Размер шрифта:

Цветовая схема:

08 қыркүйек, 202027

Арнайы қызметтердің терроризмге қарсы күресі жайындағы туындылар

Қазақстанда деструктивті діни ұйымдар, діни экстремизм мен терроризм жайында көптеген фильм түсірілді. Оның ішінде деректі ленталар да, көркем картиналар да бар. Бұл ленталар көп жағдайда түрлі секталар мен террористік ұйымдар және олардың қызметтерінің салдарымен байланысы бар шынайы оқиғаларға негізделеді. Біз Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен республикалық телеарналардың дайындаған деструктивті діни ұйымдардың қызметі қаншалықты жойқын болатындығын айқын көрсетіп, одан аулақ болуға шақыратын бірқатар фильм жинақтадық.

«Отбасы ойыншық емес... Отанның бөлшегі»

Бұл фильм қыз оқиғасынан бастау алады. Картинада бойжеткен өзінің өмірі, дінге деген көзқарасы, сонымен қатар, бірнеше рет дінді жамылған ер адамдардың әйелі болғандығын және олардың бәрі оны кәмелеттік жасқа толмаған балаларымен тастап кеткендерін айтып береді. Фильмде сондай-ақ бұл жабық шеңберден қашып құтыла алған басқа қыздың да хикаясы суреттеледі.

«Адасқанның айыбы жоқ»

«Адасқанның айыбы жоқ» фильмі «Qazaqstan» Ұлттық арнасы мен аймақтық филиалдар эфирінен өткен. Картинада Қазақстандағы экстремистік бағыттағы түрлі діни ағымдардың дамуы туралы хикая баяндалады. Фильмде сонымен қатар экстремизм мен терроризмнің бұрыс жолына адамдарды еліктіретін және тартатын адамдардың қолданатын амал-тәсілдері айтылады.

«Заблудшие в черном»

Бұл деректі фильм қазақстандық қоғам үшін маңызды мәселелердің бірі – хиджаб, паранжа және никаб кию жайында баяндайды. Сарапшылар мен қоғам қайраткерлері қазақстандық әйелдердің киімдеріне қатысты өз пікірлерін айтты. Олардың барлығы бұл киімдер географиялық ерекшеліктеріне байланысты ұлттық киім үлгісіне айналған мемлекеттердің емес, өзіңнің шынайы киім үлгілерін киген жөн деген шешімге келеді.

«Призрак радикализма»

Бұл фильмде авторлар Қазақстандағы діни радикализмнің себеп-салдарын түсіндіріп, жаңа сындар жайында ашып айтуға тырысты. Лентада сонымен қатар қазақстандық қоғам проблемаларының бірі – діни сауатсыздық пен дін жайында білім деңгейінің төмендігі айтылды.

«Беттерін тұмшалағандар»

Бұл лента да қазақстандық әйелдердің хиджаб, никаб және паранжадан гөрі қандай киім киген жөн екендігі туралы фильм. Картинада сарапшылардың, сонымен қатар Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің сөздері келтіріледі. Елбасы өзге елдің салт-дәстүріне еліктеген жастардың адасып жүргенін, нағыз дін киіммен емес, жүректегі мейіріммен өлшенетіндігін айтты.

«Экстремизм эпидемиясы»

Бұл деректі лента «Хабар» агенттігі мен Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің бірлесіп дайындаған өнімі. Фильм экстремизм жолына түсіп, қазір сол үшін жазасын өтеп жүрген жандардың хикаясы баян етіледі.

«Құрбандар»

Бұл деректі фильм де діни экстремизм жайынан сыр шертеді. Картина Ақтөбе облысы прокуратурасының тапсырысы бойынша түсірілген. «Құрбандар» фильмінің бас кейіркерлері - діни экстремизм мен терроризм үшін сотталған ақтөбелік азаматтар. Фильмде олар өздері жайында баяндап, «мәңгілік жәннат жолында» қалай адасқандары туралы айтып береді. Сонымен қатар жастарды олардың жолдарына түспеуге шақырады.

«Слепая вера»

Бұл деректі лента «Хабар» телеарнасының эфирінен жарық көрген. Картинада террорист-жанкештердің өкініші, хаттары, өлеңдері, мойындаулары мен эксклюзивті сұхбаттары, сонымен қатар жұбайлары мен аналарының жүрекжарды аяндары мен Атырау облысында болған арнайы операцияның таңқаларлық видеолары ұсынылады.

«Раскаяние»

Деректі фильм түзу жолдан адасып, ғаламтордағы уағызшылардың ықпалы мен арбауына түскен жазаны өтеушілердің сұхбаттары, сол кездегі жоспарлары мен одан кейінгі өкініштері туралы баяндайды.

«Красный уровень»

Көркем телехикая сюжеті күрес пен ұлттық қауіпсіздік туралы ғана емес, отбасы құндылықтары, мықты әрі осал адамдар, заманауи қазақстандық қоғам алдында тұрған проблемаларды суреттейді. Фильмнің бас кейіпкері Ұлттық қауіпсіздік комитетінің тергеушісі Ернар Есенгелдиев қатыгездікпен жасалған бірқатар қылмыстық істерді тергейді. Бір кезде ол астанамызда бірнеше теракт жасауды жоспарлап жүрген экстремистік топтың ізіне түседі. Осы кезде мыңдаған бейбіт жанның өміріне қауіп төнеді. Тергеушіні қылмыстық топпен шынайы күрес күтеді, ал ең маңызды сәтте ол сатқындықпен бетпе-бет келеді. Осылайша «Красный уровень» фильмінде діни экстремизм тақырыбы қозғалады. Картина авторлары көрермендер алдына «Террористер неліктен қылмысқа барады?», «Нені іздеп, нені дәлелдегісі келеді?» және «Кейін қалай өкінішке келеді?» сияқты маңызды сұрақтарды қояды. Фильмнің басты міндеті – шынайы оқиғалар негізінде экстремистердің түзетілмес қателерге баратынын көрсету. Фильм шынайы оқиғаға негізделмесе де, Ақтөбе мен Алматыда болған қайғылы оқиғалардан алған әсер негізінде жасалған. «Красный уровень» телехикаясында бас рөлдерді қазақстандық киноактерлер - Берік Айтжанов, Тәуекел Мүсілім, Сая Оразғалиева, Филипп Волошин, Нышанбек Жұбанаев және басқалары сомдайды. Фильмді қоюшы - «Глухарь», «Знаки судьбы» сияқты телетуындыларды түсірген ресейлік режиссер Валерий Мызников. Сегіз бөлімнен тұратын телехикаяны Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің тапсырысы бойынша «КТК» телеарнасы түсірген. Телехикая түсірілімдеріне Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мамандары атсалысты. Олардың көмегімен картина шынайы әрі тартымды шықты.

«Сенім жолында»

«Сенім жолында/«В поисках веры» фильмі – радикалды исламға тап болған жерлестеріміз жайындағы туынды. Фильм 2016 жылдың 5 маусымында Ақтөбеде болған теракттан бастау алады. Кинотуынды заңды бұзып, өздерін ислам жауынгерлері санаған жандар жайында сыр шертеді. Кинолента кейіпкерлері - бес баласын алып, жарымен Сирия еліне кеткен Жазира есімді әйел, жүзеге аспаған теракт үшін ақтөбелік абақтыда жазасын өтеп жүрген Жансерік, Түркия арқылы Сирияға барған он алты жастағы Диана және алты баласы мен жұбайын алып, елден кеткен мектеп мұғалімі Марат. Фильм бөлімдері де кейіпкер есімдерімен аталады. Лента хроника мен сұхбаттардан тұрады. Фильм түсірілімдері Алматы, Оңтүстік Қазақстан және Атырау облысында, сонымен қатар Мәскеу мен Уфа қалаларында жүргізілді. Картинаны жасауда қоюшы-оператор Ренат Қосай мен Нұрсәт Әкімхан және дыбыс режиссері Бейбіт Исаметовтер еңбек етті. Фильм режиссері – Әсия Байғожина болды. Лентаның сценарийін жазғандар – Әсия Байғожина мен Мереке Қасен. Картинаны Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі мен Тұңғыш Президент Қорының қолдауымен Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы түсірген. Айта кетейік, «Сенім жолында» отандық кинотуындысы 2018 жылы Минскіде өткен «Евразия.DOC» ТМД елдерінің деректі кино фестивалінде жеңімпаз атанған.

Жоғарыда аталған фильмдер дін саласындағы мемлекеттік саясатты түсіндіруге, дәстүрлі құндылықтарды насихаттауға, діни экстремизмнің алдын алуға, сондай-ақ деструктивті және радикалды діни ағымдарға деген иммунитет қалыптастыруға бағытталған. Көркем фильмдер – бұл режиссер мен сценарийшінің болған оқиғаны жеткізудің өзіндік формалары ғана екендігін түсінген жөн. Тіпті деректі ленталардың өздері шынайы оқиғаның барлық тұстары мен фактілерін қамти алмайды. Бұл дегеніміз радикалды ұйымдар мен олардың жасаған әрекеттері әлдеқайда қорқынышты салдарға әкелуі мүмкін деген сөз. Сондықтан осы тақырыпқа арналған фильмдер діни экстремизмнің не екенін түсіндіріп, мұндай қателіктерді қайталамауға үйретеді.

Автор:  Зарина Смагулова

Фото:  zakon.kz

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы