Размер шрифта:

Цветовая схема:

29 қыркүйек, 2020238

Отандық спортшыларға арналған картина түсірілмек

Режиссер Алдияр Байракимов толықметражды көркем фильм жанрында дебюттық картинасын түсіргелі жатыр. Фильм басына талай қиын жағдайлар түссе де, күш-жігер мен талпынысқа толы спортшы туралы болмақ. Бұл туралы Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы хабарлады.

Фильмді кино орталығы мен Bairakimov&Kairzhanova Presents компаниясы бірлесіп түсіреді. Сценарий желісі бойынша картина кейіпкері балалық шақтан олимпиада жеңімпазы атануды армандайды. Алайда тағдыр тәлкегінен апатқа ұшырап, аяғынан айырылады. Содан ұзақ жылдар бойы қатты күйзелісте жүреді. Сөйтіп күндердің күнінде оған Паралимпиада ойындарында күшін сынауға мүмкіндік берілгенде барлығы өзгереді. Фильм сюжеті 2018 жылғы Паралимпиада ойындарының чемпионы атанған Александр Колядиннің тағдырынан алынған. Спортшының алтын жүлдесі қазақстандық спорт тарихында қысқы Паралимпиада ойындарындағы алғашқы жеңісі болды. Бірақ фильм толықтай спортшының өмірбаянына негізделмеген. Болашақ туынды режиссерінің айтуынша, «Паралимпиец» картинасы – күнделікті тіршілігін жасап, жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп жүрген барлық отандық спортшыларға арналады. Белгілі болғандай, фильм сценарийін жазуға Паралимпиада спортшыларының жеңістері жайындағы әңгімелер арқау болды. Ол үшін картина авторы ресейдің Сочи және корей елінің Пченханында өткен ойындарға отандық спортшыларды апарған жаттықтырушылармен кездескен. Жуырда жоба авторы кастинг өткізбек. Онда актерлік шеберлік қана емес, паралимпиада спортшыларының күнделікті қиындықтарын басынан шынайы өткеруге дайын адам іздестіріледі. Фильмді үлкен экрандардан көрсету жоспарланып отыр.  

Айта кетейік, режиссер Алдияр Байракимов қысқаметражды он төрт картина түсірген. Олардың барлығы - түрлі жанрдағы туындылар.      

Автор:  Зарина Смагулова

Фото:  kazakhcinema.kz

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы