Размер шрифта:

Цветовая схема:

05 шілде, 202074

Алматыда балалар сериалының түсірілімдері аяқталды

Еліміздің өнер қаласы саналатын Алматы шаһарында украиналық режиссер Виктор Демьянюк өзінің жаңа жобасының түсірілімдерін аяқтады. 

 

Шетелдік киногер жаңа телехикаясын Алматыда түсірді. Бұл кішкентай көрермендерге арналған картина «Балалар дәуірінің әлемі / Мир детского периода» деп аталмақ. Кинокартинаның басты кейіпкерлерін кішкентай балғындар сомдаған. 

Фильмнің оқиға желісі бойынша, басты кейіпкер Макс есімді радиожүргізушінің өмірінде бастан кешірген оқиғалары баяндалмақ. Өз кәсібінің нағыз маманы атанған Макстың бойында тәкәппарлық пен өзгені менсінбеушілік және мақтаншақтық сынды зиян қасиеттері бар. Бірақ бұның барлығы бір уақытта өзгере бастайды. Макстың араласатын жаңа ортасы оған оң әсерін тигізеді. Макс бұрынғыдай басқалардан өзін жоғары санамайды, көптің көңіліне қарап, қарапайым бола бастайды. Оның бұл өзгерісін Макстың жақын достары да, отбасы мүшелері мен туыстары жақсы аңғара бастайды. 

Түсірлім жұмыстарының барлығы да Алматы қаласында жүргізілген болатын. Телехикаяның сценарий авторы Данияр Сұлтанбаев болды. 

Режиссердің айтып кеткеніндей, фильмдегі кейіпкерлерді кастинг бойынша таңдау мен атқарылған жұмыстар өте үйлесімді түрде жүргізілді. Телесериал түсірілімдеріне  10 мен 13 жас аралығындағы жеткіншектер қатысқан болатын.

Виктор Демьянюк, режиссер:

«Маған дәл осы телесериалмен жұмыс істеген қатты ұнады. Себебі, бұл жоба өте ерекше, бұрын соңды болмаған ленталардың бірі. Сонымен қатар, бұл әлбетте мен үшін үлкен тәжірибе мен мотивация болды. Маған осындай күрделі жұмыста өздерінің тәтті күлкісімен жүректі жаулап алатын балғындардың шексіз қуанышын көру бағалы, мен одан шабыт аламын. Балалармен жұмыс істеу оңай немесе қиын деп айтудың өзі дұрыс емес. Әрне, балаларға барлығын жік-жіктеп түсіндіру қажет, олардың орындау керек іс-қимылдарын, қандай эмоция керектігін жеткізе алу қажет. Бірақ, басты кейіпкеріміз бір айтқаннан бірден ұғып, тіпті кейде өз рөлдерін ересектерден қарағанда тамаша деңгейде сомдап шығады»

«Балалар дәуірінің әлемі / Мир детского периода» балалар телехикаясында Вероника Каткаева, Ксенакис Птолемеос, Әби Әлихан, Доминика Столяренко, Иллариий Глазунов, Алуа Бақытқан, Бекет Мұкенев, Амалия Глазунова, Мерей Берік, Сымбат Қасымова, Полина Журавлева, Дінмұхамед Бериков сынды актер мен актрисалар бой көрсетеді.

Естеріңізге сала кетейік, Виктор Демьянюк  «Лаборатория счастья» толық метрлік картинаға режиссерлік еткен болатын.

 

  

Автор:  Уйсунбай Жаннура

Фото:  @Demianiukviktor

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы