Размер шрифта:

Цветовая схема:

19 ақпан, 202043

Атақты Голливуд режиссері Түркістан туралы фильм түсіруі мүмкін

Зымыраған кометалар, трансформерленген түрлі техникалар мен метеорит жауыны. Талай тарихи туындыларда көне, киелі әрі рухани қала ретінде танылған Түркістан жаңа жағынан жарқырауы бек мүмкін. Тек бұл жолы - Голливудта. «Армагедон», «Пёрл-Харбор» «Скала», «Плохие парни» сияқты фильмдер мен «Трансформеры» сериялар желісінің режиссері Майкл Бэй Түркістанға келмекші. Оған себеп – Түркістан қаласы әкімі Рашид Аюповтың шақыруы. 

Көне шаһар басшысы өзінің Фейсбук парақшасында Майкл Бэйге арнап пост жазды. Онда Рашид Аюпов режиссердің  «Тургистан» атаулы ел арқау болған «6 Underground» фильмі үшін алғысын білдірді. Фильмде көрсетілген елмен Қазақстанда аттас қала бар, оны көрген миллион адам «Тургистанды» Түркістан деп ойлап, біздің қала жайында негативті пікір қалыптастыруы мүмкін екендігін айтады. Сол себепті әкім Қазақстандағы «Түркістан» қаласының фильмдегі елден айырмашылығы жер мен көктей екендігін көрсеткісі келетінін жазады.  

Бұдан бөлек, «Түркістан – ЮНЕСКО мәдени мұра тізіміне енген 1500 жыл тарихы бар туристік көне қала. Шаһар тарихы, Қожа Ахмет Яссауи кесенесі бүкіл әлем туристерін қызықтырып, өзіне баурайды. Жыл сайын біздің қалаға бір миллионнан аса адам келеді»,-делінген постта. Сөйте келе,  «Сіздің кез келген фильміңізде көрініс табатын кереметтеріміз бен қызықты жерлеріміздің көптігінің дәлелі болуы үшін мен, Түркістан қаласының әкімі ретінде Сізді біздің қалаға келіп, 17 ғасырдың тарихи жауһарлары мен заманауи сәулет ғимараттарын тамашалауға шақырғым келеді», - деп түйіндеді Рашид Аюпов режиссер Майкл Бэйге арнап жазған постын.

Қызығы сол, бұл жазбаға режиссер бірден жауап беріп, әкімнен қашан келуге болатынын сұраған. Өз кезегінде шаһар басшысы Наурыз мерекесі қарсаңында келуге кеңес беріпті.    

Айта кетсек, Бэйдің американдық киноиндустрияда өзіндік орны бар. Егер Қазақстанның күллі әлемге танылуына жанашыр жандармен бірге кино мамандары мен билік сәл ықпал етсе, бәлкім, Майкл Бэй Қазақстан үшін Голливудқа жол салар ма еді? Ойлануға азық болатын дүние. Қалай болғанда да, сол арқылы талай игілікке қол жеткізе аларымызға күмән жоқ.   

Мәселен, қай картина болмасын, оның ажарын ашып, көрерменге көрікті етіп көрсетудегі маңызды элементтердің бірі – оның локациясы. Бұл орайда Қазақстанның тылсымға толы табиғаты, айтпаса да түсінікті, шығармашылық алаңға айналмасы жоқ. Сол арқылы көпшілік білмейтін кереметтеріміз кең аудиторияға жарнамалануына мүмкіндік туар еді. Бір емес, бірнеше картиналы фильмдер әзірлеуге болатын дүниелерді паш етуге болады. Ендеше, американдық режиссердің 21 наурызда қазақ жеріне табан тірейтінінен үміт үзбейік. Кім білсін, әкімнің шақыруы бірер жылдан соң атақты Голливудта Түркістан туралы туындыны экранизациялауға негіз болар.

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы