Размер шрифта:

Цветовая схема:

23 қыркүйек, 2021322

Аңыз адам – Асанәлі

«Ең жоғары атақ ол – халықтың сүйіспеншілігі», – дейді Асанәлі Әшімов. Ол қазақ кино және театрының биігінде, асуында еңсеріп отыр. Аманат арқалаған Алатаудай Асанәлі өз баласын қалай сүйсе, киелі сахнаны дәл солай сүйеді. Өмірі өнерімен өрбіген, табиғи талантымен қажырлы еңбегінің арқасында халық жүрегіне жазылған алаш ардақтысының ғұмыр тарихынан сыр шертеміз.

Асанәлі Әшімов – КСРО және ҚР Халық әртісі, театр және кино актеры, режиссер. Ол 1937 жылы мамырдың 8-інде дүние есігін ашқан. Кіндік қаны тамған жері –  қазіргі Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Жайылма ауылы. Сұм соғыспен тұспа-тұс келген балалық шағын актер жиі еске алады. Кезекті сұхбатында: «Алғаш қар жауғанша мектепке жалаң аяқ бардым. Бір күні сабақ уақытында қар жауды. Барлық сыныптастарымды ата-аналары алып кеткен соң, мектепте жалғыз қалдым. Түні бойы қорқып, ертесіне таң атқанда 10 жасқа есейгендей болдым», – деді өнер қайраткері. Ашаршылықтың ащы дәмін татып, соғыстың зардабын көрген. Бұл қиын-қыстау кез оны төзімділікке, еңбекқорлыққа үйреткенін айтады. Әшімовтың бала кезінде әкесі соғыста қаза табады. Ал анасы бар-жоғы 22 жасында жесір қалған. Қырсық бір айналдырса шыр айналдырады демекші, екі қарындасы сол кездері етек алған қызылшадан көз жұмды. Асанәлі әкесінің тәлімін көрмесе де, атасы жастайынан тәрбие берген. Атасы Ысқақ оның оң мен солын ажыратуға, қайраттылық пен табандыққа баулыған. Десе де, тектінің тұяғы, асылдың тұқымы екенін әрдайым есіне салып отырған.

 Сахна саңлағының шығармашылық жолы

Тұла бойы тұнған талант иесі арман арқалап мәдениет ордасы – Алматы қаласына  келеді. Актер болу түсіне де кірмеген ол, ең алдымен ауыл шаруашылығы инситутына түспекші болады. Алайда, сол мамандыққа түсетін түлектердің қарасы көп-ақ. Сан жаққа ойы шашырап, күтпеген жерден театр факультетіне бос орынның барын естіп, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының актер мамандығына түседі. Бұл хабарына анасы қатты қуанып, қолдау көрсеткен. Оқуын бітірген соң, яғни 1961 жылдан «Қазақфильм» киностудиясына актер болып қабылданады. Ал 1964 жылы М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актерлік құрамына алынған. Киелі сахнада өнер көрсетіп, әрқилы образдарды сомдады. Мәселен, М.Әуезовтың «Абай» қойылымында Керім, «Еңлік – Кебекте» Кебек, «Таңғы жаңғырығында» Жарасбай, Ғ.Мүсіреповтың «Қозы Көрпеш – Баян сұлуында» Қодар, Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен терінде» Еламан, М.Фриштің «Дон Жуанның думанында» Дон Жуан, Шекспирдің «Юлий Цезарінде» Юлий Цезарь бейнелері арқылы көрерменге кеңінен танылған. Театр – халықтың рухани азығы, ұлттық салт-дәстүр мен көркем бай тіліміздің қасиетті ошағы. Ал сахнаның ажарын келтіріп, өн бойына жан беріп өнеріміздің бастау бұлағына өнер адамының қосқан үлесі зор.

Өнер атты буырқанған асауды бұла талатымен ырқына көндіріп, 60-жылдары өресі биік жанрға тың серпіліс алып келген қазақтың сері жігіті –Асанәлі Әшімов. Дара актердің отандық киносалада алатын орны ерекше. Оның әрбір фильміндегі рөлдері өнерсүйер қауымның ықыласына бөленіп, жоғары бағаланған. Ол студенттік шағынан қыз-қырқынның емес, көрерменнің көңілінен шығуды мақсат тұтқан. Бойдағы жастық жігерімен қазақ киносын әлемдік деңгейге көтеріп, нағыз актерлік шеберліктің шыңын көрсетті. Өнер тарланының түскен фильмдері өміршең келіп, халық жадында жатталған. Атап айтсақ, Бекежан («Қыз Жібек»), Шадияров («Атаманның ақыры»), Қасымханов («Транссібір экспресі»), Шыңғыс хан («Бұлғар даласынан ескен жылы жел») («Жазушы») Қаражал, («Нан дәмінде») директор болса, («Сіз кімсіз Ка мырза?»), «Әруақ» кинокартиналарда басты рөлді сомдаған. Оған қоса, кино алыбы 40-қа жуық фильмдерге түскен.

Қазақ фильмінің классикасы «Қыз Жібек» туындысындағы «Бекежан» рөлі – әлемді тәнті еткен, үздік рөлдің бірі. Кинотуынды ұлттық әдебиетіміздің өшпес мұрасы «Қыз Жібек» жыры желісінде түсірілген. Шынайы пәк махаббаттың бейнесі мен қазақтың салт-дәстүрін, дүниетанымын суреттейтін фильмнің ойлы режиссері – Сұлтан Қожықов. Түсірілімі үш жылға дейін созылған картина «Қазақфильм» студиясынан шыққан. Басты рөлдерде: Жібек – Меруерт Өтекешова, Төлеген – Құмар Тастанбеков, Бекежан – Асанәлі Әшімов шынайы кейіптерімен ел жүрегін жаулап алды. Өзінің рөлі туралы Асанәлі: «Неге сол жағымсыз залым ойнаған актерді жек көреді? Ол соның шеберлігінің жеткендігі, шеберлікпен ойнағандығы. Сондықтан жағымды немесе жағымсыз рөлде ойнайын деген ондай принцип жоқ актерда. Бекежан аты жақсы ғой, содан кейін қызды сүйетін үлкен жүрегі бар, елді қорғайтын білегі бар. Сырт сымбаты жаман емес, қай жері оның жағымсыз? Мен оны жағымды қылып тұраулауға бет бұрдым», – дейді. Актердің хас шеберлігін айқындайтын жайттардың бірі: оның қос фильмге бір уақыт аралығында екі түрлі рөлде түсті. Талантты Әшімов қос ғашықтың бірге болуына кедергі келтіріп залымның рөлін ойнап жатса, екінші тұста барлаушы Шадияровтың ұстамды бейнесін айнытпай салған. Бірақ, Бекежан образымен  ұзақ жұмыс істеп, «Атаманның ақыры» фильмнен бас тартуға шешім қабылданған. Әйтсе де, бірбеткей режиссер Шәкеңнің сөзінен соң, екеуіне де қатар түсуді ұйғарған. Бүгінгі таңда аты тірі аңызға айналған Асанәлі, орда бұзар жасында түскен фильмдернің  үдесінен шықты.

«Атаманның ақыры» қазақ баласы түсірген алғашқы детектив жанрындағы фильм. Кинокартинаны халық назарына ұсынған еліміздің бірегей кино ардагері, режиссер – Шакен Айманов. Айтулы фильмді «Қазақфильм» студиясы түсірген. Сынға түскен сәттерін абыз Асанәлі былайша еске алады: «1968 жылы «Қазақфильм» студия­сындағы Ғабит Мүсіреповтің жазған ғажап сцена­рийі бойынша халқымыздың жыр мұраларының ішіндегі інжу-мар­жаны «Қыз Жібек» екі сериялы кинотуынды болып түсірілсін деген шешім қабылданды. Бір күні осы киноға жауапты сарапшылар тобынан сүйінші хабар келді. Олар фильмдегі Бекежан рөлін менің қанжығама байлапты! Қуанышымда шек жоқ! «Құдайым көктен іздегенімді жерден берді» деп, бөркімді аспанға атып жүрмеймін бе? Сол кезде Шәкен аға Аймановтан да хабар келсін... «Атаманның ақыры» фильмінің сценарийі бекіп, оған актерлер іріктеу басталғанда: «Басқа кейіпкерлерде шаруам жоқ. Қасымхан Шадияровтың рөліне даярлап отырған адамым бар. Ол – Әшімов» деп комиссия жиналысында отырып алыпты. «Оу, ағасы, өмірімдегі армандап жүргенім Бекежан образы емес пе? Қолымнан бірдеңе келсе осы арқылы көрсете алармын деуші едім. Соған енді жете бергенімде, бұл қиын болды ғой?» деймін мен Шәкеңе артық сөз айта алмай қипақтап. «Фильм маған жүктелгенде осылай ойлағанмын. Енді осылай болды. Болашақта осылай болады» деп, шарт ете түсті ол кісі. Жарықтық, қайтымы тез адам еді. Біраз үнсіз отырды да: «Қазірдің өзінде сезіп, біліп, тіпті көріп отырмын. Сенің Шадияров рөліндегі бұл бейнең өзгелерге өмір бойы үлгі болады. Қалған әңгімені кейінге қалдырайық»,  деді қамқор үнмен. Екі-үш күннен соң қос қожайыным - кинорежиссерлер Сұлтан Қожықов пен Шәкен аға Айманов бірлесе отырып, менің «Қыз Жібек» пен «Атаманның ақыры» фильмдеріндегі мәселемді түбегейлі шешуге кірісті. Ар­найы жұмыс кестесі жасалды. Атқа­рылатын істің үлкен-кішісі демей, бәрі ескеріліп, талқыланды. Ең бас­тысы түсіністіктің болуына көп көңіл бөлінді. Осыдан кейін бір күннің ішінде, яғни түске дейін Бекежан, түстен кейін Қасымхан болып ойнаған күндерім басталды. Екі рөлдің бір-біріне тигізген көмегі көп болды дер едім. Бекежанның эпизодына түсіп келген соң, Қа­сымхан «оңайлау беріледі». Қызу қанды, от болып жанып тұр­ған Бекежан мінезін сәл сабаға түсіре қойсам, Қасымхан мінезін дәл ұстаймын. Себебі Қасымхан әр ісін он ойланып, жүз толғанып шешер байып пен ақылдың адамы. Өйтпесе ол барлаушы атанып, мемлекеттік маңызды тапсырманы орындай алар ма еді. Керісінше, Қасымханнан кейін Бекежанның ішкі «жан сарайына кіру» тіптен қиын. Оған төзімді, өте сақ чекист сияқты ұзақ ойланып отырсаң, қате қадам жасамауға тырысамын деп қарайлай берсең, кең қолтық, аңғал батырдың бейнесінен мүлде аулақтап кетер едің. Сон­дықтан сол күндері талғамға талап қоя отырып, психологиялық тұрғыдағы арпалыспен өмір сүруге тура келді. Осылайша, мысалы, атаман Дутовтың каби­нетіне келген жас офицер мен Сырлыбайдың алдына кірген жас батырдың сөйлеу ерекшелігі мен өзін-өзі ұстау мәнеріндегі, тіпті жүріс-тұрысындағы титтей де қайталаулардың болмауы сияқты сан сыннан аман-есен өтіп, қос кейіпкерді экранға алып шықтық қой, әйтеуір. Образды сомдауым, менің ойымша, Шәкен Кенжетайұлының көңілінен шық­ты. Бірақ, өкінішке қарай, ол көрерменнің пікірін білмей-ақ кетті. Амал қанша, көп ұзамай ба­қи­лық болды ғой».

Өнер саласының майталманы тек актер емес, режиссер ретінде де танылған. Оның отандық кино қоржынына қосқан фильмдері бар. Мәселен, «Шоқан Уәлиханов», «Полынь», «Қозы Көрпеш Баян сұлу» «Дом у Соленого озера» «Год Дракона». 1984 жылы жарық көрген Шоқан Уәлиханов фильмі Асанәлі Әшімовтың қолынан туған дүниелердің бірі. Қазақтың ғұламасы, құйрықты жұлдыздай жарқ еткен Шоқанның рөлін Асанәлі Әшімовтың ұлы – Сағи Әшімов сомдаған еді. Бекзат өнердің бекзадасы Сағи Әшімов шеберлікті ту еткен өнер саңлағының дарынды ұрпағы. Ол  22 жасында ойнаған рөлі үшін Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанған.

Алып Асанәлінің отбасы

Тағдырым таңдап қосқан «Қыз Жібегім» деп еркелететін, алақанына салып 35 жыл отандасқан жары – Майра Айманова. Шығармашылық жолында бағыт берер ұстаз Шәкен Аймановтың өмір жолында да жөн сілтер жақынына айналды. Алайда, Майраның анасы біразға дейін бұл некеге қарсы болғанымен, Шәкең Хадиша апайды ырқына көндіргеннен кейін, шаңырақ көтеруіне келісімін береді. Студенттік шақта дала баласы ауылына қайтқанда,  бойжеткеннің кеудесінде сағыныш сазы кернейді екен. Екеуінің риясыз сезімдері жайында естіп, композитор Шәмші Қалдаяқов арнап ән жазады. Асанәлі мен Майраның кіршіксіз махаббатына арналған «Қыз сағынышы» атты ән жарық көреді. Сөзін жазған Тұманбай Молдағалиев. Қаланың қызы Майра, ауыл баласы Асанәлімен  қосылады. Қызы қолдайтын, жігіті жақтайтын өнер саласының бірегей тұлғасы болып қалыптасуына опера әншісі Майраның сіңірген еңбегі көп. Шаңырақ көтеріп, дүниеге Мади және Сағи есімді ұлдары жарық дүние есігін ашады. Сағи Әшімов әке салған ізбен жүріп, өнер  айдынына сүңгісе, ал Мади – архитектор маманы болады. Десе де, 90-жылдары кімге болсын жеңіл тимеді. Үкімет құлап, жұрт абдырап қалған заманда, Әшімовтың басына күн туады. Талапты, дарынды актер театр серкесі Асанәлі киелі сахнадан қол үзеді. Бұл үзіліс 10 жылға дейін созылады. Театрдан алыс кетсе де, кино әлеміне бойлай түседі. Бірақ, бұл сынақ тағдыр тәлкегінің алдында ара шаққан құрлы болмайды. 1993 жылы Әшімовтың музасы, Құдай қосқан асыл жары Майра белгісіз аурудан дүние салады. Актердің өзегін сағыныш пен өкініш өртейді. Ескі жараның беті енді қайта бастағанда, қос қанаты бір жылда жан тәсілім етеді. Шырақтарының беймезгіл кеткені әке жүрегін қарс айырды. Дегенмен, беріспес қайратты мінезімен тек ұлыларға тән қасиетімен немерелері, шәкірттері үшін ардақтаған халқы үшін еңсесін тіктейді. Балаларына беріп үлгермеген махаббатын соларға арнады. Асанәлі қазіргі жұбайымен ауруханада кездескен. «Әсекеңнің жүрек жарасын жаза алмайтынымды білсем де, сол жараның ашылып кетпеуіне қызмет етемін», – дейді дәрігер Бағдат Әшімова. Актер 70 жасында тағы ұл сүйіп, кенжесінің есімін Асанәлі деп қойған.
Өнер жанашырының жанкешті еңбегі мен ғибратты өмір жолының айшықты нәтижелері әрдайым лайықты бағаланып, әр жылдары ең жоғары мәртебелі атақтар беріледі.

Қазақстан Республикасының марапаттары

«Платинды Тарлан» тәуелсіз сыйлығының лауреаты (2000 ж), Еліміздің ең жоғарғы мемлекеттік Отан ордені (2001 ж), Ең алғашқы «Шәкен жұлдыздары» фестивалінің лауреаты  (2003ж),  Парасат ордені, Құрмет ордені (70 жас мерей тойы қарсаңында) (2007ж), ҚР Мәдениет министрлігінің «Қазақстан Мәдениет саласының Үздігі төсбелгісі»  (2012ж), Қазақ театры мен кино өнеріндегі ерен еңбектері үшін еліміздің жоғарығы мемлекеттік марапаты І дәрежедегі Достық орденімен елбасы Н.Ә.Назарбаевтың өзі марапаттады (2014 ж).

КСРО марапаттары

Қазақ КСР Еңбек сіңірген артисі, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйллығының иегері (1973 ж), КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері (1974 ж) , Қазақ КСР халық артисі (1976 ж), КСРО халық артисі (1980 ж), КСРО-ның «Еңбек ардагері» медалі.

Халықаралық марапаттары

Ресейдің Ломоносов атындағы алтын Ордені (2007 ж), ТМД-ның «Достастық жұлдызы» халықаралық сыйлығының лауреаты және «Достастық жұлдызы» Ордені (2011 ж),  «Аңыз Адам» Ұлттық сыйлығының лауреаты (2013 ж), Әлемдік кинодағы зор үлесі үшін ЮНЕСКО халықаралық академиясының «Алтын Қыран» Орденімен марапатталды (2007 ж).

Құрметті атақтары

Қазақстанның бірнеше аудандарымен ауылдарының құрметті азаматы, оған қоса Жамбыл облысының, Алматы қаласының, Түркістан облысының, Сарысу ауданының құрметті азаматы; Қазақстанның бірнеше жоғарғы оқу орындарының құрметті профессоры, Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің Құрметті қызметкері; Қазақстан Театрлар Ассоциациясының «Сахнагер – 2017» Ұлттық театр сыйлығының «Қазақ театрының дамуына орасан зор үлесін қосқаны үшін» арнайы аталымы бойынша марапатталды.

Автор:  Ализа Абай

Фото:  Интернет желісінен алынған

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы