Размер шрифта:

Цветовая схема:

14 мамыр, 202076

Актерлік мамандықтағы 5 миф

Көрермен тамашалайтын фильмдердегі сүйікті актерлеріне, сомдайтын образдарына қарап олардың мінез-құлқы мен өмір сүру стилін кинодағыдай деп қабылдайтыны жасырын емес. Бірақ бұл актерлердің жеке өмірі үшін біраз қолайсыздық тудыратыны рас. Актерлік мамандық туралы біз бен сіз біле бермейтін қандай құпия сырлар мен аңыздар бар? Бірге саралап көрелік.

Кейде актерлік мамандық көптеген құрбандықтарға баруға, әртүрлі қиындықтардан өтуге мәжбүр етеді. Халық сені үлкен экрандарда тамашалағаннан кейін, сен олар үшін қандай да бір “келбет” болып қалыптасасың. Көптің назарында болғаннан кейін актерді талқылайды, пікір білдіреді тіпті кейде оған мін тағып, сынап та тастауы мүмкін. Актердің кинофильмдегі сомдаған образдарын байқап, оны өмірде де солай деп қабылдап жатады. Танымал актерлердің берген сұхбаттарын тамашаласаңыз, олар көбіне балаларының актерлік жолды таңдамағандығын қалайтындығын жеткізіп жатады. Мүмкін болса, бұндай жолдан бас тартуларын сұрайтынын жасырмайды. Мұндай кезде, қарапайым жандарды бір ғана сауал қызықтырады. Неліктен? Неліктен олар осы жолда талай жетістіктерге жетсе де, қаншама тұғырларды бағындырса да өз ұрпақтарының бұл жолға түсуін қаламайды? Актерлік мамандықты емес басқа кәсіпті өз балаларына тілейтін актерлер нені жасырып қалады? Өнердегі жұлдыздардың әрқашан жарқырап жүретінін бақылайтын көрермен олардың өмірі ертегідей деп ойлайтыны рас. Бірақ ол тек сахнаның бергі жағы ғана. Ал шын мәнінде күнде күліп жүру мен табысты кейіп танытатын әртістердің құпиясын саралап көрейік.

 

1-Миф. Актерлік – шығармашылық мамандық

 

Өнердегі жан әрқашан еркін адам. Актер өзіне берілетін рөлдерді, режиссерлер мен фильмдерді таңдауға, сараптауға мүмкіндігі бар. Ол жаңа жоба үшін жұмыс істей ме, демалыс алады ма ол өз еркі. Шын мәніне келсек, бәрі де бұлай еркін емес. Актерлік дегеніміз ондай қатты  тәуелсіз мамандықтардың қатарына жатпайды. Тіпті көпке белгілі танымал актерлердің өзі рөлдерді көп таңдай бермейтіндіктерін айтады. Бұл жағдай тек біздің отандық әртістерге ғана емес, шетелдік актерлерге де қатысты. Актерлердің тек аз ғана бөлігі рөлдерін еркін таңдай алады, ал ол үшін олар режиссерлердің сүйікті актері немесе нағыз профессионал болуы шарт. Ал басқа көптеген әртістер, ал олардың қатарында енді бастаған дебютанттар да, көп еңбек еткен ардагер әртістер де бар. Өкінішке орай, олар бұйырған рөлге келісуге, берілген кейіпкерді сомдауға мәжбүр. Себебі олар үшін бұл жолды тұрақты табыс көзі деп айту қиын. Сол үшін де әртістер қосымша табыс көзі ретінде басқа да кәсіптерді қолға алып, жүргізуге мәжбүр. Ал киногерлер мен режиссерлер, кастинг директорлар актерді жобаларға жүйелі шақыра бермейді. Кей уақыттарда актер тіпті жұмыссыз қалатын кездер де болады. Кез-келген рөлге келісе кету үшін де өзіңнің принциптерің мен ережелеріңе қарсы шығуға да тура келетін кездердің болатынын жасырмайды актерлер. 

Егер актер рөлді басқаша көрсе, ал режиссер мүлде бөлек дүниені көрсетсе туындының шикі шығатыны анық. Сол үшін де кей уақыттарда актер бір ымыраға келіп, режиссермен де, түсірілім тобымен де тату-тәтті тұруды үйрену қажет. Актер өз өмірі мен кәсібін араластырмау қажет. Жеке өмірінде көптеген проблема мен мәселелер болса да, экранда көтеріңкі көңіл-күйді көрсете білуі қажет. Сол себептен кей уақытта актер өз сезімдерін жасыруды да үйренуі қажет.

 

2-Миф. Актер үшін атақ-даңқ екінші орында

 

Әйгілі, көпке танылған сұраныстағы актер болу әрбір өнер адамының мақсаты болса керек. Шын мәнінде, әрбір актер халықтың ортасында болуды, олардың қошеметіне бөленуді қалайды да, армандайды да. Себебі сол үшін жұмыс істейді. Алайда атақ-даңқтың да жақсы мен жаман жағы болады. Иә, бір жағынан әртістер үшін танымалдылық толағай табыс пен көрерменнің үлкен махаббатын сыйлайды. Бұл актердің жұмысы бағаланды, оның еңбегі ақталды дегенмен тең болса керек. Әйтсе де, бұл жағдайды келесі тұсынан қарап көрелік. Яғни, екінші жағынан өнер адамының жеке өміріне деген тым жоғары қызығушылық пен шектен шыққан этикалық нормалар. Оның не киіп, не жейтіні, кіммен дос болып, қай жанмен араздасқанын, тіпті кей жанкүйерлер сүйікті әртісінің таңғы асқа не жеп, қай дүкеннен қандай азық-түлік алатынына дейін біліп алатыны жаңалық емес.  Иә, егер актер табысты әрі танымал болуды мақсат тұтса, мұның барлығына дайын болуды және төзе алауы шарт.

Өнер адамы халық арасында қаншалықты белгілі болса, соншалықты ол жоғары дәрежедегі атағын алып жүруге міндетті. Әрқашан көптің көңілінен шыға білу қажет. Бірақ кейде халық арасында тарайтын сөздерге байланысты кей әртістердің репутациясына нұқсан келуі, тіпті олардың отбасыларының бұзылуына дейін баруы мүмкін. Жоғарыда айтылған ойларды қорытындылай келе, әрбір актер кәсібіне қатысты екі қағидатты армандайды: шығармашылық даму және интеллигентті қарым-қатынас.

 

3-Миф. Актерлік мамандықта күрделі ештеңе жоқ

 

Келесі миф актерлік жұмыстың жеңіл екендігі туралы. Иә, көп адам бұл мамандықты ең оңай кәсіптердің бірі деп ойлайды. Әдеміленіп киноға түсесің, танымал боласың, жанкүйерлер сені жақсы көреді және де ең бастысы осының барлығы үшін саған қаржы төленеді. “Бұл деген бір керемет жұмыс қой”, - деп ойлайды басқалар. Алайда сіз екі сағаттық спектакль үшін актер қанша көлемдегі мәтінді жаттау керек екенін білесіз бе? Тек жаттап қана қоймай, оны түсіне білу қажеттігін, қай жерде пауза жасап, партнерге қалай және қашан жауап беру керектігін білуі қажет. Техникалық не басқа да мамандықтарда жұмыскерлерге жақсы нәтиже шығу үшін белгілі-бір құрал-саймандар, техника мен әртүрлі аспаптар керек болады. Ал актер үшін сахнадағы құрал-сайманы - өзі ғана. Ол жақсы қойылым қою үшін барын салады, өзінің эмоциясын, жүйкесі мен сезімін бір арнаға тоғыстыруы шарт. Мұның бәрі актер үшін таптырмас көмекші.  Актер қойылым үшін өзін қолданады. Егер ол сахнада барлық 100 пайызға берілсе, нәтижесінде бойындағы барша энергиясын жұмсайды. Мәселен, Владимир Высоцкий әрбір “Гамлет” қойылымнан кейін бірден екі - үш килограммға салмақ тастаған.

Қазіргі таңда көп көрермен сериал мен кинофильмдерді бір сарынды, бір-біріне ұқсас деп айтып жатады. Бірақ сонда да, тіпті осындай жобаларда да актер үшін талап жоғары болып келеді. Олар үшін кішігірім рөлдің өзі де үлкен бір жұмыспен тең. Нағыз актер кейіпкерін бар жан дүниесімен сезіну арқылы ғана шынайы сомдай алады. Берілген рөлді өзі арқылы өткізіп, кейіпкердің белгілі-бір жағдайда неліктен бұлай жасап жатқандығын, оның іс-әрекеттерінің негізгі мақсатын түсіне алуы қажет. Сонда ғана көрермен сахнадағы қойылымға сене алады. Ал ол тек санаулы профессионал актерлер үшін жеңіл болғанымен, енді ғана дебют жасаған немесе даму жолындағы өнер адамдары үшін үлкен баспалдақпен тең. Олар соның жолында күндіз-түні талмай еңбектенетіні рас.   

 

4-Миф. Актерлер үлкен табыс табады

 

Кей жандар әртістердің қаламақысы алтылық нөлдерден басталады деп ойлап жатады. Шындығына келер болсақ, Голливуд әлеміндегі әртістерді біздің өнердің адамдарымен шатастырмау қажет. Иә, ол жақтың актерлерінің расында да осындай үлкен қаламақы алатыны жасырын емес. Әлемдік ең үздік дәулетті жандардың табысын санап үйреніп қалған “Форбс” журналы алғашқы қатарлы әртістердің бір фильм үшін алатын табысы 20 миллион АҚШ долларынан асып жығылатынын айтады. Ал көрші Ресей елінде жағдай біршама өзгеше. Ресейлік актер мен акатрисалар бір күндік түсірілім үшін 8 мыңнан 10 мың АҚШ долларына дейін қаламақы алуы мүмкін. Ал біздегі жағдай мүлде бөлек. Отандық өнер адамдарының сөзіне сенер болсақ, елдегі актерге бір жобадан берілетін қаламақы 3-5 жыл бұрынғы табыс көзіне қарағанда біршама өскен көрінеді. Дегенмен де, ол тіпті ресейлік актерлердің табысына да жетпейтінін жасырмайды әртістер. Қазақстандық актердің жобадағы табысының жоғары болуы бірнеше категорияларға байланысты. Ең алдымен актердің қаншалықты танымал болуы үлкен әрі маңызды рөл ойнайды. Ел танитын әртісті кинода түсіру қашан да ұтымды. Екіншіден, әртістің статусы. Ол кәсіби білім алған профессионалды актер ме, әлде актерлікті өздігінен үйренген бе. Бұл да аса маңызды дүние. Ал үшіншіден, әртістің мінезінің өжеттілігінде. Оның принциптері мен ережелеріне мықты болуында. Егер ол қайсар мінезінің арқасында өзіне қажетті қаламақыны сұраса, оған сол сумманы беруі де  мүмкін.

 

5-Миф. Атақты актер болу үшін тек талант қана қажет

 

Ал егер оған тағы әдемі сырт-келбет болса, тіптен танымал болу жеп-жеңіл. Шын мәнінде, бір де басқаша. Актерлік мамандық көпфакторлық кәсіп. Әртіс тек бір ғана талантпен шектелмеуі шарт. Оның бойында қызықты типаждағы сырт-келбет, харизма, ерекше сүйкімділік, пластика, қойылған профессионалды дауыс және сапалы білім болуы керек. Бірақ жоғарыда айтылып кеткен қасиеттердің өзі де актерге танымалдылық пен зор табысты толық қамтамасыз етеді деген сөз емес. Бұдан бөлек әрбір кәсіпке қажет дүние – сәттілік керек. Жақсы режиссер актердің бойынан талантты байқап, ол жақсы жобада жақсы рөлді ұсынуы үшін де дәл осы сәттіліктің болуы қажет.  Бұларсыз ештеңе де болмас.

 

Қорытындылай келе, актерлік мамандық түсіне білген жан үшін өте ерекше екені анық. Әрбір кәсіптің өзіне сай қиындықтары мен қызық тұстары болатыны сияқты, бұл әлемнің де біз бен сіз біле бермейтін қыр-сырлары жетерлік. Ең бастысы, бұл шығармашылық мамандық біздің мәдениетіміздің бір нышаны болып қалады. Өткенге тарих, келерге үлгі болатын да дәл осы шығармашылық әдемі кәсіп. Тек оны түсіне біліп, құрметпен қарауымыз шарт.

Автор:  Уйсунбай Жаннура

Фото:  Arnapress.kz

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы