Размер шрифта:

Цветовая схема:

30 қыркүйек, 202012

Әсет Иманғали: «Әр шығарған образым мен үшін бір-бір төбе»

Қазақтың мұзбалақ ақыны - Мұқағали Мақатаевты, қазақтың ұлттық кәсіби театр өнерінің негізін салушы Жұмат Шанин және басқа да танымал тұлғаларды сахнада да, кинода да сомдаған актер Әсет Иманғалидің басқа қандай рөлдері бар? Актер еңбек жолын қайдан бастады? Өнердегі ұстаздары кім? Өзі туралы осы және өзге де сұрақтарға  театр және кино актері бейне-порталға берген сұхбатында жауап берді.  

- Көрермен экраннан көріп-тамашалайтын актерінің кім, қай жерден екенін білуге қашанда әуес. Аға, Өзіңіз жайында айтып беріңізші. Кең-байтақ еліміздің қай өңіріненсіз? Қайда білім алдыңыз, қызығы мен шыжығы мол әлемге қадам басуға атсалысқан тәлімгерлеріңіз кімдер?

-    Мен Шығыс Қазақстан облысынанмын. Сол кезде Ақсуат деген аудан болған, қазіргі таңда Тарбағатай ауданы деп ауыстырылған. Сол ауданның шеткерінде жатқан Құмкөл деген ауылда туып-өстім. Мектепті де сол ауылдан бітіріп шықтым. 1997-1998 жылдары Семей қаласындағы Мұқан Төлебаев атындағы музыкалық колледжде мен оқуға түсетін жылдан бір жыл бұрын актерлік бөлім ашылған еді. Сол актерлік бөлімге оқуға қабылдандым. Ол жердегі ұстазым және қазір де ұстазым ретінде көретін ол – профессор, Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының академигі Дариға Тұранқұлқызы деген кісі. Оқуға осы кісінің қолына келіп түстім. Оның туған інісі, қазір марқұм болып кетті, өте талантты режиссер Әкбірәлі Айтыбаев деген ұстазымыз да болды. Сонымен қатар Майра Омарбаева, Мейрамгүл Ақшаубекқызы деген кісілер сол Семей қаласындағы ұстаздарымыз болды. Олардың барлығы Т. Жүргенов атындағы өнер академиясынан бірнеше жылға арнайы Семейге келіп, сол жерден актерлік бөлім ашып, сол жақта қызмет атқарып, «Абай елінде де театр  болу керек» деп «Дариға-ай» жастар театрын ашқан болатын. Біз оқу бітіртгеннен кейін Дариға апамыз бен  Майра апамыз Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы өнер академиясына қайтып кетті. Сол «Дариға-ай» театрының ашылуына атсалысып, кейін екі-үш жыл қызмет еткеннен кейін мен үлкен академияға бет бұрдым. Сөйтіп Жұлдызбек Жұманбай деген жолдасым екеуіміз (қазіргі таңда белгілі театр режиссері) 2002 жылы Алматыға келдік. Осында оқуға қайтадан Дариға апамыздың қолына келіп түстім. Осы жақта ары қарай да осы ұстазымыздан дәріс алдым.  Бұл жерде маған актерлік шеберлікті үйреткен басқа да ұстаздарым болды, өкінішке қарай, екеуі де марқұм болып кетті. Бірі – Жанас Ысқақов деген белгілі кино актері еді, екіншісі – Құдайберген Сұлтанбаев,  Қазақстан Республикасының Халық әртісі, Алашқа аты белгілі тұлға, үлкен өнердегі әкеміз деп те айта аламын. Осы кісілерден тәлім алдым, оқыдым.  

-    Ал отандық киноиндустрияға қалай қадам бастыңыз? 

-    Т.Жүргенов атындағы өнер академиясында оқып жүргенде бірінші курстың соңында, яғни жазғы демалыс кезінде өзіммен құралпас  оқыған, қазіргі уақытта белгілі кинорежиссер Мақсат Оспанов деген жігіт жаңағы айтып өткен Жұлдызбек Жұманбай деген досым екеуімізді «Махаббат сайы» деп аталатын өзінің алғашқы картинасына шақырды. Алматы облысының шет жағында Шелек ауылының маңында түсірілімінде болдық. Ең алғашқы менің кино бастамам және кино алаңына баруым, кинорежиссермен, камерамен жұмыс істеуім және жалпы кино әлемімен танысуым осы жерден бастау алады.  Мен үшінші курсты аяқтаған кезде «Қазақфильмнің» туындысы, режиссері Тәуекел Сләмбеков ағамыздың режиссерлігіменен «Махамбеттің семсері» атты фильм түсірілді. Ол үлкен маштабтағыы тарихи фильм болатын. Сол фильмде Махамбеттің жанындағы бес нөкері бар екен. Сол бес нөкердің біреуін ойнадым. Алғаш қиноға осылай қадам бастым. Одан кейін оқуымызды аяқтағаннан кейін мен бірнеше жыл, шамамен төрт-бес жылға жуық уақыт ешқандай киноға келісім бермей, тек театрда ғана қызмет еттім. Содан кейін барып ақырындап сериалдарға шақырту ала бастадым. Алғашқылардың  бірі - «Әке серті», «Тағдыр», «Ана жүрегі» деп аталатын сераилдардан бастау алады. Сол кезден бастап ақырындап осы кино әлемінде келе жатырмын.  

-    Уақыт өте Өзіңіз де Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясында сабақ бере бастадыңыз. Қателеспесек 10 жылдан асты... Қай пәннен білім бересіз? Толығырақ айтып берсеңіз... 

-    Мен 2006 жылы сол оқу орнын аяқтағаннан кейін қазіргі таңда қызмет етіп жүрген қара шаңырағым, екінші үйім деп айтуға болады Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрына жұмысқа қабылдандым. Сол уақыттарда маған сегіз жыл дәріс берген Дариға ұстазым қасыма көмекші болып кел деп шақырған болатын. Бастапқы жылдары мен бармадым, өйткені «өзімнің де әлі үйренерім көп, апай, мен шәкірт дайындауға болмаса ұстаздық етуге әлі дайын емеспін-ау» деп өзіме-өзім күдікпен қарап жүрген едім. Бірақ арада екі жыл өтер-өтпестен, Дариға апай «үйренесің, көресің» деп қоярда-қоймай қасына шақыртып алды. Сөйтіп сол кісінің шақыртуымен барған болатынмын. Тфай-тфай, шүкір, жаман емес. Қазіргі таңда он жылдан асып кетті сол жерде «Сахна тілі» деген пәннен дәріс беріп жүрмін. Менің алдымнан өткен шікірттеріміздің алдыңғы буыны халыққа белгілі азаматтар мен азаматшалар бола бастады. Қазіргі таңда Қазақстанымыздың түкпір-түкпіріндегі театрда қызмет етіп жүр. Мен қазір де сол жерде, сол салада қызмет етіп келе жатырмын.   

-    Сіздің қатысуыңызбен біз көрген телехикаялардың көбінде Сіз жағымсыз кейіпкерлерді сомдадыңыз. Сериалдарда үнемі антагонисттің рөлі ғана ұсыныла ма?

-    Иә, маған жағымсыз рөлдерді көбірек ұсынады. Өзімнің фактурама байланысты сондай образдарға көбірек ұқсайтын болғандықтан шығар, театрда да, кинода да режиссерлер тарапынан сондай рөлдер көп ұсынылады. Арасында жағымды кейіпкерлер де бар, бірақ дей тұрғанменн елдің есінде көп сақталып қалатын сол жағымсыз кейіпкерлердің рөлі деп ойлаймын. Осы сұрақты маған жиі қояды. Мен де ылғи «жағымсыз кейіпкерді де біреу ойнау керек қой, баршамыз жағымды болып кетсек, жағымсызды кім ойнайды?»» деп айтамын (күледі). Соңғы бір-екі жылда маған бұрынғы ойнаған рөлдеріме ұқсас рөл ұсынса, мен одан бас тартып жүрмін. Өйткені өзімді басқа да қырынан көрсетіп, басқа бағытта жұмыс істегім келеді. 

-    Сіздің қоржыныңызда сонымен қатар,  Жұмат Шанин, Асанәлі Әшімов, Мұқағали Мақатаев сынды тұлғалардың рөлдері бар. Бұл рөлдерге қалай таңдалдыңыз? Тарихи тұлғаларды сомдау оңай емес шығар?

-    Дұрыс айтасыз, менің қоржынымда тарихи тұлғалардан да біраз ойнаған рөлдерім бары рас. Оның жаңағы өзіңіз айтып тұрған ең алғаш ойнағаным – «Күләш» телесериалындағы Жұмат Шанин атамыздың рөлі,  «Ән ағада» Мұқағали атамыздың рөлдері және бір жылдан асқан шығар, Асанәлі Әшімов атамыздың 80 жас мерейтойына арналып түсірілген фильмде Асанәлі атамыздың жас кезін ойнаған болатынмын. Әрине, жалпы ойдан туған кейіпкерді ойнау мүлде бөлек, ал өмірде бар адамды ойнау ол өте қиын. Өйткені ол кісілердің көзін көрген адамдар бар, ұрпақтары бар дегендей. Сондықтан оларды дәлме-дәл ойнап беру мүмкін емес. Дей тұрғанмен, «болмасаң да, ұқсап бақ» деп жақындатуға тырыстым, шамам жеткенше ойнап шығуға тырыстым. Бірақ, әрине, өте қиын. Бұл режиссерлердің өзінің ұсынысымен түскен рөлдер, шамам жеткенше биік деңгейде орындауға тырыстым. Оған картинаны көрген халық өз бағасын беріп жатар. 

-    Естуімізше, атақты ғалым, этнограф Шоқан Уәлиханов жайында түсірілген «Қашқарияға саяхат» фильмінде де Сізге бір рөл бұйырған. Кімді сомдадыңыз? 

-    Иә, бұл осыдан екі жылдан аса уақыт бұрын болған. Сценарийді ыңғайлап, ықшамдап жазып, Жасұлан Пошанов деген белгілі жас режиссер «Қашғарияға саяхат» деген фильмді бастаған болатын. Өкінішке қарай, белгілі бір себептермен ол соңына дейін түсіріліп аяқталмай қалды. Мен ол жерде Шоқан Уәлиханов атамыздың жанында Қашғарға бірге жол көрсетіп барған саудагер-көпестің рөлін ойнадым. Есімі – Якуб Янкулевич деген адам болған екен. Біздің тілімізбен, яғни қазақша айтқанда, Жақып Жанқұлиев қой, негізі. Сол кісінің образындағы рөлді ойнадым.  

-    2017 жылы айыр қалпақты ағайындарымыздың «Сүлеймен тауы» атты этникалық драмасында Өзіңіз бас рөлді сомдадыңыз. Фильмге түсу туралы ұсыныс қалай түсті? Кейіпкеріңіз кім?  

-    Иә, Елизавета Стишова деген ресейлік режиссер Қырғызстанға фильм түсірмек болып келген екен. Сол жақта өзінің ойында жүрген актерді таба алмаса керек. Содан жақын жердегі мемлекет Қазақстанға барып іздеп көрейік деп, осында келіп, іздеп, сурет арқылы мені көріп тапқан екен. Сол кісінің шақыртуымен кездесуге келдім. Ол кезде Қашғарияның түсірілімдерінде Қапшағай қаласында жүрген болатынмын. Содан Алматыға он минутқа келіп-кетуіме ғана мүмкіндік болды. Сөйтіп келіп, Елизавета Стишовамен жолығып сөйлестік. Ол кісі мені бірден рөлге бекітті. Түсірілімнен кейін бір аптадан соң мені Бішкекке шақырды. Бішкекке барып, видеосынақтан өттім. Сол жерде рөлге бекітіліп, содан мен Қырғызстанға екі жарым айға түсірілім жұмыстарына кеттім. Түсірілім Ош және Ташкөмір деген қалаларда жүргізілді. Сол жерде екі жарым айдай мен «Сүлеймен тауы» фильмінің басты кейіпкері Полатты сомдадым. Бұл - халықтың қойған аты, кейіпкердің негізі есімі -  Қарабас.   

-    Фильм сценарийі Өзіңізді несімен қызықтырды? Кейіпкеріңіздің ерекшілігі неде? 

-    Ол фильм сценарийі жағынан, әрине, ұнады. Өйткені менің өзіме өзге елдің режиссерлерімен жұмыс істеу барысы қызық болды.  Ол жердегі кино түсірген оператор Румыниядан болды. 2014 жылдары Канн халықаралық кинофестивалінде «Үздік операторлық жұмыс» үшін жүлдесіне ие болған жігіт келеді деді. Сондай жан-жақтан келген адамдармен бірігіп, жұмыс істеу қызық болды. Мен қырғыз тілінде ойнадым. Түсірілім барысында өзге елдің режиссерлерінен, операторларынан мен білмеген көп дүниені үйрендім десем болады. Қалай болғанда да, басқа мектеп қой. Сол үшін барып киноға түсіп қайттым.  

-    Картина бір емес, бірнеше халықаралық кинофестивальдерде көрсетіліп, жүлделі де болған... 

-    Иә, бұл картина көп жерде жеңіске жетті. 17 мәрте үлкен марапаттарға ие болды. Канадада, Нью-Йоркта және тағы бір-екі жерде «үздік фильм» атағын алған. Мен өзім 2019 жылы Еуропаның Братислава қаласында осы фильмдегі еңбегім үшін «Үздік ер адам бейнесі» номинациясын жеңіп алған болатынмын.

-    Қырғызстандық, ресейлік, румыниялық киногерлермен бірге еңбек еткен актерсіз. Біздің кинематограф аталған елдерден несімен ерекшеленеді? Үйренеріміз көп дедік. Үйрететініміз бар ма? 

-    Әрине, біздің үйренеріміз де, мүмкін біз оларға үйрететініміз де бар. Өйткені әр мемлекеттің мектебі әртүрлі.

-    Аға, жұрт Өзіңізді театрдың тамаша актері ретінде жақсы таниды. Осы күнге дейін сахнада барлығы неше рөл сомдадыңыз? Есіңізде қалғаны қайсысы?

-    Театр сахнасында жүргеніме он төрт-он бес жылдай болды. Азды-көпті, үлкенді-кішілі рөлдер ойнадым. Шынымды айтсам, бас-аяғы қанша екенін мен санамаппын. Сондықтан нақты қанша рөл екенін мен қазір дөп басып айта алмаймын. Есімде қалғаны - осы театрға ең алғаш келген жылдары мен үшін ыстық болып көрінетін алғашқы рөлім ғой. Ол - марқұм Жанат Хаджиев ағамыздың сахналауымен қойылған Тахауи Ахтановтың «Күшік күйеу» комедиясындағы Тюрянчиктің рөлі. Сондай-ақ бұрыннан бері «осы рөлді ойнасам-ау» деп арман етіп жүретін «Қозы Көрпеш – Баян сұлудағы» Қодардың, «Ант» спектакліндегі Әбілхайырдың, кейін келе жадымда сақталған ол, әрине, театрымыздың ақсақалы Балтабай Сейітмамыт ағамыздың қойған «Мен ұтылмаймын» қойылымдағы Мұқағалидің рөлі. «Мынау жақсы, мынау жаман» деп айта алмаймын, тек есімде, жадымда ерекше сақталғандарды ғана айтып отырмын. Әйтпесе, әр ойнаған рөлім, әр шығарған образым мен үшін бір-бір төбе.  

-    Кино саласына қайта оралсақ... Жоғарыда аталған фильмдерден бөлек, Өзіңіз талай басқа да туындыларда өнер көрсеттіңіз. Оны көрермен көріп, бағасын беріп жатыр. Биыл да түскен фильмдеріңіз аз емес- шығар?

-    Биыл енді, өкінішке қарай, карантин болды. Жалпы өнер адамына, күнделікті шапқылап жүрген адамдарға бірден тоқтап қалу өте қиын екен. Оның қадірін осы уақыттарда түсініп жатырмыз. Биыл мен, өкінішке қарай, фильмдерге көп түскен жоқпын, Мерей Маханов деген бауырымыздың режиссерлігімен түсірген фильмге шақырту алып, «Менің мектебім» деп аталатын бір ғана телесериалда ойнадым. Оны жуық арада «Qazaqstan»Ұлттық арнасынан көріп, бағасын беріп жатарсыз. Және де Ресей елінен бір сериалға түсуге Мәскеуге шақырту алған болатынмын. Өкінішке қарай, шекарамыздың жабылуына байланысты ол жаққа баруға мүмкіндігім болмады. Сондықтан биыл көп фильм жоқ.

-    «Жігітке жеті өнер де аз» дейді. Бойыңызда ән айту қасиетіңіз де бар, бірнеше өлең орындағанызды да білеміз. Оларды өзіңіз жазасыз ба? Бұл өнерге қашаннан бері қызығушылық таныттыңыз? 

-    Жалпы, мен өзім кішкентай кезімнен домбырамен ән айтуға әуес болдым. Біздің бала кезімізде ауыл-ауылда, аудан-ауданда жанұялық ансамбль болатын. Біздің үйдің әншісі - анам Нағи болатын (жымияды). Әкеміз Иманғалимен әпкелерім бәріміз қосылып, ансамбль болатынбыз. Сөйтіп аудан-аудандарда жарыстарға қатысып, жанұялық ансабль болып өнер көрсетіп жүрдік. Мен содан бері домбыраға, әнге әуеспін. Бұл эстрадада ән салып, үлкен сахнаға арнайы шығам деген ой емес. Ол тек өзім үшін ғана, өзіміздің ортамызда, бір жиын-тойға барып қалғанда өнер «адамысың ғой, «әу» демейсің бе?» деген кезде аузыма құм құйылып қалмасын деп өзім үшін жазған әндерім ғой. Кейбірі елге тарап кетіп жатыр, кейбір әндерім осы уақытқа дейін радиоларда қойылып келді. Он - он бесттен астам әнім жиналып қалыпты негізі. Мен әнші болып кеттім деп айта алмаймын. Әнші емеспін. Мен тек өнер адамымын. Әнді өзімнің қызығушылығымнан, жақсы көргендігімнен ғана орындап жүрмін. «Осы әніңізді маған жіберсеңіз...» «Жақсы екен, тыңдағымыз келеді...» деген сияқты кейде ұсыныс түсіп жатады. Кәдеге жарап жатса, әрине, ол да жақсы ғой. Осылайша, алты жасымнан әнге деген қызығушылығым оянған болатын.

-    Бірде сахна, бірде түсірілім, енді бірде сабақтасыз. Осыдан жарты жыл бұрын бос уақытыңыз да болмаған шығар. Алайда қазір барлығы қашықтықтан жұмыс істеуге көшкенде, күнтәртібіңіз біраз саябырсыған болар. Бос уақытыңызда немен айналысасыз? 

-    Иә, осыдан жарты жылдай бұрын жан-жаққа шапқылап жүрген едік. Қазір енді үйдеміз ғой, дей тұрғанмен, онлайн деген жұмыс бар, сол онлайн жұмыстан гөрі шапқылап барып жүрген жұмыс жақсы екен деп отырмыз (күледі). Үйде де театрдың онлайн режимінде жұмыс істеп жатырмыз. Сондықтан, шынымды айтсам, бос уақытым аса көп бола бермейді.

-    Аға, Өзіңіз – кәсіби актерсіз. Актерлік - туа біткен дарын ба, әлде уақыт пен ынта-жігердің арқасында алынған тәжірибе ме?   

-    Актерлік туа біткен дарын деп айта алмаймын, жалпы бізде «бойыңда бір пайыз талантың болса, қалған тоқсан тоғыз пайызы еңбекпен келеді» дейді. Сондықтан актерлік жағынан сәл де болса икемім болған шығар, бірақ бұл жағдайға келуіме менің ұстаздарымның, айналамның, достарымның, әріптестерім мен аға-апаларымыздың үлкен ықпалы болды деп айта аламын. Сондықтан еңбек етсең, бәрін де жеңуге болады.  

-    Біздің оқырмандармен алдағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз...

-    Алда жоспар көп. Біріншіден, аман-есен індеттен құтылсақ екен деген ниет танытамын. Егер де барлығы жақсы болып жатса, алдағы уақытта театр сахнасында үлкен бір жаңа қойылым басталып жатыр. Өте бір жақсы қойылым болып шығатынына сенемін. Қазіргі таңда соған жұмыс істеп жатырмын. Бұйырса, сахнадағы жаңа қойылымнан жаңа бағыттағы рөлімді көріп қаларсыздар. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, қой үстінде бозторғай жұмыртқалайтын заман болсын. Аман-есен көрермендерімізбен қауышуға жазсын. 

- Сұхбатыңызға үлкен рахмет!  

Автор:  Зарина Смагулова

Фото:  Актердің жеке мұрағатынан

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы