Размер шрифта:

Цветовая схема:

18 наурыз, 2020189

Ән айтып шығып жатсам да таң қалмаңыздар!

Отандық хикаяларда өнер көрсетіп, кино саласында өзінің өрнегін салып, қазақстандық киноиндустрияның дамуына үлес қосып жатқан актердің бірі – Рүстем Жаныаманов. Соңғы жылдары қазақстандық актер телехикаяларда ғана емес, толық метражды фильмдерге де түсіп, өзін жаңа қырынан көрсетуде. Таяуда ғана үлкен экрандарға жол тартқан «қара комедия» жанрындағы жаңа кинокартинада Рүстем Жаныаманов көрермендерге жаңа образда танылды. Түрлі  кейіпке еніп, талантымен көпшілікті таңқалдырған отандық кино майталманы KazTube бейне-порталына сұхбат берді. 

- Рүстем, осыған дейін біз Сізді отандық сериалдардан жиі көретінбіз. Қазір қазақстандық прокаттарға шығып жатқан фильмдерде төбе көрсетіп келесіз. Шүкір! Қай-қайсысында болса да, рөлдерді жоғары деңгейде орындап жүрсіз. Ал, осылардың қайсысында өнер көрсеткен жаныңызға жақын?

- Талай сериал болсын, кино болсын төбе көрсетіп жатқаным рас. Бірақ соның ішіндегі ең өзіме ұнайтын, өзім бір рахаттанып сомдаған рөлдердің ішіндегі рөлім осы соңғы шыққан «Жаным, ты не поверишь» фильміндегі  рөлім, яғни Питөк деген рөл. Ол киноны көрмегендер де бар шығар. Өйткені кинотеатрларда соңғы себептерге байланысты уақытша тоқтап қалған болатын. Бірақ дегенмен, осы эпидемия біткеннен кейін жалғастырады деген ойдамын. Сондай рөлдер, кішкене «характерный» рөлдер болса, тіпті рахаттанып, бой көрсетуге әрқашанда дайынмын. 

- Сериалдардан көпшілік Сізді үлгі тұтар аға, іні, жар ретіндегі таниды. Соңғы түскен «Жаным, ты не поверишь» фильмінде де, әнші Айқын Төлепбергеннің алдағы уақытта  шығатын «Где мое кольцо?» фильмінде де бұл образдарға мүлде кереғар рөлдер сомдадыңыз. Неліктен? Өзіңізді басқа образда сынап көргіңіз келді ме?

- Айқынның киносы болсын, «Жаным, ты не поверишь» болсын, осы соңғы шығып жатқан киноларда режиссерлер мені мүлде басқа қырынан көрсетіп жатыр және өзіме де ондай рөлдер қызық. Менде бір сарында, «герой любовник» болмаса сондай әйелінің айтқанынан шықпайтын Қылышбек сияқты образдар, жағымды образдар көп сомдалған. Ал, бірақ жаңағы бандиттердің рөлін, зұлым адамдардың рөлін сомдаған әлдеқайда өзіме қызықтау. Неге десеңіз, онда орысша айтқанда «есть, что играть» дейді ғой. Өзімді актерлік қырынан танытуға әбден мүмкіндіктер көп болады. Сол кезде әрине, рахаттанып ойнаймын. 

- Ал, негізінен, өзіңізге қай образ жақын?

- Әрқашанда осы мамандықта жүргеннен кейін әртүрлі образдарды сомдағың келеді. Айта кетсек, мысалы маған қызық рөлдер өте көп. Ашылмаған, тың тақырыптар көп. Соның ішінде бандит болсын, психопат болсын, зұлым болып тұрып, соңында жақсы болып кететін рөлдер ұнайды. (күледі) Киноның барысында киноның сюжетіне байланысты жаңағы сомдап жатқан кейіпкерім өзгеріске ұшыраса, сол маған әбден қызық. 

- «Жаным, ты не поверишь»  фильміне біраз тоқталсақ. Мұндағы рөлге қалай таңдалдыңыз?

- «Жаным, ты не поверишь» фильмінің режиссері Ернар Нұрғалиев деген жігіт. Бұл жігітпен мен бұрыннан таныспын. Сонау Т.Жүргенов атындағы өнер академиясында оқып жүрген кезде екеуіміз аздап таныс болғанбыз. Бірақ енді уақыт өте келе жұмыстарында бой көрсеттім. Алдыңғы киноларына, сериалдарына кастинг арқылы келген болатынмын. Содан жаңағы режиссердің көзіне түсіп, екеуіміз жақынырақ танысып, ол кісі де, былайша айтқанда, қандай мүмкіндіктерге дайын екенімді көріп, «сені түрлі образдарға салуға болады екен» деген  сияқты пікір айтқан болатын. Өз басым оған қуанамын. Өйткені бір сарындағы актер болсам, ол түкке де қызық емес. Оның шабысы алысқа бармайды. Мұғалім болсын, дәрігер болсын, неше түрлі кейіпкерлер көп қой.  Соларды сомдаған өзіме өте қатты ұнайды. Ал, «Жаным, ты не поверишь»-ке кастингсіз келдім. Ол кісі бірден шақырып, образдарымызды мөлшерлеп фотошоппен жасап қойыпты, сол кездегі менің түрім мүлдем басқа екенін көріп, мен де таңқалдым. Шашымды артқа гельмен қайырған, екі тісі сынған, күміспен қаптаған, үсті-басы кір-кір, киімдері де соған шақталып тігілген. Сол киімдерімді көрсетіп, ұстайтын мылтығыма дейін көрсетіп, кейіпкеріммен барынша таныстырды. Ернар Нұрғалиевтің кинодарын өздеріңіз де көріп жүрсіздер деп ойлаймын. Ол кісі «Келінжан»-ды түсірген, талай-талай мықты сериалдарды, киноларды шығарып жүр. Осы соңғы «Жаным, ты не поверишь»-те бәріміз рахаттанып бірге жұмыс істедік, режиссерден бастап актерге дейін. Бұл кино шынымен де, Қазақстан үшін үлкен жаңалық болады деп сенімді түрде айта аламын. 

- Иә, расымен де  «Қара комедия» жанрында түсірілген «Жаным, ты не поверишь» фильмі - отандық кинодағы жаңа жанр, жаңаша туынды. Ал, оны қолға аларда «ойдағыдай жүзеге асыра алмаймыз-ау» деген қорқыныш болмады ма? 

- Режиссер осы киноға ойлана келе, толғана келе, ойын жетілдіре келе, пісіре келе, дамыта келе осы киноны түсіремін деген ойы болған екен. Ойша үш жыл дайындалған. Содан кейін бір жылдың ішінде команда жинады. Бұл Ернардың ғана киносы емес, Жандос Айбасов, Тимур және де Азамат Дулатов деген мықты оператор мен Ернар бірігіп, осы киноны түсірейік деген шешім қабылдаған болатын. Сол жігіттердің бастамасы ғой, былайша айтқанда. Төрт жігіт, әрқайсысы өзінің міндеттерін білген. Тимур әкімшілік жағын, Азамат операторлық жұмыс жағын, Жандос бұл кинода өзі де актер болғандықтан, бой көрсетуге қатты бел буған жоқ, өйткені ол жігіт каскадерлер жағына жауап берді. Ол да үлкен жауапкершілік. Ал, Ернар киноның режиссері болды. Әрқайсысымыз өз жұмысымызды істейміз деп о бастан-ақ келіскен екен жігіттер, нәтижесін енді өздеріңіз кинотеатрлерге барып көрулеріңізге болады. 

- Фильмде өзіңізбен бірге түскен басқа актерлердің де ойындарына баға беріп өтсеңіз. Мысалы, Еркебұлан Дайыров та бұл фильмде мүлде бөлек амплуада...

- Әріптес жігіттерге көңілім толды. Мен өте риза болдым. Осындай отандық актерлерді түрлі амплуада көрсете білу - әрбір режиссердің дәті бара бермейтін нәрсе. Соған қарамастан, Ернар бастаған топ деп айтайыншы, сол топ бәрімізді гримм арқылы, актерлік ойын арқылы түрлі-түрлі қылып өзгертуге тырысқан болатын. Оның ішінде әріптесім Еркебұлан Дайыров та мүлде басқа кейіпке енді. Сол үшін Еркебұлан Дайыров шашын түгелдей тақырбас қылып алып тастады. Өйткені өзгеру керек болды. Өздеріңіз білесіздер, Еркебұлан Дайыровтың сомдап жүрген рөлдері - хан, батыр, ал мында мүлдем басқа образ - ауылдың қарапайым адамы, персонажы да өте қызық. Ол кісі өзі де рахаттанып ойнады. Бәріміз осы кино алдында начитка жасаған болатынбыз, сол кезден-ақ әрқайсысымыз өзіміздің кейіпкерлерімізге жан бітіре бастадық, сол кейіпкер болып сөйлей бастадық деген сияқты түрлі қызықтар болды. Еркебұлан әріптесіміз мықты актерлердің қатарында ғой қазір. Мен Еркебұланға осындай рөлдерге қорықпай барғаны үшін барынша риза боламын. Байқай білсеңіздер, көп актерлер мұндай рөлдерден бас тартады. Неге екенін білмеймін. Қорқыныш бар шығар, шығара алмаймын дейтін де ойлар бар шығар, бірақ Еркебұлан ешбір осындай қиындықтарға қарамастан, барын салды. Енді шыны керек, біз бір-бірімізден ақырындап кеңес те сұрадық рөліміздің шығуына байланысты, өз басым әріптестеріме өте қатты ризамын. 

- Ал, жалпы кино саласына алғаш қадам басқанда отандық актерлерден кімді үлгі тұтқан едіңіз? Кімнің еңбегін ерекше атап өтер едіңіз.  

- Бізді бала күнімізден, мектептен бастап театрға апаратын. Мұхтар Әуезов театры бізге жақын болғандықтан, сол театрға жиі баратынбыз. Сол жақта Дулыға Ақмолда, Ғани Құлжанов, көп қой айта берсек. Мықты-мықты  актерлерді көріп, Тұңғышбай ағамыз болсын, сол кісілерге қарап өстік. Сол кезден-ақ менде өнерге деген құштарлық пайда болды. Осы кісілер сияқты болғым келеді дедім. Тіпті, театрдың артына барып, «служебный вход» дейді ғой, сол жаққа барып күтіп отыратынбыз. Бұл кісілер жұмыстан кейін гриммдерін сүртіп, ақырындап шығады ғой сыртқа қарай, үйлеріне қайтып бара жатқан кезде, біз сол жерден ұстап алып, сол кісілермен суретке түсетінбіз. Қолдарын алып, алғыс айтатынбыз. Ол кісілерді теледидардан ғана көретінбіз. Жастық шағымызда, былайша айтқанда, тірі бейнелерін көргенде біз қатты қуанып, олардың қарапайымдылығын көріп, одан сайын қуанатынбыз. Дулыға ағаны қушақтаған де кездерім болды. Олар – тарихта қалатын кісілер. Сондықтан да мен олармен таныс екендігіме, білетіндігіме, тіпті қазіргі уақытта әріптес екеніме өте қатты қуанамын. 2019 жылы біз Дулыға Ақмолда екеуіміз екі сериал, бір толық метрге бірге түскен екенбіз. Мен мұнымен мақтанамын. Осындай кісілермен әріптес болғаным үшін. Жалпы, мұның бәрі өте қуанышты жағдай деп ойлаймын.   

- Биылғы жыл айтулы даталарға толы жыл. Абайдың 175 жылдығы, Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығы... Осындай ұлы тұлғаларды сомдауға ұсыныс түссе, қабыл алар ма едіңіз?

- Шынымен де айтулы даталар жылы. Биыл мереке көп болатын жыл. Қазақтың мерейі үстем болсын, әрқашан да. Мұндай тұлғаларды сомдауға ұсыныс келіп жатса, әрине, әрбір актер қуанады. Осы салада жүрген әрбір адам қуанады деп ойлаймын. Әсіресе, осындай тұлғаларды сомдау реті келсе, актер үшін бұл тіпті бақыт деп ойлаймын. Мысалы, осыдан бірер жыл бұрын «Қашғарға саяхат» атты фильмді Жасұлан Пошанов деген режиссер түсірмекші болған. Шоқан Уәлихановты сомдау бұйырған екен маған. Сол киноға бірігіп кіріскен болатынбыз. Ол кино өкінішке қарай жарық көрмей қалды. Өйткені, түрлі себептер болды. Бұл бір ғана продюсердің ақшасына түсірілген нәрсе болатын. Бір адамның былайша айтқанда продюсердің шамасы келмей қалғандықтан ба, әйтеуір осы жобаның шығуы екіталай болып қалды. Бірақ өте көп еңбек еттік. Бұл киноны бір жарым айдай түсірді. Әлде де келіссөздер жүріп жатыр. Мен ол рөлге үлкен дайындықпен келген болатынмын. Шоқан Уәлиханов атамыздың талай-талай еңбектерімен де таныстым, музейіне де бардым, заманауи технологиялардың арқасында талай-талай мағлұмат алған болатынмын. Алаңға сөйтіп дайындалып шыққан болатынбыз. Ол кино алдағы уақытта жарық көреді деген ойдамын. Тіпті, қайтадан басынан бастап бәрін түсіретін болса, мен әлі де дайынмын. Ондай кинолар болу керек деп ойлаймын. Шоқан Уәлихановты сомдау оңай болған жоқ маған. Бірақ дей тұра, осындай тұлғаларды сомдайсың ба деп ұсыныс түскен кезде мен әрине, тек қана қуанамын. 

- Актер болмасаңыз, кім болар едіңіз?

- Актер болмасам, мен суретші болар едім (күледі), әнші болар едім, бәрібір осы өнердің айналасында жүрер едім деп ойлаймын. Өйткені қолөнер де маған өте қызық. Қолөнермен де айналысамын. Бәрібір өнерге келгеннен кейін өнер бір үлкен «болото» дейді ғой, бізді сөйтіп үйреткен болатын. Мінекей, сен келдің бе өнерге, бір аяғың болотода тұр деп есептей бер. Бұл кетіп, кете салатын нәрсе емес. Бұл мамандыққа сен білек түріп, кірістің бе, болды, сен бұдан шыға алмайсың. Бұл сондай бір қиын да қызық  мамандық деп ойлаймын. 

- Өткен жылы көрермен Сізді кинода ғана емес, бейнебаяннан да көріп қалды. Музыка саласына бет бұру ойыңызда бар ма?  

- Иә, ондай да ой бар. Біле білсеңіздер актерлер әншілерге қарағанда мүлдем басқаша орындайды. Неге екенін білмеймін, осындай сиқырлы нәрсе бар. Актерлер барынша жүрекке сала ма, әлде әрбір сөзді ойната біле ме, сондай бір қызық тұсы бар. Жалпы, ән айтып шыққанда да құр селтең-селтең еткен әндер емес, тыңдай білетін, ойлана білетін, жәй ғана ән орындап қоймай, ой салып кететін әндерді орындағым келеді. Мысалы, өмір туралы болсын, уақыт туралы болсын, ата-ана болсын, жарыңа байланысты тақырып болсын, балаларыңа байланысты тақырып болсын, тақырып көп қой, бірақ соларды аша білу, халықтың жүрегінен орын таба білу, мінекей, осы бір үлкен міндет. Сондықтан ән айтып шығып жатсам да, таңқалмаңыздар. (күледі)

- Әйеліңіз Жанаргүлмен қалай таныстыңыз? 

- Жан-жарым Жанаргүл екеуіміз сонау Т.Жүргенов атындағы өнер академиясында танысқан болатынбыз. Мен «театр режиссурасы» факультетінде үшінші курста оқып жүрген кезімде, бұл кісі «актер музыкального театра» дейтін факультетке  бірінші курсқа түскен болатын. Біз ақырындап таныса келе, сөйлесе келе, енді оның бәрі бірден болған жоқ, сыртынан бақылап дегендей, ақырын көз түсіп дегендей сондай сәттер болды. Бірақ жақындасып сөйлесу жағы маған, әрине, қиынға соқты. Өйткені бірден бара салып,  «қалайсың?» деп айту кішкене логикаға сыймайтын нәрсе болды. Сондықтан да, бір жолын табу керек болды маған. Мен енді сол театр режиссері болғандықтан, оқып жүрген кезде сабақтың барысы бойынша, яғни біз режиссер ретінде қойылымдар қоюымыз керек, спектакльдер қоюымыз керек, спектакльден үзінді қоюымыз керек болатын.  Сол спектакльдің үзіндісі, яғни Чеховтың «Аю» атты пьесасы болатын менде. Ол пьесаны Жанаргүлге берген болатынмын. «Оқып шығыңызшы, Сізге қызық болса, осыны сахналауға қалай қарайсыз» деген ұсыныс тастаған болатынмын профессионалдық тұрғыда. Бұл кісі оқып шықты, ертесіне қайта көрістік, ол өзінің ойын айтты, сөйтіп  «Аю» шығармасымен жұмыс істей бастадық. Мен де ол спектакльде актер болып ойнадым, сөйтіп екеуіміз сол үзінді спектакльді біздің Болат Абаев деген ағамызға көрсеткен болатынбыз. Ол кісінің көңілінен шығып, тіпті «оны үлкен-үлкен сахналарға қоюға әбден болады» деген ой тастаған болатын. Сөйтіп екеуіміз академияішілік фестивальдерге де қатыстық. Жанаргүл «Үздік әйел бейнесін» ұтып алған болатын сол фестивальде. Сөйтіп, академияда ғана емес, біз талай-талай фестивальдерде ойнадық. Екеуіміз сол спектакльмен жұмыс істей бастадық. Әрине, араласа бастадық, бір-бірімізді жақынырақ тани бастадық. Сөйтіп бір-бірімізге үлкен-үлкен сезімдер ашыла бастады. Сөйтіп қарасақ, тіпті күнде  көре алмасақ, тұра алмайтын жағдайға жеттік. Мінекей, Аллаға шүкір, Жанаргүл екеуіміздің қазіргі таңда үш баламыз бар.    

 

- Бірнеше кинотуындыда жарыңызбен бірге ойнадыңыз: «Туған елдің түтіні», «Ана жүрегі». Қателеспесек, осы «Ана жүрегі» фильмінде біріңіз іні, біріңіз әпкенің рөлін сомдадыңыз... Ол кезде бір отбасы боламыз деп ойладыңыз ба? 

- Иә, Жанаргүл екеуіміз  бір продакшнге ең бірінші кастинг арқылы келдік. Ол кезде, қателеспесем, бір-бірімізді жақын білеміз, тіпті, жүріп жүрген де сәтіміз шығар. Сөйтіп кастингке барып, екеуіміз режиссердің көзіне көрініп, сол киноға өтіп кеткен кезіміз болатын. «Ана жүрегі» деген фильм. Алғашқы рет сол фильмде бой көрсеттік. Мен Жанаргүлдің ол кезде інісін ойнадым, сөйтіп бір тамаша бір туынды шықты. Театрдан да басқа сала ғой кино деген. Сол басқа саланы бағындырғанымызға өте қуанышты болдық. 

- Ал, «Мистер и миссис Смитт» сияқты жанрдағы фильмге бірге түсер ме едіңіз?

- Әрине, актер үшін талай рөлдерді сомдау үлкен қуаныш деп ойлаймын. Түрлі ойлар бар алдағы уақытқа. Оның барлығын жария қылмайық. Жалпы, актер деген қауым - тыныштықты сүйетін қауым. Өйткені тыныштықта фантазия дамиды, түрлі образдарды шығаруға да әдемі кезең болып табылады. Сондықтан да актерлердің әрқайсысы білсеңіздер, топтан, адамдардан алшақ жүргенді ұнатады. Көп ізденеді, кітап оқиды, кино көреді, музыка тыңдайды. Сондықтан актер деген қызық қауым ғой. Ол үшін тыныштық - нағыз шабыт шақыратын кезеңдердің бірі. Өз басым тыныштықты сүйемін, сол сәттерде маған түрлі идеялар келеді. Қазіргі таңда түрлі комедиялар қаптап кетті, жанрды өзгерте білсем деген бір ой тұрады менде. Қазір бізде неге триллер жоқ, неге бізде ужас жоқ, неге бізде драма аз, түсіріп жатыр, бірақ аз. Сол тақырыптарға жұмыс істегім келеді. Жанаргүл екеуіміздің ойымыз көбіне бір жерден шығады. Драмалық бір әйелі мен күйеуі арасында, я болмаса әке мен баланың арасында, анасы мен қызы арасындағы түрлі өмірге байланысты жағдайлар өте көп. Сондықтан да сондай тақырыптарды аша білсек, бұл біздің жеңісіміз деп ойлаймын. Сол тақырыптарды ашуға қазіргі таңда жұмыс істеп жатырмыз.   

- Өзіңіз жайында ешкім естімеген, білмейтін бір деректермен пен бөліссеңіз... (Мысалы, бала кездегі бір қылығыңыз, т.б.)

- Бала кезде түрлі қызықтар көп болды ғой. Мен кіші күнімнен-ақ, өнерге дейтін құштарлық болды, өйткені теледидардан өнерге байланысты көрсететін санаулы-ақ бағдарлама болды: «Ұят болмасын» бағдарламасы, «77 күн», «Бауыржан-шоу», «Тақия мен мафия». Осыларды көріп, өнерге дейтін қызығушылық пайда бола бастады. Мен Алматы қаласында орналасқан 9-шы мектеп интернатында оқыған болатынмын. Сол интернатта оқып жүргенде-ақ «неге осы мектепішілік «Рүстем-шоу» дегенді ашпасқа» деген ой болды менде. Оның ішінде қандай мейрам болмасын, қандай атаулы күндер болмасын, сонда өнер көрсетіп жүрдік. Наурыз десе, Наурызға байланысты тақырыпта көрініс қойып, 8 Наурызда аналарға байланысты тақырыпта ой өрбітіп, көріністер қоятынбыз. Үнемі ізденісте жүретінбіз. Драмалық қойылымдар да қойғанбыз. Мен таң қалап, ешкім бізге ештеңе жазып бермейтін, біз сол оқыған-тоқығанымызбен, білетінімізбен бір нәрсе құрап, рөлдерді өзім бөліп беріп, не айтатытын, қай жерде тұратынын, сахнада не істейтінін, қандай әрекет жасайтынына дейін бәрін өзім қоятынмын. Режиссерлік те бар оның ішінде, жазатын нәрсең де бар, сценарий жағы, оның бәрін қарап отырсам, бала болып жүріп, соның бәрін қалай ұйымдастырып жүрдік деп кейде таңқаламын. Мұғалімдер де риза, сөйтіп бір өзімізше осындай істермен айналысып жүретінбіз. Барлығы қарап отырсаңыз, құштарлықтан пайда болған нәрсе. Өнер деген шексіздік қой. Бала күнде пародияға да ерекше қызығатынмын. Бұл өте қызықты нәрсе ғой. Ауылдағы кісілерді бақылайтынмын. Ол кісілер қалай сөйлейді, солардың бәріне қызығып өскен баламын. Мысал келтіретін болсақ: «Әй, енді мынау енді короновирус деп жатыр Құдай салмасын, аман болайық, әй, қазақтар, мынау қолдарыңды жу десе жуыңдар, далаға шықпа десе, барынша шықпа, «нәқыласын» (деп шалдың дауысын салды) (күледі). Шалдың дауысы болсын, кемпірдің дауысы болсын., тіпті сол жылдары шетелдік боевиктер көп болатын.  Соларды дыбыстайтын жігіттің дауысын салатынбыз. Ол да қызық болатын. 

- Сұхбатыңызға рахмет! 

Автор:  Зарина Смагулова

Фото:  Актердің жеке мұрағатынан

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы