Размер шрифта:

Цветовая схема:

23 қыркүйек, 20209

Әйел-режиссерлер туындылары жайында бірер сөз

Әлемдік тәжірибеде отбасының функционалдық тұрақтылық деңгейіне гендерлік қарым-қатынас моделі айтарлықтай әсер ететіні көрсетілген. Әйел мен ер адамдардың құқықтарының теңдік көрсеткіші неғұрлым жоғары болса, отбасы мүшелерінің экономикалық, тұрмыстық, тәрбиелік және басқа да маңызды міндеттерді орындауларында жауапкершілік пен нәтиже жоғары болмақ. Бүгінгі таңда Қазақстанда әйелдердің құқықтары мен мәртебелерін жоғарылатуға бағытталған институционалды механизмдер жүйесі қалыптасқан. Бұл механизм үнемі дамып, жетілдіріліп отырады, ал олардың қызметтері өмірдің барлық салаларында пәрменді әрі тиімді екендігін көрсетіп отыр. Мұны осы салалардың біреуінен-ақ аңғару қиын емес. Бүгінде қазақстандық әйел-режиссерлер өздерінің мықты маман екендіктерін көрсетіп қана қоймай, еңбектерімен әлемді де таңқалдырып келеді. Бүгінгі әңгіме өзегі отандық әйел-режиссерлер мен олардың еңбектеріне арналып отыр.

25 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында «FemAgora Central Asia 2020» атты фестиваль өтіп жатыр. Жыл сайынғы шара биыл алғаш рет онлайн форматта өтуде. Бір ай бұрын басталған фестиваль аясында түрлі шаралар өткізіліп, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан мен Тәжікстан елдері әйел киногерлерінің көркем әрі деректі фильмдер көрсетілімі ұйымдастырылған. Көрермен назарына алғаш болып қазақстандық «Марьям» фильмі жол тартты. Осылайша отандық режиссер Шарипа Оразбаеваның дебюттық картинасын әйтеуір дегенде көру мүмкіндігі бұйырды. Оның өзінде қаралым уақыты көрсетілім ашық деп жарияланғаннан бастап 24 сағаттың ішінде ғана мүмкін болды. Сөйтіп бұл мүмкіндікті біз де жібермей, пайдаланып қалдық (фильм қазақстандық прокатқа әлі шыққан жоқ).

Отандық драма өткен жылы кинематограф әлемін «жарды» десек те болады. Картинаның әлемдік премьерасы Локарнодағы кинофестивальдің байқау бағдарламасында өтті. Кейін «Марьям»-ның Торонтода - солтүстікамерикандық, ал Оңтүстік Кореяның Пусан қаласында азиялық тұсаукесері өткізілді. Қазақстандық фильм әлем көрермендері мен киносыншыларын тәнті етті. Кинолента бізді де тамсандырмай қоймады. Картинаның ерекшелісі сол - актриса Меруерт Саббусинова бас кейіпкердің түптұлғасы. Әйелдің жары із-түзсіз жоғалып, ол төрт баласымен айдалада жалғыз қалады. Оның драмаға толы тағдыры да фильм желісіне арқау болып отыр. Картина отандық прокатқа шықпағандықтан, бүкіл сюжетті ашып айтпаймыз. Бас кейіпкер кәсіби актриса емес, дегенмен оны біле тұра, бізге оның ойны шынайы көрінді, себебі актриса экранға еш жасандықсыз, өмірдегі шынайы образын шығарды. Фильмде Марьямның балаларын Меруерт Саббусинованың өз балалары сомдады. Эпизодтардың басым бөлігінде оның ортаншы ұлы ойнады. Баланың мимикасы, сөйлеген сөзі қарапайым өмірдегі баланың әңгімесіндей. Сондықтан кішкентай актердің ойынына да айтар мін жоқ. Фильм Меруерт Саббусинованың шынайы өмірінен сәл ауытқыған екен. Мәселен сценарий бойынша Меруерттің күйеуі біраз уақыт өткен соң қайта оралады, ал шынайы өмірде ол әлі де болса табылған жоқ. Оны режиссер фильмде драматургия жасағысы келгенімен түсіндіреді. Фильм желісі бойынша ен далада төрт баласын асырау үшін бас кейіпкер қоғамда хош саналмайтын қадамға барады. Сондықтан картинаны кейін тамашалайтын жұрттың оның тектілігіне күмән келтірмеуі үшін, бұл да картинаға қосылған «тұздық» деп қабылдаса дейміз. Мәселен фильмнің басты идеясы өзгені емес, қазақ әйелінің рухының мықтылығын, жігерлігі мен төзімділігін көрсетуге бағытталған. Картина қазақ әйелінің қандай қиын жағдай болмасын, оған төтеп беруге күшінің зор екендігін айғақтайды. Фильм небары бес күнде түсірілген екен. Түсірілім жұмыстары Талдықорған қаласынан тысқары далада жүргізілді.

Картина сонымен қатар, Франция, Ресей, Германия елдерінде өткен халықарылқ кинофестивальдерге де қатысты. Биыл картина актрисасы Меруерт Саббусинова Қазан қаласында өткен мұсылман киносының 26-шы Халықаралық кинофестивалінде үздік әйел рөлі атағын иеленді, ал режиссер Шарипа Оразбаева Asian Film Awards 14-ші киносыйлығына үміткер атанды.

«FemAgora Central Asia 2020» фестиваліне биыл тағы алты отандық картина қатысуда. Олардың екеуі деректі фильм болса, бесеуі - көркем туынды. Соның бірі – режиссер Венера Қайыржанованың «Прятки» қысқаметражды кинолентасы. 30 минуттық туынды режиссердің өзінің сценарийі бойынша түсірілген. Оның басты кейіпкерлері – балалар, мектепке әлі қадам баспаған көрші құрбы-қыздар. Екеуі үйдің айналасында түрлі ойын ойнағанды ұнатады, ең сүйіктілері – тығылмақ. Бүлдіршіндердің өмірі еш алаңсыз емес. Оны фильмнің алғашқы кадрынан-ақ аңғаруға болады. Аружан есімді қыздардың бірінің отбасы қаражатқа мұқтаж, сол себепті көрші-қолаңның бәрінен үнемі қарыз алып отырады. Қыздың әкесі жұмыс таба алмай әлек, әйелі сол себепті де оны үнемі түрпектей береді. Сөйтіп отбасында баланың көзінше күнде ұрыс-керіс болып жатады. Ақыры әкесі ішімдікке салынып, үйіне мас күйде келеді. Бір күні оны осы күйде көшеде жатқан жерінен қызы мен құрбысы тауып, үйіне әкеледі. Бұдан кейін үйде қайта жанжал туындап, айғай-шудың дыбысына көршілері жүгіріп келеді. Кейін полиция келіп, әкесін алып кетеді.

Жанел есімді қыздың жанұясында да барлығы керемет емес. Отбасы жоқшылық көрмесе де, үйдің берекесі қашқан. Әкесі анасының көзіне шөп салады, әйелі сол себепті күнде ұрыс шығарады. Осының барлығын балалары көріп, естіп жүреді.

Режиссер отбасылардың мұндай күйге ұшырауын, бар мәселені ондағы атмосферамен көрсету үшін олардың тұрып жатқан мекенін жақсы таңдаған: тұрақты жұмыс пен табыс беретін кәсіпорындар жабылған, көпқабатты тұрғын үйлер тұтастай қаңырап, бос тұр. Қала типтес кент жартылай бос қалған. Балалардың ойнап жүрген ауласы да сол қаңыраған үйлер мен қирандылардың ортасы.

Картинада қыздар өмірді өз көздерімен елестететінін көрсетеді. Мәселен ақша қағаздың орнына жапырақтарды, ал сол «ақшаға» дүкендегі бар затты кез келген уақытта сатып ала алатын армандарын ойын түрінде жеткізеді. Алайда балалық шақтарын жібергісі келмейтін қыздардың отбасындағы түйткілді мәселелер бүлдіршіндердің бақытсыздығына апарып отыр. Әрқайсысы балалық шағын ұстап қалғысы келеді. Сондықтан айналадағы бар проблемадан қашудың жолын қыздар «тығылмақ» ойнын ойнаса, құтылатындай көреді.

«Прятки» қысқаметражды көркем картинасы жоқшылық пен маскүнемділік тақырыбын қаузай отырып, баланың тұлға болып қалыптасуында үйдегі береке мен бірліктің, отбасылық құндылықтарды сақтаудың маңызды екендігін көрсеткісі келсе керек.

Актерлердің ойындарына келер болсақ, Жанельді – кішкентай Хатиджа Сатаева, ал Аружанды Сұлтана Бектасова сомдайды. Қыздар бар болмысымен ата-анасына деген махабаттарын, отбасындағы проблемалардың жандарына бататынын, тіпті сол проблемалар арасында балалық шақтарын екінші орынға қоятындарын тамаша ойындарымен көрсете білді.

Айта кетейік, «Прятки» картинасы Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясымен түсірілген. Фильм 2018 жылы 71-ші Канн кинофестивалінің Short Film Corner бағдарламасы шеңберінде көрсетілді. Бұдан бөлек, «Прятки» 14-ші «Еуразия» Халықаралық кинофестиваліне, «Ertis Cinema» бірінші қысқаметражды көркем және деректі фильмдер халықаралық кинофестиваліне, «Бастау» студенттік фильмдер мен кино мектептерінің 7-ші халықаралық кинофестивалі мен Б.Нөгербектің 70 жылдығына арналған кинофестиваліне қатысты. Картина Қазақстаннан тыс басқа да фестивальдерде көрсетіліп, жүлделі орындарға ие болған. Атап айтқанда, Санкт-Петербургте өткен «Іnтонация» 5-ші Халықаралық байқау-фестивалінде картина «Ерекше дыбыстық шешім үшін «Григорий Яковлев Франк атындағы арнайы жүлдесіне» иеленіп, сонымен қатар Moscow Shorts-18 ресейлік кинофестивалінде үздік сценарий үшін жеңіске жетті. Фильм Германияда өткен The Independent Days International Filmfestival ХІХ кинофестиваліне, Португалиядағы The «16° Internacional Festival Signos de la Noite» 16-шы ХКФ және Қырғыстандағы 3-ші әйел-режиссерлердің кинофорумына қатысты.

Аталған екі картина да ойдан шықты. Осылайша, киногер-ханымдар қоғамның назарын түйткілді мәселеге аударып, әлемдік сарапшыларға әйел-режиссерлердің осал емес екендігін дәлелдеп отыр.

Автор:  Зарина Смагулова

Фото:  Интернет желісінен алынған

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы