Размер шрифта:

Цветовая схема:

03 тамыз, 202071

Almaty Film Festival кинофестивалі келесі жылға шегерілді

Almaty Film Festival Халықаралық кинофестивалін өткізу мерзімі 2021 жылға ауыстырылды. Бұл туралы ұйымдастырушылар фестивальдің әлеуметтік желідегі ресми парақшасында мәлім етті.

2019 жылдан бері ұйымдастырылып келген Almaty Film Festival Халықаралық кинофестивалі биылғы жылы үшінші рет өткізілуі керек-тін. Алайда әлемге тараған індеттің салдарынан бұл шара келесі жылға шегеріліп отыр.

«Елімізде орын алған жағдайға байланысты біз Almaty Film Festival III Халықаралық кинофестивалінің 2021 жылға ауыстырылғаны туралы хабарлауға мәжбүрміз», - деп жазады ұйымдастырушылар.

Осыған дейін қыркүйек айында өтіп келген фестиваль биылғы жылы да сол мезгілде өтеді деп жоспарланған болатын. Дей тұрғанмен шараны ұйымдастырушылар онлайн форматта басқа шаралар өткізетінін хабарлап отыр.

«Дегенмен, фестиваль командасы біздің кинематографистерді қолдауға бағытталған қалыптасқан жаңа жағдайда өзекті болып табылатын бірқатар онлайн іс-шараларды дайындау үстінде. Сондай-ақ, Алматы кинофестивалінде бұрын-соңды қатысып, өздерінің құнды тәжірибелерімен бөліскен әлемдік киноиндустрияның жетекші сарапшыларының шеберлік сыныптары еркін қолжетімді болады», - деп толықтырды фестиваль ұйымдастырушылары желідегі жазбасында.

Айта кетейік, Алматы кинофестивалі – бұл Алматы қаласының әкімдігі ұйымдастырған жаңа халықаралық кинофестивалі. Мақсат – Қазақстанның киноиндустриясын дамыту, халықтың кинематография өнеріне деген қызығушылығын арттырып, халықаралық әріптестікті нығайту. Almaty Film Festival фестивалі Алматы шаһарын Орталық Азияның ірі мәдени және туристік орталығы ретінде паш етіп, әлемдік киноқауымдастығын Қазақстандағы кино өндірісінің жаңа мүмкіндіктері және артықшылықтарымен таныстыруды алдына міндет етіп қойған.

Естеріңізге сала кетейік, ІІ Аlmaty film festival кинофестивалінің негізгі байқауында Гран-приді режиссер Марко Шкоптың «Да будет свет» Словакия-Чех Республикаларының бірлесіп түсірген туындысы жеңіп алды. Ал «Алатау» киносыйлығының үздік фильмі аталымына «Каникулы off-line» картинасы ие болған еді.

Автор:  Зарина Смагулова

Фото:  almatyfilmfestival.com

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы