Размер шрифта:

Цветовая схема:

21 желтоқсан, 2021454

Қазақ киносы-2021: әлемдік марапаттарға ие болған отандық фильмдер

Биыл 2021 жыл қазақстандық кино үшін жағымды жаңалықтарға толы сәтті жыл болды. Қазақ фильмдері қол жеткізген жетістіктер, халықарлық марапаттар мен мойындаулар – отандық киноиндустрияның үздіксіз дамып жатқанының дәлелі. Ендеше осы жылға қорытынды жасап, отандастарымыз түсірген картиналардың қандай халықаралық марапаттарға ие болғанына шолу жасайық.

Әлем киногерлерінің назарын жаулаған қазақстандық кинотуындылардың арасында көркем және деректі фильмдер де, қысқаметражды картиналар да, сондай-ақ веб-хикаялар да бар. Ең алдымен халықаралық фестивальдерден түрлі жүлделерге ие болған толықметражды көркем картиналарға тоқталайық.

Көркем фильмдер

2021 жыл қазақстандық авторлық киноның айтулы өкілі Әділхан Ержанов үшін әдеттегідей жеңіске толы болды. «Атбай шайқасы» картинасы – киногердің 2019 жылы жарыққа шығарған көркем фильмі. Алғашқы жүлдесін -ткен жылы қанжығасына байлаған драма биыл да көптеген жетістіктерге жетті. Ол осы жылдың басында Барселонада өткен Around International Film Festival-де «Көрермен көзайымы» сыйлығын жеңіп алды. Ал фильмнің басты кейіпкерін сомдаған  Данияр Алшынов Атбай образы үшін Нью-Йорктегі IMDB байқауында «Үздік драма актері» деген атаққа ие болды. Ә. Ержановтың Д. Алшынов қатысқан  2019 жылғы тағы бір туындысы  «Қап-қара адам» картинасы Бішкекте Қырғызстанның IX Ұлттық «Ақ ілбірс» кинобайқауында «Орталық Азиядағы үздік фильм» деп танылды. Сондай-ақ режиссердің 2020 жылы Таллинде тұсауы кесілген «Ұлболсын» кинотуындысы беделді Asian Movie Pulse сайты құраған соңғы онжылдықтағы ең үздік алпыс азиялық фильм тізіміне енді. Одан бөлек, Ержановтың 2020 жылы жарыққа шыққан «Сары мысық» драмасы  Брюггеде өткен халықаралық Bruges International Film Festival-де үздік фильм атанды. Сонымен қатар дәл осы фильм біздің елден Қазақстанның Оскар комитетінің шешімімен беделді «Оскар» Академиясы сыйлығының «Шет тіліндегі үздік фильм» номинациясы бойынша байқауға ұсынылды. Соңғы аталған екі картинаны да көрермен қауым ресейлік Кинопоиск платформасынан тамашалай алады.

Екі жыл бұрын киносүйер қауымға жол тартса да, әлі де әлемдік киногерлердің назарынан тыс қалмай келе жатқан туындылардың бірі – «Жаным, сен сенбейсің» комедиясы. Биыл Ернар Нұрғалиевтің осы фильмі батыстың танымал Rotten Tomatoes сайтынан «балғындық сертификатын» алды. Қазіргі таңда экшн-комедия 93% «балғын» деп бағаланған, ал картинаға жазылған 15 рецензияның 14-і оны жақсы фильм ретінде сипаттаса, біреуі ғана нашар түсірілген туынды деп бағамдайды. Сонымен қатар қазақстандық комедия қазан айында канадалық Toronto After Dark фестивалінде «Үздік актерлік құрам», «Үздік түпнұсқа фильм» және «Бірге көруге арналған үздік фильм» аталымдары бойынша жеңімпаз деп танылды. Ал қараша айында Жапонияда өткен Rising Sun халықаралық кинофестивалінде «Үздік сценарий» номинациясы бойынша үздік атанды.

Ал енді тарихи фильмдердің жетістіктеріне тоқталар болсақ, Ақан Сатаевтың «Томирис» фильмін атап өтпеу мүмкін емес. Ол 12 мамырда Мәскеуде өткен  кинематографиядағы үздік трюктер үшін берілетін ресейлік «Альтер ЭГО» каскадерлер гильдиясының жыл сайынғы байқауында «Үздік шетелдік каскадерлік фильм» номинациясын жеңіп алды. Одан бөлек, тарихи фильм 3-ші қыркүйектен бастап Түркияның 200-ден астам кинотеатрында көрсетілді. Картинаны таратқан дистрибютерлік компания Siyah Beyaz Movies атты түрік компаниясы болды.

Шын оқиғаның желісімен түсірілген «Мәриям» фильмі үшін Шәрипа Оразбаева Лондонда өткен 22-ші Rainbow Film Festival-де «Үздік әйел режиссер» аталымын жеңіп алды. Ал осы фильмде өзін ойнаған Меруерт Саббусинова Бангладеште өткен Дакка халықаралық кинофестивалінде «Үздік әйел рөлі» жүлдесін қанжығасына байлады.

Халықаралық марапатқа ие болған қазақстандық әйел режиссерлер қатарында Эля Гильман да бар. Оның «Күнбағыс» картинасы былтыр да біраз биіктерді бағындырған болатын. Ал осы жылы Санкт-Петербургте  өткен White Nights Film Festival байқауында қазылар алқасының арнайы жүлдесін жеңіп алды. Сонымен қоса, картинаның басты образын сомдаған Еркебұлан Дайыров сол рөлі үшін Cannes World Film Festival-де «Ең үздік азиялық актер» деген атақпен марапатталды. Жалпы алғанда аталған фильм қазірдің өзінде 16 халықаралық кинофестивальге қатысып, әртүрлі номинациялар бойынша 25-тен астам жүлдеге ие болған.

Тек отандық актерлер ғана емес, актрисаларымыз да шетелде ең үздік деп бағаланды. Биыл көктемде Канн кинофестивалінің лауреаты Самал Еслямова мәскеулік «Ника» кинофестивалінде «Үздік әйел рөлі» жүлдесін Сергей Дворцевойдың «Айка» (2019) фильміндегі басты рөлі үшін жеңіп алды.

Ал енді әлемдік премьерасы биыл ғана болған, су жаңа картиналардың жетістіктерін атап өтейік. Олардың қатарында оқ бойы озық тұрған картина – Айжан Қасымбектің «От» фильмі. Ол XXVII Минск халықаралық «Листапад» кинофестивалінде қатарынан «Үздік режиссер» және «Үздік музыка» жүлделерін олжалады. Сонымен қатар, осы кинотуындының басты рөлін сомдаған Төлепберген Байсақалов үш бірдей фестивальдің қорытындысы бойынша үздік актер атанды. Олар – Ресейдің Сочи қаласында өткен X Russian British Sochi international film festival & Awards 2021 байқауы («Үздік ер адам рөлі»); Лос-Анджелестегі Asian World Film Festival фестивалі («Үздік актер»); Singapore International Film Festival-дің Asian Feature Film Competition бағдарламасы («Үздік ойын»).

Естеріңізде болса, қараша айында қазақстандық кино бірден поэзия туралы екі туындымен толыққан болатын. Бірі – Дәрежен Өмірбаевтың поэзияны жанына серік еткен шығармашылық адам туралы «Ақын» фильмі болса, екіншісі – Болат Қалымбетовтың Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығына орай түсірілген «Мұқағали» картинасы. Қуанышқа орай, қос картина да тұсауы кесілген бойда халықаралық киносүйерлердің оң бағасына ие болды. Дәрежан Өмірбаев аталған фильмі үшін  34-ші Токио халықаралық кинофестивалінің конкурстық бағдарламасына қатысып, «Үздік режиссер» жүлдесін, «Мұқағали» көркем фильмі Таллинде өткен 25-ші «Қараңғы түндер» кинофестивалінде (PÖFF) қазылар алқасының жүлдесін жеңіп алды.

Қысқаметражды фильмдер

Халықаралық байқауларда мойындалған отандық киноөнімдер арасында толықметражды көркем фильмдерден кейін қысқаметраждардың саны басым.

Алдымен әлемдік марапатқа ие болған әйел киногерлердің жетістіктеріне тоқталайық. Осы жылдың сәуір айында режиссер Кристина Михайлованың «Альгиз» қысқаметражды фильмі «Циолковский» халықаралық кино және ғарыш кинофестивалінің президенті Игорь Угольниковтың арнайы жүлдесін жеңіп алды. Ал Жанат Алшанованың «Өркениет тарихы» қысқаметражды фильмі Польшада өткен Zubroffka Short Film Festival-де арнайы жүлдеге ие болды. Одан бөлек, режиссер Шұғыла Сержан түсірген «Анамның аты – бақыт» қысқаметражы Бішкек қаласында өткен ТМД елдері жас кинематографтарының IX «Үміт» форумының бас жүлдесін қанжығасына байлады. Режиссер Әсел Аушакімова түсірген «Полиция жолдас» қысқаметражды фильмі де Германияның Котбус қаласында өткен халықаралық Котбус кинофестивалінің қысқаметражды фильмдер байқауында арнайы жүлдені алып, көңілімізді қуантты. Сондай-ақ биыл Дарина Манапованың «Қашу» фильмі Грузияда өткен Батуми халықаралық қысқаметражды фильмдер фестивалінде Special Mention of festival direction сыйлығын олжалады.

Қазан айында «Жібек жолының інжу-маржаны» ХІІІ Ташкент халықаралық кинофестивалінде Айдана Бауыржанқызының «Әке, ән айтып берейік пе?» фильмі «The role which won the kindness of the juries» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды. Сонлай-ақ дәл осы картина желтоқсан айында Оңтүстік Кореяда өткен Gimpo халықаралық жастар кинофестивалінде «Үздік фильм» номинациясын жеңіп алды.

Қос бірдей әлемдік марапатты қанжығасына байлаған қазақстандық қысқаметраждар қатарында Нұрбол Ерболұлының «Түймесі» мен Райымбек Әлжановтың «Мергені» де бар. «Түйме» қыркүйек айында «Қырғызстан – қысқаметражды фильмдер елі» ТМД, Балтық және Грузия елдерінің Х халықаралық кинофестивалінде «Классикалық кино дәстүрін лайықты жалғастырғаны үшін қазылар алқасының ерекше атап өтуі» дипломына; қарашада Санкт-Петербургте өткен 10-шы халықаралық «Галактика 35 мм» кинобайқауында бас жүлдеге ие болды. Ал Әлжановтың қысқаметражы Түркияда өткен GOLDEN WHEAT AWARDS кинофестивалінен «Үздік режиссер» және «Үздік операторлық жұмыс» номинацияларымен; Шэньчжэнь (Қытай) халықаралық кинофестивалінде «Үздік триллер» марапатымен оралды.

Айрықша атап өту керек тағы бір қысқаметраж – «Ирина Қайратқызы шоуы» медиажобасының негізін қалаушы және продюсері Қуаныш Бейсековтің дебюті «Шоқан» картинасы. Оның бұрынғы отандық кинотуындылардан ерекшелігі – фэнтези элементтерінің болуы және оқиғаның технологияға толы болашақта орын алуы. Бұл 23 минуттық фильм де шетелдік жүлдеден құр алақан қалған жоқ. Ол Оңтүстік Кореяда өткен Чунчон кинофестивалінде  «The Vision of Chuncheon» аталымы бойынша сыйлық пен 1 миллион корей воны көлеміндегі ақшалай марапатты жеңіп алды.

Веб-хикаялар

Веб-хикая – елімізде енді етек алып келе жатқан жас жанрлардың бірі. Отандық киносүйер қауымға бүгінде Salem Social Media компаниясы өндірген веб-хикаялар кеңінен таныс. Компания түсірген сериалдардың әрқайсысы миллионнан аса қаралым жинап қана қоймай, халықаралық додаларда да бағын сынап жүр. Әзірге әлемдік фестивальдерге қатысып, олжалы оралған екі веб-хикаямыз бар. Бірі – биыл тұңғыш рет Қазақстан атынан CANNESERIES-2021 байқау бағдарламасына енген Айтөре Жолдасқалидың «Шекер» хикаясы. Ол Каннда топ жармаса да, Пусанда өткен ASIA CONTENTS AWARDS (ACA) фестивалінде «Үздік қысқаметражды фильм/веб-драма» номинациясында жеңіске жетті. Екінші веб-хикая – Salem Social Media мен Art Dealers продюсерлік компаниясы түсірген «Мыстан» экшн-драмасы. Ернар Нұрғалиевтің әйелдердің әлеуметтік мәселелерін көтерген картинасы алдымен Realist Web Fest III халықаралық фестивалінде қазылар алқасының арнайы жүлдесін қанжығалап, қуантты. Кейін  Webfest Berlin (Германия) халықаралық фестивалінде «Үздік драмалық қысқа сериал» номинациясы бойынша үздік атанды. Одан бөлек, веб-хикая Испаниядағы Bilbao International Digital Webserie Festival-де «Үздік операторлық жұмыс» жүлдесімен марапатталды.

Деректі фильмдер

Қазақстандық деректі фильм саласындағы біз үшін биылғы ең үлкен жаңалық Катерина Суворованың «Ертең теңіз» («Sea tomorrow») толықметраж фильмінің Netflix стрим платформасына шығуы болды. Әлемдегі ең ірі әрі ең танымал алаңда көрсетіліп жатқан тұңғыш отандық туыныдының премьерасы 2016 жылдың тамыз айында Локарно халықаралық кинофестивалінде өткен. Кинорежиссер Катерина Суворованың жетістігі тек бұл ғана емес, ол сондай-ақ Қазақстандағы әйелдердің мүмкіндіктерін кеңейтуге қатысты өнер туындылары үшін #HänHonor халықаралық гендерлік теңдік сыйлығымен марапатталды.

Бұдан бөлек, Арсен Баяновтың «Алматинский регтайм. Бумеранг» деректі картинасы Нью-Йоркте өткен «Viewers Choice Awards | The BeBop Channel» байқауында «Көрермен таңдауы» сыйлығын жеңіп алды. Ал Бану Рамазанованың «Кедергілерді жеңу» деректі фильмі түркиялық Андромеда кинофестивалінде қазылар алқасының арнайы жүлдесін иеленсе, Голливуд кинофестивалінде Qazaq - The History of Golden Man деректі фильмі «Үздік музыка» (Еділ Құсайынов) номинциясы бойынша жеңімпаз атанды.

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы