындалумен әлек. Оның үстіне астаналық оқу орнының студенті Дастанның 31 желтоқсанда туған күні. Тосынсыйлар бірінен соң бірі келіп түсіп, осылайша тағдыр екі жүректі қосады. Өзінің бір сұхбатында Әділ Ахметов бұл фильмдегі кейіпкер оның алғашқы жағымды образы екендігін айтқан. Осыған дейін ол театр мен киноларда үнемі жағымсыз кейіпкерлерді сомдап келген екен. Картина 2008 жылы жарық көрді.

«Астана – махаббатым менің»

«Астана – махаббатым менің» - бұл тағдыр тауқыметі мен махаббат жайындағы көпбөлімді хикая. Мұнда шиеленіс, сатқындық, билік үшін күрес бір арнаға тоғысқан. Хикая бастауы осыдан 25 жыл бұрын Елорда көгінде ұшып бара жатқан ұшақтағы оқиғадан алады. Әуе кемесінде келе жатқан түрік кәсіпкерінің әйелінің толғағы басталады. Оған қызын босануға қазақ дәрігері көмектеседі. Қазақ әйелдің өзінің бір жасар ұлы бар. Сөйтіп сезімге ерік берген нәзік жандылар балалары өскенде оларды үйлендіреміз деп шешеді. Жылдар өтіп, жастар шынымен де астанада кездеседі, алайда олардың мақсаттары үйленуден алшақ. Екеуін байланыстырып отырған – қазақ пен түрік құрылыс компаниялары арасындағы бәсекелестік. Ермек Шынарбаевтың бұл картинасында отандық актер Ерлан есімді бас кейіпкерді сомдайды. Көптің көкейінде ол осы рөлімен жатталып қалды. Телетуынды қазақ және түрік киностудияларымен бірлесіп түсірілген. Фильм 2010 жылдың жазында телекөрермен назарына жол тартты.

«Армандастар»

Режиссер Ерлан Сағыновтың бұл картинасында да Әділ Ахметов Арман есімді бас кейіпкерді сомдайды. Фильм Қазақстан Республикасы Президентінің халықаралық «Болашақ» стипендиясы иегерлері жайында. Картина болашақтықтардың өмірінен алынған шынайы оқиғаларға негізделген. Кинолента өзегі – әлемнің белді оқу орындарына оқуға түскен жас қазақстандықтардың тағдыры. Әр кейіпкердің өз хикаясы бар. Бірі махаббатын тауып, қиындықтарға төтеп берсе, енді бірі басына түскен сынақтарға қарсы тұра алмай, беріледі. Осылайша жас мемлекеттің қалыптасуы кезінде сонымен қатар кейіпкерлердің де тұлға болып қалыптасуы мен дамуы, олардың мақсаттары мен жоспарлары бірге жүзеге асады. Жылдар өте достар өздерінің кәсіби жолдарын бастау үшін үйлеріне оралады. Алайда тағдыр оларды туған елде қиын өмірлік жағдайда қайта қауыштырады. Картина 2012 жылы жарық көрді.

«Цена свободы»

Жанна Исабаеваның «Цена свободы» картинасында да Әділ Ахметов бас рөлді сомдайды. Картина жасамаған қылмыс үшін сотталған жігіттің тағдыры жайынан сыр шертеді. Түрмеде бас кейіпкер Асхатты арнайы қызмет іске тартып, қылмыстық топқа енгізеді. Тапсырманы орындап, криминалды әлемде аман қалу – Асхат үшін еркіндіктің құны болмақ. Форматы бойынша «Цена свободы» кинолентасы 8 бөлімнен тұратын шағын хикая. Туынды 2012 жылы жарық көрді.

«Парыз»

Режиссер Жасұлан Пошановтың бірнеше бөлімнен тұратын «Парыз» атты телевизиялық картинасы полиция қызметкерлерінің күнделікті ауыр жұмысын суреттейді. Олар – өз ісінің мамандары, әрқайсысының өз амбициялары, алаяқтарды, ұрлықшылар мен басқа да қарақшыларды ұстаудың тәсілдері бар. Алайда ортақ мақсат – нағыз қылмыскерді анықтау. Картинада басты рөлді – Асанның кейіпкерін Әділ Ахметов сомдайды. Кинолента 2012 жылы көрермендер назарына ұсынылды.

«Анаға апарар жол»

Режиссер Ақан Сатаевтың «Анаға апарар жол» картинасы сюжетінің желісіне бас кейіпкердің қиын сынақтарға төтеп беріп, үйге аман-есен оралуына көмек беретін аналық махаббаттың күші негіз болып отыр. Картинадағы негізгі оқиғалар қазақ халқы үшін қиын-қыстау заманы: ұжымдастыру кезеңі, жұт, әскери және соғыстан кейінгі жылдар көрсетіледі. Бас кейіпкер Ілияс қайтпас табандылық, ерлік, отансүйгіштік пен жанкештілікті паш етеді. Ол тағдырдың жіберген сынақтарынан: балалар үйі, соғыс, тұтқындық пен тұтқындарға арналған лагерьден өтеді. Алайда мұның барлығы оған анасымен қауышуына кедергі болмайды. Дәл осы қайсар Ілиясты актер Әділ Ахметов сомдайды. Картина 2016 жылы қалың көпшілік назарына ұсынылды.

«Томирис»

2017 жылы актер танымал режиссердің кезекті «Томирис» атты картинасында өнер көрсетті. Фильм біздің заманымызға дейінгі VI ғасырдағы оқиғаларды баяндайды. Бұл заманда сақ тайпалары Томирис есімді патшайымның қолбасшылығымен Ұлы даланы басып алмақ болған парсы патшасы ІІ Кирге жойқын тойтарыс бере білді. Қазақстандық актерлер - Альмира Тұрсын, Мұрат Бисембиндермен бірге тарихи туындыда Әділ Ахметов те бас рөлдердің бірін орындайды. Фильмде ол Арғын есімді кейіпкерді сомдайды.

Бұдан бөлек, актер «Лавэ», «Елім-ай», «Жаужүрек мың бала», «Алдар көсе», «Қара шаңырақ», «Сұңқар» сияқты картиналар мен телехикаяларда және басқа да фильмдерде өнер көрсетті.

Белгілі кино және театр актері 2014 жылы мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығына, ал 2017 жылы Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері атағына ие болды.

Автор:  Зарина Смагулова

Фото:  Интернет желісінен алынған

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы