Размер шрифта:

Цветовая схема:

19 ақпан, 202049

Балаларға арналған топ - 5 заманауи фильмі

Отандық киноиндустрия жыл санап жақсы көрсеткіштерге қол жеткізіп келеді. Түрлі жанрда көрерменнің талаптары мен талғамы ескеріліп, талай фильм дүниеге келуде. Дей тұрғанмен, балалардың талғамына келгенде қазақтың «Менің атым Қожа» мен «Алпамыс мектепке барады» атты сүйікті фильмдерінен басқа балаларға арналған кинотуындылардың еске түспейтіні қалай? Осыдан жас көрермендерге арналған отандық фильмдер бойынша Қазақстан қалыс қалып жатыр ма деген ойға келесің. Ондай ой туындамас үшін біз бұл бағыттағы бірер фильмдер топтамасын әзірлеп, назарларыңызға ұсынбақпыз! 

«Каникулы off-line» 

Бұл фильмнің бас кейіпкерлері – үш дос. Студент бола тұра, олар өз істерін ашуды жөн көреді. Бұл мақсаттарын жүзеге асыру үшін тәуекелге баруларына тура келеді. Жігіттер балаларға арналған лагерь ашып, оларды интернетке тәуелділіктен арылуға көмектесіп, қазақ тілі мен салт-дәстүрін үйретуді көздейді. Керемет бастама ақырындап өз жемісін бере бастайды. Лагерьге алғашқы демалушылар келеді. Осыдан бастап хикая өрби кетеді. Басты міндет – барлығының көңілінен шығу. Алайда, бұл қаншалықты жеңіл болмақ? 

Фильм режиссері - «В поисках мамы», «Салам, New York» сияқты фильмдерді қойған  Руслан Акун, продюсерлері – Ақан Сатаев пен Ернар Құрмашев. Балаларға арналған кинотуынды әзілге толы. Сонымен қатар өскелең ұрпақтың гаджеттерге тәуелділігі, туыстық тамырдан алшақтауы сияқты проблемаларды да көтереді.   

Дүниежүзілік желі нәтижесі бойынша «Каникулы off-line» жақсы жетістікке жетті. Милионнан аса қаралымнан бөлек, фильм 30 мыңнан аса «лайк» жинап, туындыға 3 мыңнан аса адам пікір білдірген. Жаман емес, солай ма? Ендеше, сіз де қалыс қалмаңыз.       

 

«Каникулы off-line 2» 

Егер «Каникулы off-line»-ды көріп шықсаңыз, міндетті түрде оның жалғасын көруге кеңес береміз. Бұл фильм – 2019 жылдың ең үздік отбасылық комедиялық кинофильмдерінің бірі. 

«Каникулы off-line 2» де Қайрат, Дастан және Болат есімді үш достың оқиғасын баяндайды. Бұл жолы достардың бизнес, достық пен қарапайым адамгершілік қатынастары сынға алынады. Сюжет желісі бойынша Қайрат есімді бас кейіпкерге инвесторлардан ұсыныс түсіп, ірі компанияға басшылық қызметке ауысады. Сол себепті лагерді өзінің жауапсыз достарына қалдыруына тура келеді. Алайда, бірінші күні-ақ бұл екеуі сөзге келмей, лагерьді екіге бөледі. Дастан мен Болат бірде-бір күн ауылда тұрып көрмеген лагерьге жаңадан келетін қала балаларының еркелігін көтеріп, жүктелген міндетті атқара ала ма?     

Фильмнің бірінші бөліміне түскен актерлердің көбін көрермен екінші бөлімнен де кездестіре алады. Жаңадан келген талантты балалар да баршылық. Сүйікті актерлердің қатарына бұл жолы актриса Динара Бақтыбаева қосылды. Түсірілім жұмыстары 30 күнге жалғасып, Алматы облысы, Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында жүргізілген екен. 

 

«Ер Төстік және Айдаһар»

Бұл туынды – Қазақстанның алғашы ұлттық толықметражды аннимациялық фильмі. 

Бұл әлемдегі  Күн – бұл самұрық құсының сиқырлы жұмыртқасы. Жерасты патшасы оны жойып жібергісі келеді. Ескі наным-сенім бойынша мың жылда бір  рет өмірге жамандық атаулыны жеңе білетін батыр туады екен. Бапы патша өзінің көмекшілерімен батырдың дүние есігін ашпауына бар күшін салмақ болады. Алайда, патша тағдырдың жазғанына кедергі болып, қитұрқы айласын жүзеге асыра алар ма екен? Оны «Ер Төстік және Айдаһар» мультфильмінен көріңіздер.  

Мультипликациялық туынды 2013 жылы жарыққа шықты. Туынды алғашында суретке салынған мультфильм ретінде шығарылмақ еді. Алайда, кейін картина заманауи, ашық әрі тартымды болып шығуы үшін оны 3D форматына ауыстырды. «Казақфильм» киностудиясының бұл туындысы кинопрокатта 300 мың АҚШ долларын жинады.   

Көпшілік қараша мультфильмнің тақырыбы сәтті таңдалғандығын айтады. Себебі қай ел болмасын өз батырын насихаттағанда, қазақ балалары да өз ұлтының мақтаныштарын білуі тиіс деп есептейді. 

 

Секер

Өмірімізде балалық шақтан асқан сиқырға толы кезең жоқ-ау, сірә?! Бұл ерекше кезең– әлеммен танысып, өзіңді-өзің аша бастайтын шақ емес пе? 

Фильм әкесі қыз болып туған бауыр еті баласын ұл бала ретінде тәрбиелеп-өсірген Секер есімді қыздың өмірі жайында баяндайды.  Кішкентай қыз болса, өзінің бойынан ұлдың қасиетін көргісі келетін әкесінің үмітін  ақтағысы келеді. Алайда, 12 жыл бойы болмысын көрсетпей келген ол, құпиясын енді қаншалықты жасыра алады екен? Бұл хикаяны қуыршақтың көбелекке айналған ертегісімен салыстыруға болады. Картина кеңес фильмдеріне ұқсайды. Алайда, сюжет желісі мүлдем өзгеше. Қыздың тағдыры жүректі тебірентіп толғандырады. Ал, мүшел жасқа келген бойжеткеннің тағдыры одан әрі не болмақ? Оны фильмді тамашалағаннан кейін білесіз.

 

«Сиқырлы демеуші»

Ербол мен Витек есімді айырылмас екі дос интернатта тұрып жатыр.  Өмірлері қиындық пен қайғыға толы. Алайда, әр қиындықтың артында жақсылық барын ұмыпаған жөн. Достардың да көрер жарығы бар. Көп ұзамай олар нағыз сиқырға кенелетін болады: кәдімгі қарапайым қуыршақ шынайы ұл балаға айналып, қос досқа қателіктерін түзетуге көмектеседі. Бірақ сиқырлы Әпитөк жайында олар ғана емес, енді барлығы білетін болады. 

«Сиқырлы демеуші» қазақстандық фантастикалық туынды 1993 жылы жарыққа шықты. Қазақстан үшін таңсық жанрдағы туындының режиссері – Ася Сулеева. 

 

Авторы: Зарина Смагулова

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы