Размер шрифта:

Цветовая схема:

16 маусым, 2021277

Әділхан Ержановтың шығармашылығына шолу

Соңғы жылдары елімізде мемлекеттік тапсырыстан бөлек, өздері авторлық кино түсіріп, түрлі әлемдік кинофестивальдерге қатысып жүрген режиссерлер қатары артып келе жатыр. Солардың ішінде ең танымалы әрі көптеген халықаралық байқаулардың жеңімпазы, «партизандық фильмдердің» авторы – Әділхан Ержанов. Біз бүгін сіздерді осы талантты сценарист әрі режиссердің шығармашылығымен толығырақ таныстыратын боламыз.

Әділхан Ержанов 1982 жылы 7 тамызда Жезқазған қаласында дүниеге келген қазақ режиссері, 2018 жылдан бері Еуропалық киноакадемияның мүшесі.  Ол кішкентайынан шығармашылыққа құмар болып, сурет салумен, комикстар құрумен айналысқан. 1999 жылы «Қозы-Көрпеш және Баян-Сұлу» анимациялық фильміне («Хабар» телеарнасы) арналған үздік сценарий байқауында жеңіске жетті. Сонымен қатар, ол бірқатар басылымдарда жұмыс істеді, онда қазақстандық және әлемдік кинематографиялық процестерді талдаған.

2009 жылы Т.К.Жургенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының режиссерлік бөлімін бітірді. Оның оқытушылары белгілі кино саласының майталмандары Бауыржан Нөгербек, Александр Нилов, Раушан Оспанова, Маргарита Соловьева, Дамир Манабай, Талас Умурзаковтар болды. Ә. Ержановтың сол кездегі дипломдық жұмысы – «Қаратас» фильмі үздік дипломдық жұмыс деп танылды, сонымен қатар Дидар кинофестивалінде үздік актер номинациясымен марапатталды. Әділханның дипломдық картинасы сәл сюрреалистік сипатта болды және қоғамда «Меннің» бар екендігі туралы мәселелерді көтерді. Жас режиссер бұл фильмді триллер жанрында түсірген: қалалық бір жас жігітті әлдебір «зұлымдық» – беті таңылған адам қуып жүреді. Осы картинаға дейін курстық жұмыс ретінде түсірілген «Бақытжамал» фильмі де киногерлер тарапынан жылы қабылданып, 2007 жылы «Еуразия» кинофестивалінде «Үздік режиссер» сыйлығын, сондай-ақ «Шәкен жұлдыздары» кинофестивалінің Гран-приін жеңіп алған болатын.

Ә. Ержанов сценарий жазу өнерімен де көпке танылған. Ол өзі түсірген фильмдердің сегізінің сценарийін өзі жазған. Бүгінде режиссердің авторлық кино қоржынында 12 толықметражды фильм бар. Олардың соңғы екеуі – «Оңбағандар» және «Оқу іздеген Адемока» («Обучение Адемоки») фильмдерінің түсірілімдері аяқталып, қазір пост-продакшн сатысында тұр. Ендеше, керемет киногердің түсірген фильмдеріне жеке-жеке тоқталайық.

«Риэлтор» (2011)

«Риэлтор» фильмі Әділхан Ержановтың Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы және Short Brothers компаниясымен 2011 жылы түсірген алғашқы толықметражды фильмі. Бұл фильмді түсіру мүмкіндігін жоғарыда айтылған «Қаратас» фильмінің жетістігінің арқасында жеңіп алған болатын. Комедия әрі фэнтези жанрындағы картинаның сценарийін режиссер өзі жазған. Ал фильм операторы – Әзиз Жамбақиев, композиторы – Бақытжан Бәйнеш, продюсерлері – Серік Әбішев пен Ольга Хлащева. Басты рөлдерді Дәурен Қасенов, Жан Әлім, Ақерке Қалтай, Курванжан Маметалиев, Айдын Сахамановтар сомдады.

Фильм сюжеті бойынша, Дарик – я болашағы жоқ, я өткені жоқ жүрген бір ақымақ. Ол сиқырдың құдіретімен бірде белгісіз өткенге, бірде белгісіз болашаққа тап болады. Табиғатпен оңаша қала отырып, Дарик өзіне қалада өмір сүруге көмектескен барлық амалдарды қолданып, тірі қалуға әрекеттенеді. Бірақ жапан далада аман қалу үшін, ең алдымен, топтасып өмір сүретін тайпа болуы керек. Фэнтези фильмнің қызық пен қиындыққа толы оқиғасы жерді, табиғат ресурстарын сату мәселелерін көтереді.

Дебюттық туынды болғанына қарамастан, аталған фильм 2012 жылы қазақстандық картиналар ішінен халықаралық фестивальдерде ең көп марапатталған фильм деп танылды. Ол алдымен ресейлік «Киношок-2011» «Дебоширфильм – Чистые грезы-XIV» фестивальдерінің қазылар алқасының арнайы сыйлығымен марапатталды.

Сонымен қатар, фильм VIII Дубай халықаралық кинофестиваліне, бразилиялық Fantaspoa International Fantastic Film Festival 2012 байқауына, VII Халықаралық Еуразия кинофестиваліне қатысып, «Киноликбез» авторлық киноның Халықаралық кинофестивалінің бас жүлдесін жеңіп алды. Ал 2012 жылдың қыркүйегінде «Риэлтор» 22-28 тамыз аралығында Кореяда өткен Азияның 6-шы Cinema Digital Seoul кинофестивалінде White Chameleon сыйлығына ие болып, өзінің алтыншы киносыйлығымен қоржынын толықтырды.

«Құрылысшылар» (2013)

«Құрылысшылар» («Строители») картинасын Әділхан Ержанов өзінің курстас досы, осы фильмнің продюсері болған Серік Әбішевпен бірге «Сорос-Қазақстан» қоры әлеуметтік қысқаметражды фильм түсіру үшін жариялаған байқауда жеңіп алған 10 мың долларлық шағын бюджетке түсірген болатын. 67 минуттан тұратын толықметражды фильмнің сценаристі де, операторы да, монтажын жасаған да жан-жақты режиссердің өзі. Ал қоюшы-дизайнері Ермек Өтегенов, композиторы Александр Сухарев болды. Басты рөлдерді сомадаған актерлер – Рауф Хабибуллин, Ерболат Ержанов, Әлия Зайналова және Бағлан Матенов.

Үлкені жиырма, кішісі он алты жастағы екі ағайынды жеті жастағы қарындастарымен анасынан айрылып қалады, ал әкелері баяғыда қайтыс болған. Оларда бар мүлік – саяжай аумағындағы жер учаскесі ғана, бірақ олар оның өзін бір айдан кейін жоғалтып алуы мүмкін. Өйткені үй салынбаған иесіз жер мемлекет пайдасына тәркіленеді деген заң шықты. Бауырлар кішкентай қарындастарын балалар үйіне өткізгілері келмейді, үйсіз қалып, қаңғыбасқа айналғылары да келмейді. Сондықтан олар бір ай ішінде  үй салып үлгеруі керек. Бірақ басты мәселе – көмектесетін достар мен туыстардың және құрылыс материалдарына ақшаның жоқтығы. Соған қарамастан, ағайындылар кішкентай болса да өз үйлерін тұрғызып алудың жолын табады...

Әлеуметтік мәселелерді, адамның басқа түскен жағдайға қарсы күресетін қайсарлығын ашып көрсететін картина көптеген халықаралық кинофестивальдерге қатысқанымен қазақстандық көрермендер назарына ұсынылған жоқ. «Құрылысшылар» әлеуметтік драмасы Филиппин халықаралық кинофестивалінде Гран-при иегері болды, сондай-ақ 2013 жылы картина APSA-ның аясында NETPAC (Asian Film Promotion Network) арнайы сыйлығын жеңіп алды. Ал 2013 жылы Ержанов пен Әбішев IX Еуразия кинофестивалі аясында өткізілген «Қазақстандық киножобалар нарығы-2013» жеңімпаздары атанды.

«Үкілі кәмшат»/«Хозяева» (2014)

Сценарийін өзі жазып, монтажын да өзі жасаған Әділхан Ержановтың картиналарының бірі – «Үкілі кәмшат» драмасы. Бұл фильм туралы қазақстандық құқық қорғаушы Евгений Жовтис 2014 жылы Адам құқықтары күніне орай ұйымдастырылған арнайы көрсетілімнен кейін «Үкілі кәмшат» қазақстандық шындықтың дәл көрінісі екенін атап өтті. Продюсерлері Серік Әбішев, Ольга Хлащева болған туындының әлемдік  премьерасы  Канн халықаралық кино фестивалінің ресми бөлімінде 2014 жылы мамырда өтті. Фильмге операторлық еткен Ержан Пітіралиев, ал саундтректерін жазғандар – Андрей Дубоделов, Михаил Соколов, Александр Сухарев. Басты кейіпкерлерді Ерболат Ержанов, Айдын Сахаман, Әлия Зайналова, Бауыржан Қаптағай секілді актерлер сомдаған.

Кинокартинаның басты кейіпкерлері –  «Құрыслысшылар» фильміндегідей ата-анасынан айрылған үш бауыр – екі жігіт пен олардың қатерлі ісікпен ауыратын қарындасы. Олар аналары қайтыс болғаннан кейін ауылдағы өздеріне мұраға қалған ескі үйге көшіп келеді. Бірақ үйге кірген түні оларға полияция қызметкері келіп, үйді жақсылықпен босатып, келген жақтарына кетуін сұрайды. Одан кейін Жұба деген ауыл трғыны келіп, үйдің иесі өзі екенін айтады. Үйдің заңды мұрагерлері – Джон, Ербол мен Әлия болса да, полиция Жұбаның сөзін сөйлейді, өйткені ол – ауыл әкімнің жақын туысы. Әділетсіз адамдармен аяусыз күрескен фильм кейіпкерлерінің тағдыры трагедиямен аяқталады.

 «Үкілі кәмшат» режиссердің алдыңғы толықметражды екі картинасы секілді бірнеше халықаралық байқауларға қатысып, марапаттарға ие болды. Қырғызстанның астанасында «Ақ Илбирс-2015» ұлттық киносыйлығы ұйымдастырған іс-шараларда қазақстандық фильм «Орталық Азиядағы үздік фильм» номинациясын жеңіп алды. Сондай-ақ Пусан фильм институты (Оңтүстік Корея) танымал киносыншылардан алынған сауалнама негізінде жасаған «Үздік азиялық фильмдер» тізіміне енді және Азиялық оскар деп аталатын беделді Asia Pacific Screen Awards сыйлығына ұсынылды. Фильм премьерасы Канн фестивалінің аясында көрсетілгеннен кейін Британ киносы институты кинофестивальдің қорытындысына шолу жасағанда қазақстандық фильмді үздік ондыққа кіргізген. Сонымен қатар, картина Торонто, Словакия, Голландия кинофестивальдеріне қатысып, ресейлік «Киношок» фестивалінде кинотанушылар мен киносыншылар гильдиясының «Піл» сыйлығымен марапатталды. Бұдан бөлек, «үкілі кәмшатымыз» Варшава халықаралық кинофестивалінде «Еркін рух» бөлімі бойынша бас жүлдені жеңіп алса, Минскіде өткен 21-ші Листапад халықаралық кинофестивалінде «Әлеуметтік кинодағы эстетикалық максимализм үшін» дипломын, Чикагода фильм өзіндік ерекшелігі үшін «Алтын тостаған» сыйлығын, ресейлік «Ника» киносыйлығын алды.

Әлемдік деңгейдегі осыншама жетістіктеріне қарамастан жоғарыда аталған фильмді (Эмир Байғазиннің «Гармония сабақтары» фильмімен бірге)экс-мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы  «Қазақстанның абыройын түсіретін туынды» деп сипаттаған болатын.

«Қаратас ауылындағы оба» (2016)

«Қаратас ауылындағы оба» («Чума в ауле Каратас») фильмінің жанрын автордың өзі карикатуралық реализм деп анықтайды. «Сорос-Қазақстан» қоры бөлген алты мың долларлық қарапайым бюджетпен түсірілген кинотуынады алдыңғы картиналардай сюрреализмге толы. Фильмге продюсерлік еткендер – Серік Әбішевпен Ольга Хлащева, сценарий авторы әдеттегіше Әділхан Ержановтың өзі, оператор – Едіге Несіпбеков, қоюшы-дизайнер – Ермек Өтегенов, дыбыс режиссері – Илья Гариев. Басты рөлдерді сомдауға Айбек Құдабаев, Нұрбек Мұқышев, Толғанай Талғат, Константин Козлов, Баймұрат Жұбановтар бекітілген. 86 минут экран уақытын алатын фэнтезидің әлемдік премьерасы 45-ші Роттердам IFF (Нидерланды, 2016) кинофестивалінің аясында көрерменге жол тартып, нәтижесінде беделді NETPAC сыйлығын «Ең үздік азиялық фильм» ретінде қанжығасына байлады.

Фильм фюжетіне сәйкес, жаңа әкім – жас жігіт аяғы ауыр әйелімен бірге Қаратас деген ауылға көшіп келеді. Ол жаңа қызметке осы ауылда бас дәрігер болып істейтін әйелінің ағасының көмегімен тағайындалады. Әкім ауылдан біртүрлі таңсық нәрселерді көреді. Айналаның бәрі қаңырап бос тұр, өндіріс орындары босап қалған, ауруханынң ішін су басып жатыр. Бас дәрігер мен бұрынғы әкім ауылды тұмау жайлап жатыр деп сендіреді. Жаңа әкім мұның жай тұмау емес, оба екенін байқап, халықты одан құтқару керек екеніне көзі жетеді. Жағдайды өзгертуге тырысып, өз реформаларын енгізуге тырсықан ол ауыл тұрғындарымен және басқа биліктегі адамдармен жанжалдасып қалады.

Қазақстанда кең прокатқа шықпаған «Қаратас ауылындағы оба» картинасы Анапада өткен ТМД елдерінің, Латвия, Литва және Эстонияның «Киношок-2016» ашық кинофестивалінің «Алтын жүзім» Гран-приін жеңіп алды. Сонымен қатар, 4-ші Якутск халықаралық кинофестивалінде қазылар алқасының арнайы сыйлығына ие болды. Сондай-ақ Чебоксары IFF, 5-ші Нью-йорк Еуразия фильм фестивалі, 12-ші Еуразия IFF секілді байқауларда әртүрлі номинациялармен марапатталды.

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы