Размер шрифта:

Цветовая схема:

19 мамыр, 202062

Актер Санжар Мәди жаңа фильмдердегі образдары жайында

Биылғы жылы қазақстандық көрермендер талай жаңа отандық картиналарға қанық болмақ. Олардың кем дегенде төртеуінде танымал актер Санжар Мәдидің ойнын тамашалайды. Фильмдердегі образдары жайында кино майталманы Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығымен өткізген онлайн әңгіме барысында айтып берді.

Талай халықаралық кинофестивальдерде топ жарып, жүлделі болған режиссер Әділхан Ержановтың «Бой Атбая» фильмі дала жекпе-жегіне қатысуға ниеттенген дала қарақшысы Атбайдың (актер Данияр Алшынов) хикаясынан сыр шертеді. Жарыста барлығы шешулі, алайда, Атбай артқа шегінер емес. Қалай болғанда да жеңіске жетіп, жаңа өмір бастамақ. Ал, фильмде Атбайдың рингтегі басты қарсыласы Рафаельді Санжар Мәди сомдайды. Актердің айтуынша, оның кейіпкері біздің заманда кеңіңен тараған «архетип», ақыға бір іс жасайтын кез келген адам. Оның ойынша, қазір ондай жандар әлеуметтік желіде көбейген.

«Кейіпкерді сомдау қиын болмады. Себебі, менің ақыға қызмет ететін достарым көп. Үлкен қиындық әсіресе, физикалық жағынан болды. Өйткені кейіпкер маған мүлде ұқсамайды. Біздің көрермен стереотип бойынша актердің өзіне ұқсайтындай кейіпкерлерді көріп үйренген. Егер сен кеңсе қызметкеріне ұқсасаң, міндетті түрде соның рөлін ойнау керектей боласың. Біздің режиссерлер де соңғы 9-10 жылда байқауымызша, солай жұмыс істейді. Кейіпкер типажына ұқсатып алады. Әділхан бұл жүйені бұзды. Ол үшін оған құрмет білдіремін. Себебі ол мені сол бұғаудан алып шықты. Мен ары қарай да енді банк қызметкерлерін, ерке балаларды ойнай беремін деп ойладым. Шын айтса, мұндай рөлдер жалықтырады. ММА боксшысының рөлі бар деп хабарласқанда, мен келістім. Барымды салып, дегенімді жетемін дедім. Себебі, бұл армандауға тұрарлық рөл. Ұсыныс түскенде дайындыққа небары үш-төрт апта уақыт қана болды. Одан кейін түсірілім жұмыстары басталуы керек болатын. Қосымша түсірілім арасында да дайындалатын уақытым болдым. Себебі күн-ара түсірдік», - деп бөлісті актер.

Осы кезден бастап ол қызу дайындыққа кірісті. Кешкі жаттығуларға жазылды, арнайы массаждарға барды, бокс, джиу-джитсулармен айналысты. Тіпті диеталық тағамға да көшкен екен.

«Өзіме 2800 калориялық диетаға тапсырыс бердім. Оны табу қиын болатын. Себебі, дұрыс тамақтанумен айналысатын барлық компаниялар 1200, асаса 1500 калориямен ғана жұмыс істеді. Ақыры керекті мөлшердегі диетамен тамақтандыратын компанияны таптым. Маған күнделікті үш пакет тамақ әкеліп отырды», - деді ол.

Актер бұдан бөлек, режиссер Әділхан Ержановтың тағы бір жаңа картинасында бой көрсететін болады. Фильм атауын айтпады, алайда кейіпкерінің образын барынша ашып берді.

«Мен картинаның бір секундын да көрген жоқпын. Қалай болып шыққанын білмеймін. Алайда, кейіпкерім тағы да актердің арманы десем болады. Әділхан екеуіміздің әңгімеміз қысқа. Ол кезекті рет хабарласып, рөл бар дейді, мен келісемін деймін. Сонымен болды. Ол да қандай рөл екенін айтпайды, мен де кімді сомдайтынымды сұрамаймын. Бұл жолы да солай болды. Бар болғаны - саған ұнайтын болады деді. Мен келісетінімді айттым. Бұл фильмде мен дөрекі адамның рөлін сомдаймын. Кейіпкер қасқабас келген, толықша, иықтары жіңішке, қарны біраз қампиып келе жатқаннан еңкіш жүреді. Әрі оның қуықасты безі бар-тын. Себебі фильмде оның 5-6 минут сайын дәретханаға жүгіретінін көрсетеміз. Бұл мүлде эмоциясыз адам. Суықанды, жыртқыш десе де болады. Кейіпкердің дауысы өте зор. Фальцетпен сөйлейді, әрі қазақ тілінде. Оны сомдай отырып, керемет әсер алдым», - деді Санжар Мәди.

Актер рөл сомдайтын тағы бір жаңа туынды - «Большая маленькая жизнь» атты фильмдегі спортшының рөлі. Бұл картинада ол Жандос Айбасов, Әсел Қалиевалармен бірге өнер көрсетеді.

«Мен «Барыс» командасының бұрынғы хоккейшісін сомдаймын. Мен үшін бұл рөл де өте қызықты. Себебі осыған дейін спорттық рөлдерім болған емес. Сондай спорттық деп айта алмаймын, бірақ мұзға шығып, хоккейшілермен ойнайтын көріністерім бар. Кейін бұл команданың жаттықтырушысы боламын. Фильмде түрлі хронологиялық үзінділер көрсетілген. Яғни, кейіпкерлердің осы шаққа дейінгі кезеңдері суреттеледі. Атауына сәйкес мұнда үлкендер өмірімен бірге балалар драмасы да бар. Жандос хирург дәрігерінің рөлін ойнайды, мен болсам басты кейіпкер үшін бір жағымсыз флешбек іспеттімін. Енді бірде оған қиындықты жеңуге көмектесіп, баласына демеу беремін», - деп бөлісті актер «Большая маленькая жизнь» фильміндегі кейіпкері жайында.

Санжар Мәди сонымен қатар, Нұртас Адамбаймен де бірге бір жобада өнер көрсетеді. Актердің айтуынша, олар «Я – жених» атты туындысынан кейін келесі фильмде Санжар Мәди басты рөлді сомдайды деп уағдаласқан еді. Сөйтіп «Әкімнің» рөлі Санжардікі болуы тиіс-тін. Алайда, Нұртас өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жүргізген дауыс берудің нәтижесінде бұл рөл оның өзіне бұйырған деп күледі Санжар. Дей тұрғанмен, көрермен актерді «Келинка Сабина» комедиялық картинасының үшінші бөлімінен тамашалай алады.

«Нұртас хабарласып, «Келинка Сабинада» рөл бар деді. Мен одан: «ол кейіпкердің маған жарайтынына сенімдісің бе?» деп сұрадым. Ол бұл рөлде менің өз-өзімді ойнайтынымды айтты. «Сенің кейіпкерің келінге ғашық болады» деді. Біз барлығын киноның маңайында түсірдік, яғни фильмнің ішінде фильм түсірдік. Мен сценарийді оқығанда маған ол көңілді көрінді. Мұндайды күтпеген едім. Бүкіл фильмді айта алмаймын, себебі бір көрініп, бір жоқ боламын. Бірақ мен түсетін көріністер өте күлкілі. Түсіру алаңында өте көңілді еді, сондықтан өзімізді-өзіміз ұстауымыз керек болды. Қиындығы да сонда болатын. Негізінен рөл өте қызықты», - деді ол.

Санжар Мәди енді бір қазақстандық продюсер Нұрлан Қоянбаевпен бірге бір кинотуындыда ойнайды. Түсірілімдер АҚШ-та жүргізілген екен. Актер бұл күтпеген жағдай болғандығын айтады. Себебі штаттарға басқа мақсатпен барған екен. Сөйтіп ол жақта Нұрлан мен Еркен Ялгашевтермен кездесіп, Лас-Вегаста бір көріністер түсіру идеясы туындайды. Алғашында бір картинаның тизерін түсіріп жатырмыз деп ойлаған актер, «Схватка» картинасының трейлерін көргеннен кейін осы фильмге түскендіктерін түсініпті.

«Схватка» - бұл әзірге толық нұсқадағы картина емес. Фильм түсірілімдері Америка, Қазақстан және Ресейде жүргізілген әрі ережесіз жекпе-жек айналасында жасалған. Бірақ бұл коммерциялық хикая болып келеді», - деді актер.

Қазір танымал актер скринлайф форматында қысқаметрлі картинамен айналысуда. Оны түсіруді осыдан үш аптадай уақыт бұрын жоспарлаған екен. Алайда, сценарийге келгенде тәжірибе жүзінде скринлайф жанрында оны жазу қиынға соққанын айтады. Қазір ол актерлер - Ерден Телемисов және Асқар Ілиясовтармен бірге осы бағытта жұмыстар атқаруда. Айтуынша, сценарийдің 70-80 пайызын жазып та қойған, жуырда аяқтауға тырысып, дәл осы жанрда фильм түсіріп көреміз деп отыр.

«Ол аса қаржыны қажет етпейді. Мен біреуден ақша алып немесе тез арада түсіргім келмейді. Себебі кейін оның неліктен дұрыс шықпағанын немесе дұрыс түсірілмегенін айтып, ақталғым келмейді. Киноға режиссер ретінде 90 болмаса да, 70 пайыз сенімді болғанымды түсінген кезде келермін», - деп бөлісті Санжар Мәди.

Автор:  Зарина Смагулова

Фото:  baigenews.kz

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы