Размер шрифта:

Цветовая схема:

30 қазан, 202027

Ақан Сатаев халыққа есеп берді

Қазақ киносының қара шаңырағына айналған «Қазақфильм» киностудиясының басшылық қызметіне жақында ғана келген отандық белгілі режиссер, продюсер әрі актер Ақан Сатаев жаңа лауазымында жұмыс істегеніне 100 күн толды.

Осыған байланысты «Қазақфильм» президенті бүгінгі күнге дейін қандай жұмыстар атқарылып, нендей шаралар қабылданғаны туралы халыққа есеп берді. Сатаев өз инстаграм жеке парақшасында арнайы жазба қалдырып, өз әріптестеріне үндеу жолдады. Сатаевтың бұл жазбасына кино саласының майталмандары үлкен қолдау көрсетіп, өз пікірлерімен бөлісті.

Режиссер Ақан Сатаев алдағы уақытта да халық алдында үнемі есеп беріп отыруды көздейтінін жеткізді.

Ақан Сатаев, режиссер, Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ президенті:

«Қазақфильм студиясының президенті болып тағайындалғаныма 100 күн толып отыр. Біздегі қызметте шынайылық пен ашық-жарқындылық секілді қасиеттер жұмысымыздың бір бөлігі болуға тиіс екендігіне сенімдімін. Сондықтан, ресми есептіліктен басқа, уақыт өткен сайын біздің жұмысымыздың қорытындысымен бөсіліп отырғым келеді»,- деп, осы уақыт аралығында орындалған жұмыстардың есебін жариялады.

1. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Елеуұлы Көшербаевқа және Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Рахматоллақызы Райымқұловаға  киностудияны жаңғыртудың жаңа бағдарламасы таныстырылды, жобаны жүзеге асыру толықтай ашық түрде жүргізіледі деп күтілуде.

2. Қазақфильм киностудиясын жаңғырту мәселелері бойынша BI Group құрылыс компаниясымен уағдаластыққа қол қойылып,  құрылыс компаниясы тарапынан киностудияға көмек көрсетіледі деп жоспарлануда.

3. Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Мамин Асқар Ұзақбайұлының тапсырмасы бойынша «ҚазТрансГаз» компаниясы өтеусіз негізде киностудияны газдандыру бойынша жұмыстарын бастады. Басшылықтың мәлімдеуінше, Қазақфильм бюджетінен бір тиын да жұмсалмаған (газдандырудың жалпы бюджеті – шамамен 100 миллион теңгені құрайды). Айта кету керек, бүгінгі таңға дейін киностудия тек солярка қолданып, сол арқылы мекемеге жылу беріліп келген.

4. Алматы қаласының әкімі Бақытжан Әбдірұлы Сағынтаевтың көмегімен  «Зеленстрой» компаниясының қатысуымен өтеусіз негізде аумақты қураған ағаштардан (1500-ден астам ағаш) тазартылған; өтеусіз негізде киностудияны қоректендіретін негізгі күш кабелі жөндетілген; киностудия аумағынан ондаған жылдар бойы жиналып қалған 90-нан астам камаздың көмегімен қоқыс шығартылды.

5. Киностудияның Директорлар кеңесі Арманжан Байтасовты таныстырды.

6. Жалға беру қызметтерінің бір бөлігі айналымнан шығарылды, соның арқасында үш ай ішінде (шілде, тамыз, қыркүйек) киностудияның шотына тек бір департаментті жалға беруден 20 млн.теңгеден астам қаражат түскен (бір жыл бұрын осы кезең ішінде осы департамент 1 млн. теңгеден сәл астам қаражат әкелген болатын). Жалға алушыларға тексеру жүргізілген, нәтижесінде киностудияның үй-жайларын тегін пайдаланған жалға алушылардың көп саны анықталған. Одан әрі мұндай келеңсіз жағдайларды болдырмас үшін, сондай-ақ түсірілім топтарының ыңғайлылығы үшін жалға беру бөлімі құрылды.

7.  Келіссөздер арқылы 53 млн теңгені үнемдеуге мүмкіндік берген мүлік салығы қайта есептелді.

8. «Қазақфильмнің» 10 еңбек сіңірген ардагері шипажайға демалысқа жіберілді, басқаларына Құрбан-байрамға азық-түлікпен қолдау көрсетілген.

 9. Тамыз айында студияда болған өрттен кейін киностудия қауіпсіздік компаниясын ауыстырып, системалық өткізу жүйесін енгізген.

10. Киностудия демеушілерінің арқасында студияның әкімшілік корпусына бейнебақылау жүйесі орнатылды (бұған дейін бүкіл аумақта бірде-бір бейнебақылау камерасы болған жоқ).

11.Киностудия аумағында жаңа қоршаулар мен шарбақтар орнатылған. Бұл өз кезегінде киностудия аумағына заңсыз кіруді тоқтатуға мүмкіндік бермек.

     Ақан Сатаев болашақта «Қазақфильмнің» жүйелі дамып отыруына бар үлесін қосатынын және керекті тиімді шаралар қолданатынын мәлім етті.

Ақан Сатаев, режиссер, Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ президенті:

«Сөзсіз «Қазақфильм» – бұл ең алдымен кино, сондықтан біздерге ұрпақтарға мұраға қалған барлық шығармашылық үдерістерге үңіліп, өзіміздің отандық кинематографиямыздың бүкіл шығармашылық әлеуетін дұрыс іске асыруға көмектесетін әрі жүзеге асыратын алдағы қадамдарымызды пысықтап, дамытып отырамыз.

   Мен және менің командам киностудияның аяғына нық тұруы үшін бар күшімізді жұмсаймыз. Сондай-ақ, шынымен де, бүгінде біз еліміздегі киноиндустрияның нағыз локомотивіне айналдық»,- деді. Сондай-ақ, киностудия ұжымы қазақстандық кинематография үшін өз пайдасы мен үлесін қосар  кез-келген ұсыныстар мен серіктестіктерге әрқашан дайын екендіктерін жеткізді. Режиссер Ақан Сатаев осы жазбасында кейбір әріптестерінен «Қазақфильм» төңірегіндегі жекешелендіру мәселесі бойынша саудагерлікті доғаруын сұрады. Айта кеткен жөн, биылғы жылдың 22 қазанында Қазақстан Республикасының Парламенті Сенатының депутаттары жекешелендіруге тыйым салатын «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасын қабылдап, ел Президентіне қол қоюға жіберген болатын.

      Айта кету керек, режиссер Ақан Сатаев «Қазақфильм» АҚ президенті болып осы жылдың 7 шілдесінде тағайындалған болатын. Ол бұған дейін «Жаужүрек мың бала», «Анаға апарар жол», «Томирис», «Районы», «Бизнесмены», «Рэкетир» және «Ликвидатор» сынды танымал картиналарды таспалаған еді.

 

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы