Размер шрифта:

Цветовая схема:

15 маусым, 2021149

Алматыда жаңа сериалдың түсірілімдері басталды

Отандық сериалдар қатары тағы да толықпақ. Жақында ғана өз түсірілімдерін бастаған телехикая көрерменге не жеткізгісі келеді?

«Саған сендім» деп аталатын телесериалдың сценарий желісі бойынша, адамды алдап – арбау арқылы ақша тауып жүрген топ мүшелері туралы баяндалады. Олар адал жолмен еңбек етуді білмейді. Басқаларды ақымақ етіп, өздері көп табысқа кенелудің амалын жасайтын олар үшін ешқандай шекара жоқ. Ал бұл алаяқтардың арбауына түскендер саны шетсіз. Бірақ барлығы да бұлай оңай жалғаса бермейді. Телесериалдың басты кейіпкері әрі алаяқтар тобының бір мүшесі Диар есімді жігіт сұлу бойжеткенге шын ғашық болып қалады. Ол әртүрлі әдістермен кәсіпкерлердің адал жолмен тапқан ақшасын иемденіп, кейін тастап кетеді. Ол құжаттарын жиі ауыстырып, басқаның мүлкін алдап-арбау арқылы өтірік құжаттарды қолданып сататын жұмыстармен де жиі айналысады. Сүйікті адамын кездестіргеннен кейін оның өмірі күрт өзгеріп кетеді. Жігіттің өмірлік құндылықтары, мақсаты мен арманы мүлде басқа сарынға бағытталады. Өтіріктің соңы бір-ақ тұтам екенін ұмытқан Диар ендігі жасаған қателіктері үшін жауап беруі тиіс.

Телесериал отандық телеарна «31 арнаның» тапсырысы бойынша түсіріліп жатыр. Жақын арада телехикаяны көрермендер дәл осы арна арқылы тамашалай алатын болады. Барлығы он бөлімнен тұратын отандық тележобаның түсірілімдері үшін еліміздің оңтүстік астанасы Алматы қаласы таңдалып алынған. Картинаны түсірген кинорежиссердің айтуы бойынша, телесериал алаяқтарға алданбаудың алдын алу мақсатында түсірілгелі жатыр. Қазіргі уақытта арбауға түсіп қалғандар саны көбеймесе, азаймай тұр. Өкінішке қарай, қазіргі таңда мұндай жағдайлар өте көптеп кездесіп жатады. Сол себептен де, картинадағы алаяқтардың әрбір қадамдары баяндалатын телесериал түсіруге бел будық дейді режиссер. Аталған сериал көрермендердің көзін ашып, кез-келген адамға оңай сеніп қалудан қашу керектігін айтады.

Тележобаның командалық ұжым және авторлық топқа тоқталар болсақ. Отандық телехикаяның қоюшы – операторы – Айболат Бірімтай. Сценарий жазғандар қатарында Диана Рахым және Диляра Нүкен бар. Ал қоюшы суретші қызметінде – Диляра Нүкен жұмыс істеген. Телехикаяға режиссерлік еткен - Төлеген Бейсет. Бас продюсері – Асхат Мұсабай. Продюсері - Жамал Жақсытай. Екінші режиссері – Диана Рахым. Картинаның директоры – Дидар Тұрсынқожаұлы. Телехикаяны әсем әуенмен әрлейтін дыбыс режиссері – Серік Кабепаев. Басты кейіпкерлердің рөлін сомдаған актерлер қатарында: Еркебұлан Тоқтар, Жасұлан Көпберген, Айбек Әзімбек, Айгерім Жакупова, Азат Сейтметов, Ғани Құлжанов және Бақыт Тушаевтер бар.

Автор:  Уйсунбай Жаннура

Фото:  @compass_agency

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы