Кіру/ Тіркелу
Айтөре Жолдасқали кинода ұстанатын басты қағидаттары туралы айтты
Елге белгілі жас дарын, біршама отандық кинокартиналар мен телесериалдардың режиссері әрі креативті бейнеклиптердің авторы Айтөре Жолдасқали өз оқырмандарымен кинодағы ол үшін маңызы зор басты қағидаттармен толығрақ бөліскен болатын. Жас талант кино өнерінде ұстанатын басты ережелері қандай? Бірге танысып көрелік.
1. Өз идеяңыз бен интуицияңызға ерік беріңіз. Ол сіздің жаңа әрі ерекше дүниелердің туындауына ерекше әсер етеді. Өз командаңызға сенім білдіріңіз және сізден туындаған идеялар мен ойларға еш уақытта күмән келтірмеңіз.
2. Егер сізге бір нәрсе ұнамаса, онда сіздің көңіліңізден шығатын шешім іздегенге дейін еңбек еткен дұрыс. Мен әрбір кадрды детальді түрде зерттеп, білуге тырысамын. Егерде маған қойылған жарық немесе актерлік ойын ұнамай тұрғанын байқасам, мен ең алдымен өзіме ұнап, көңілімнен шыққанға дейін, яғни керемет нәтижеге қол жеткізгенше еңбектенуге тырысамын.
3. Түсірмегеннен, түсірген жақсы. Бұл сәт мен үшін өте маңызды ереже. Егер сіз кем дегенде бір дубльге күмәніңіз болса, кейін өкінгеннен гөрі тағы бір рет кадрды қайталап түсірген абзал. Бәлкім сіз бұл кадрсыз-ақ тәуір дүние шығаруға болады деп ойларсыз. Дегенмен, сол сәтте түсірмей қалып, кейін өкінгеннен гөрі, қайта- қайта бір кадрды түсіріп, одан соң монтажбен алып тастауға әбден болады. Себебі, сіз үшін түсірілім алаңында маңыссыз көрінген дүниелер кейін ерекше нәтиже беретініне көз жеткізесіз.
4. Өзіңізді өз қолыңызда ұстаңыз. Режиссер – ол бас, барлық дүниелер тек режиссерден басталады. Оның өз-өзін ұстап, маңызды шешімдер қабылдай алуы алдағы нәтиже мен команданың бірлікте жұмыс істеуіне ерекше әсер етеді. Егер режиссер өзін жоғалтып алса, ұжымның көзге көрінетін қорытынды дүниесі нәтижесіз болып, жасалған еңбек ақталмай қалуы мүмкін. Сол себептен де, мен әрқашан көңілді жүріп, тек позитивті көңіл-күйде болуға тырысамын. Бұл барлық адамдар үшін және ең алдымен команда үшін өте маңызды.
5. Барлығы маңызды! Шаршап-шалдығып жүретін кез жиі болады. Ал басқаларды ол қызықтырмайды. Әркім өз сауалына жауап іздеп, режиссердің көмегіне жүгінеді. Міне, осындай сәттерде сіз өзіңізді жіберіп алмауыңыз шарт. Өйткені режиссердің, яғни сіздің әрбір шешіміңіз бен жауабыңызға барлығы тікелей байланысты болады.
Режиссер алдағы уақытта «Web-серияларды түсіруде үйренген 5 нәрсе» тақырыбы туралы өз ойларымен бөлісетіні туралы айтты. Айтөре Жолдасқали түсірген соңғы «Шекер жобасы жастар арасында кең танымалдылыққа ие болған еді. Өскелең жастар арасындағы тенденциялар мен қазіргі қоғамда кездесетін проблемалар туралы түсірілген веб-телесериал көрермен арасында жоғары бағаланып, ерекше мадаққа ие болды. Сондай-ақ, режиссер «Ұя» қысқаметражды кинофильмі мен біршама бейнеклиптердің авторы.
Фото: businessfm.kz