19 ақпан, 202010

«Айка» фильмі рунеттің бас тәуелсіз кинематографиялық сыйлығына үміткер атанды

Қазақстандық әрі ресейлік режиссер Сергей Дворцевойдың «Айка» картинасы тағы бір сыйлыққа ұсынылды. Бұл жолы фильм Ресей ғаламторының KinoNews 2020 атты  бас тәуелсіз кинемотографиялық сыйлығынан үмітті. 

«Новости кино» басылымы премия үшін сайысқа түсетін үміткерлердің ұзын тізімін ұсынды. Ол «Киноман» және одан жоғары рейтингке ие болған барлық тіркелген қолданушылардың дауыс беруі нәтижесінде қысқармақ. Байқаудың алғашқы кезеңі 12 қаңтар мен 6 ақпан аралығында өтеді. Одан жеңіп шыққандарды 7-нен 15 ақпан аралығында «Новости кино» Киноакадемиясының мүшелері әр номинация бойынша жеңімпаздарды анықтайтын болады. Оның нәтижесі 2020 жылдың 16 ақпан күні белгілі болмақ. 

Ал, әзірге ұзын тізімде «Айка»-мен бірге «Дылда», «Завод», «Пилигрим», «Союз спасения», «Сторож», «Т-34», «Текст», «Холоп» пен «Юморист» сияқты фильмдер бар.  Айта кетейік, басты рөлді қазақстандық актриса Самал Ислямова сомдаған «Айка» кинотуындысы аталған сыйлықтың «Үздік ресейлік фильм» номинациясы бойынша бақ сынап, жоғарыдағы тізімдегі фильмдермен сынға түседі. 

 

Ал, жалпы кинопремияның «Үздік фильм» аталымы үшін "1917", "Ford против Ferarri", "Брачная история", "Джокер", "Достать ножи", "Ирландец", "Маяк", "Мстители 4: Финал", "Однажды в Голливуде" және "Паразиты" фильмдері күреспек. 

 

Естеріңізге сала кетейік, режиссер Сергей Дворцевойдың «Айка» кинокартинасы 2018 жылы 71-ші Халықаралық Канн кинофестивалінің негізгі байқау бағдарламасына қатысып, «Үздік әйел рөлі» сыйлығына ие болды. Ал, Германияның Котбус қаласында өткен 28-ші Халықаралық кинофестивальде фильмнің басты рөлін ойнаған қазақстандық актриса Самал Ислямова Гран-при жеңіп алды.

Автор:  Зарина Смағұлова

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы