Размер шрифта:

Цветовая схема:

27 тамыз, 2020667

Әскери қызмет жайындағы фильмдер

Әскери жанрдағы фильмдерге қашанда көрермендер тарапынан қызығушылық бар. Жастар алдында әскери қызметтің абыройын көтеріп, насихаттауды құп көретін көптеген елдердің әскери органдары кинематографистерге барынша тиімді ракурста жаңа әскери техника үлгілерін, оқу полигондары мен әскери бөлімдердің күнделікті тұрмыс-тіршілігін түсіруге мүмкіндік беріп отырады. Қазақстан да бұл үрдістен тыс қалып отырған емес. Жастарға әскери-патриоттық тәрбие беретін фильмдер мен телехикаялар түсіріп, әскери мамандықтың беделін асқақтатуға барын салуда. Қазір сондай фильмдердің бір парасына тоқталып өтеміз.

«Офицер абыройы»

Фильм атауы айтып тұрғандай, картина офицер қызметінің қиындығы мен абыройы жайында баяндайды. 30 бөлімнен тұратын телевизиялық көркем фильм Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі мен «Mega Media Ogilvy» компаниясының ортақ үлесімен дайындалып, 2014 жылы жарыққа шыққан. Фильмнің бас кейіпкері Батыр есімді журналистің жақын адамдары мен сүйіктісінің сатқындығынан жеке өмірі құрдымға кетеді. Сол себепті ол тағдырын өзгертіп, әскери қызметке ауысуды жөн көреді. Игілікке орай өзі білім алған оқу орнында офицерлік погонға ие болуға мүмкіндік беретін тиісті кафедра бар. Әскери жол бұрыңғы журналисті аэромобильді әскер бөліміне әкеледі. Осы жерде оның жаңа өмірі басталады. Телехикаяның негізгі ойы айтарлықтай сан алуан. Бұл шытырман оқиғалы хикаяның сюжеті фильм кейіпкерлерін Қазақстанның бір өңірінен екінші өңіріне лақтырып, бір қиындықтан екінші тығырыққа тіреп сынайды. Картина кейіпкерлері әскери қызметтің бар қыр-сырын меңгеріп қана қоймай, жемқорлықты немесе есірткі сатушылардың жасаған қылмыстық істі ашатын детективтерге, сондай-ақ қарақшылық жасап, шетелде жасырынбақ болған қылмыскерлердің ізімен жүрген арнайы жасақ сарбаздарына түрленулеріне тура келеді. Телехикаяда шынайы достық та, аяусыз сатқындық та, өз күшіне сенбеушілік те, Отан үшін құрбандыққа бару да, шынайы махаббат та көрініс табады. Бірақ бастысы - фильм авторлары қазақстандық әскердің шынайы өмірін барынша ашып, бүгінгі жай-күйі мен оның жасақталып отырған қуатты заманауи техникасын көрсетуге тырысты. Көрермендер фильм кейіпкерлерімен бірге Ақтаудағы әскери-теңіз күштерінің базасында болып, қазақстандық әскери-әуе күштері майталмандарының көкке әскери әуе кемелерін көтергенін көріп, қарапайым адам аяғы баспаған арнайы жасақпен таулы бағыттармен жүріп өтеді. Осы орайда Қазақстанның көзтартарлық ландшафтарын әдемі кадрлар арқылы көрсете білген В.Кистанов пен А.Мухутдиновтың операторлық жұмыстарын атап өтуге болады. Сонымен қатар, көрермендер бітімгершілік бөлімшелер сарбаздарымен бірге тексерілген қимылдармен диверсанттар салған миналарды бейтараптандырып, қоян-қолтық ұрыстың әдемі көріністерін тамашалайтын болады. Айтпақшы бұл көріністерде арнайы жасақтың шынайы сарбаздары мен жекпе-жек өнерінің шеберлері өнер көрсетті. Фильмдегі басты ой – түрлі қиындыққа тап болса да, сағы сынбай, керісінше әскери бауырластықтың арқасында жаңа құндылықтар мен моральдық ұстанымдарды тапқан адам тағдыры, жаңа тұлғаның өмірге келуін көрсету. Картина режиссері – Фуркат Файзиев, бас кейіпкерді сомдаған актер – Қажымұқан Қалымбетов болды. Телехикаяда сонымен қатар, қазақстандық актерлер Бағлан Сембаев, Дина Тасбулатова, Олег Наумов пен Ержан Түсіповтер рөлдер сомдады. Фильм қазақ және орыс тілдерінде шықты.

«Казахстанская армия нового поколения»

2017 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Телерадиокешені Қазақстанның Қарулы күштерінің жаңа кезеңі жайындағы фильмді таныстырды. «Казахстанская армия нового поколения» қысқаметражды деректі картинасы қазақстандық әскердің эволюциясын көрсетеді. 10 минуттық түрлі-түсті әрі динамикалық бейнеролик Қазақстан Республикасының Қарулы Қүштерінің қалыптасу тарихы, осы тарихтың жасалуына үлес қосқан тұлғалар мен Қазақстанның әскери өнеркәсібі жайында баяндайды. Фильмде сонымен қатар Қазақстанның Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысқан мұрағаттық бейнелер қолданылған.

«Дала қырандары»

Өткен жылы «Хабар» агенттігі «Дала қырандары» атты 12 бөлімнен тұратын әскери ұшқыштар туралы телехикаяның тұсауын кесті. Фильм Қазақстан Республикасының ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен Қорғаныс министрліктерінің қолдауымен түсірілген. «Дала қырандары» - бұл өз кәсібінің майталманы атануға тырысатын ұшқыштар туралы әскери-патриоттық драма. Сюжеттің бас кейіпкерлері - өмірін әскери қызметпен байланыстыруға дайын әрі Отан қорғауға бекінген Берік, Қанат, Ерлан және Мадина есімді ұшқыш-офицерлер. Әр кейіпкердің өз тағдыры, өз проблемалары бар, алайда оларды байланыстыратын нәрсе - ортақ сынақ. Ұшқыштар арнайы бөлімдегі ұшқыштарды қайта даярлау орталығында кездеседі. Мұнда олар кейін байқау аяқталған соң белді ұшқыштар тобына түсу үшін қатаң іріктеуден өтеді. Қысқаша айтқанда бұл фильм достық, махаббат пен ұшақтар жайындағы хикая. Картина түсірілімдері Талдықорған қаласында жүргізілді. Түсірілім барысында С-295 ұшағы әуеге көтерілді. Актерлерді ұшаққа отырғызуға рұқсат етілмегендіктен, бұл көріністерде маска киген шынайы ұшқыштар түсті. Ал актерлердің өздерін тоқтап тұрған әуе кемесінде түсірді, бірақ телекөрермен оны байқай да қоймайды. Түсірілім бір жарым айға созылды. Телехикаядағы басты рөлдерді актерлер Аян Өтепберген, Ерік Хамидуллаев, Фариза Ескермес, Назар Шархан, Ержан Нұрымбет, Сырым Қашқабаев, Айнұр Нұрсейітова, Олжас Әлжановтар сомдады. Телехикаяның режиссері – Дархан Төлегенов, бас продюсерлері - Максим Ақбаров пен Айдархан Әділбаев. Картинаны таспалаған оператор Қазыбек Әміржанов болды.

«Әскерден хат»

«Әскерден хат» телехикаясы қазақстандық әскерде борышын өтейтін екі достың хикаясын көрсетеді. Сюжет желісі бойынша жігіттердің бірінің ата-анасы баласын әскерге жібереді, екіншісі досына қолдау көрсетіп, онымен бірге әскерге барады. Телехикаяның режиссері Мадина Әлімхан «kaztube.kz» бейне-порталына берген сұхбатында өзінің туындысы жайында былай деген: «Әскерден хат» фильмі әкелер және бірге бір мектепте оқып, бір ортада өсіп, әскерге шақыртылатын олардың балаларының достығы жайындағы фильм. Кейін бір әскери бөлімге түсіп, олар бір-біріне көмектесе отырып, талай сынақтан өтеді. Сол арқылы достықтарын одан әрі нығайта түседі. Фильм жастарды әскерге баулу мақсатында 18 жасқа дейінгі азаматтарға арналған. Олардың патриоттық сезімдерін оятып, әскердегі борышты өтеу - әр ер азаматтың парызы екендігін көрсеткіміз келді. Әскери қызмет көпшілік айтқандай қорқынышты емес. Дәл әскерде, үйден, ата-анадан жырақта жүргенде ер мінезі қалыптасып, нағыз достық беки түседі». 20 бөлімнен тұратын телехикая «Qazaqstan» Ұлттық арнасының қаржыландыруымен түсіріліп, биылғы жылдың жазында арна эфирінде көрсетілген болатын. Фильм түсірілімдері Алматыда өтіп, бір жарым ай бойы жүргізілді. Картинада Жандарбек Садырбаев пен Байғали Есеналиев сияқты танымал қазақстандық актерлер өнер көрсетті. Бас рөлдерді жас актерлер Еркебұлан Тоқтар мен Айбек Сағатбек сомдады.

«Қазбат»

2019 жылы қазақстандық көрермен назарына «Қазбат» атты толықметражды картинасы ұсынылды. Фильм шынайы оқиғаға негізделіп, тәжік-ауған шекарасында бітімгерлік мақсатта қызмет атқару барысында 1995 жылдың 7 сәуір күні қаза тапқан Қазақстан Ішкі әскерінің жетінші құрама ротасы сарбаздарының ерліктері туралы баяндайды. 7 сәуір күні Пшихарв шатқалында от пен оқтың ортасында жандарын шүберекке түйген антына адал сарбаздардың жасы небәрі 19-20-да болған. Фильм түсіру жұмыстарына сценарийін жазған уақытан бастап екі жыл уақыт кетті. Негізгі түсірілім жұмыстары өткен жылдың көктемінде басталып, жаз бойы жүргізілді. «Қазбат» фильмі өзінің шынайылығымен ерекшеленеді. Картинадағы әскери техника мен карудың барлығымен қолданыстағы әскери бөлімдер қамтамасыз еткен. Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігінің бас әскери қолбасшысы бекіткен жоспарға сәйкес, фильм түсірілімдеріне Ұлттық Ұлан атсалысты. Кей көріністерде массовкадағы адамдар саны 500-ге дейін жеткен. Онда қолданыстағы офицерлер, келісімшарт негізінде қызмет ететін азаматтар мен әскерде борышын өтеген сарбаздар түсті. Фильмді көрген көрермен 95-ші жылы болған оғиғаға толықтай ене алады. Картинада төрт бас кейіпкер - Азамат, Талғат, Сапар және Темірбек есімді жас сарбаз бар. Оларды отандық актерлер – Дәурен Серғазин, Рахат Халық, Дияс Мырзахмет және Шарифбек Закировтар сомдайды. Медбике Заринаның рөлін актриса Индира Шынболатқызы орындап шықты. Фильмнің бас продюсері – Данияр Ибрагимов, қоюшы-режиссері - Асқар Ұзабаев, операторы Максим Задарновский болды. Фильмде әскери көріністерді қоюға сондай-ақ актер әрі каскадер Жандос Айбасов пен Nomad Stunts каскадерлер тобы атсалысты. Картинаны Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық Ұланның қолдауымен «Аю синема» компаниясы түсірді. Фильм премьерасынан кейін биылғы жылдың қысында төрт бас кейіпкердің әскери өмірге үйренісуі, дайындықтары, уайымдары мен солдаттар мен офицерлер арасындағы қарым-қатынас кеңінен бейнеленген 10 бөлімнен тұратын телехикая жарық көрді.

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы