Размер шрифта:

Цветовая схема:

04 мамыр, 2021306

«Без крыши» кинофильмінің премьерасы өтті

30 сәуірде елордада Kinopark 11 IMAX кинотеатрында «Без крыши» фильмінің тұсаукесері өтті. Премьерада түсірілім тобы, шығармашылық ұжым мен актерлер бас қосты. Сондай-ақ, кинокартинаның режиссері Ален Ниязбеков те фильмнің алғашқы көрсетіліміне қатысты. Кинотуынды қазіргі заманғы Қазақстанда күнделікті болып жатқан шынайы жағдайлар туралы айтады. Сюжет жекеменшік үй алуды армандаған, бірақ алаяқ құрылысшының алдауына түскен жас жұбайлардың өмірін көрсетеді.

Отандық жоба көрерменге көтеріңкі көңіл-күй мен астарлы әзіл ұсынатынына сенімдіміз дейді команда ұжымы.  Фильмнің сценарийлік сюжеті бойынша, Жандос пен Меруерт өздерінің жеке тұрғын үйлері болғанын армандайды. Осы армандарына қол жеткізу үшін олар қолдан келген барлық әдісті қолданады. Нәтижесінде, жас жұбайлар той жасамаудың орнына барлық жинағын үлестік құрылысқа салуды шешеді. Алайда олардың үмітін сөндірген бір жағдай орын алады. Оларға «үй салып береміз» деген компания алаяқтар болып шығып, қаржы да жоқ, үй де жоқ, аянышты халге түседі. Әділдік үшін күрескен Жандос түрмеден бір-ақ шығады. Өз арман-мақсаттары, өмірге деген жоспарлары мен ұмтылысы бір сәтте жойылып кетеді. Басындағы шаңырағынсыз қалған жас жұбайлар барлығын өз қолдарына алып, жағдайды түземек. Бірақ олардың мұндай қадамы өз өмірлеріне үлкен өзгеріс әкелетіндігінен хабары жоқ.

«Без крыши» фильмінің сценарийі үш айға жуық уақытта жазылған, алайда түсірілім бар-жоғы 25 күнге созылған.

«Бәрі де сіз ойлағандай бірден бола бермейді, кей сахналарды сәл өңдеп жіберсек, өз ойлағанымыздай бола қалады. Бірақ кей сюжеттің сценарийін өзгертуге тура келетін кездер де бар. Біз түсірілім алаңында осында шығармашылық еркіндікке жол бердік. Кейбір сахналар үшін кәдімгідей тырысып еңбектенсең, өз ойыңдағыдай шығады. Бірақ шығармашылық ұжым үшін бастапқы сюжеттік байланыстан, сценарийден алшақтап, картинаны басқа қырынан, бөлек тұсынан қарап, қабылдау керек. Сонда ғана, ортақ толыққанды композиция шығады», - дейді режиссер Ален Ниязбеков.

Картина туралы басты кейіпкерді сомдайтын әртіс Жанель Мақажан: «Отбасы қандай жағдайда болмасын, ерлі-зайыптылар әрқашан бір-біріне қолдау көрсетіп, көмектесуі керек. Бұл жанұяны оны сақтап қалудың жалғыз жолы, олай болмаса жұп ажырасып тынатыны сөзсіз. Фильмнің негізгі мәні де осында жатыр» , - дейді. 

Фильмде негізгі рөлдерді  Еркебұлан Мырзабек, Жанель Мақажан және Азамат Сатыбалды сияқты танымал актерлер ойнады.

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы