Размер шрифта:

Цветовая схема:

18 қыркүйек, 2020202

Бірден үш отандық картина Пусан кинофестиваліне жолдама алды

Қазақстанның арт-хаустық туындыларының көрсетілетін халықаралық фестивальдер аясы кеңейіп келеді. Тек бір апта бұрын ғана режиссер Әділхан Ержановтың «Желтая кошка» картинасы Венеция халықаралық кинофестивалінде әлемдік премьерасын өткізсе, енді міне, Оңтүстік Корей елінің киносарапшылар назарына да ұсынылмақ. Азиядағы ең ірі кинофестивальде одан бөлек тағы екі қазақстандық фильм бақ сынамақ.

Пусан халықаралық кинофестиваліне «Желтая кошка» картинасымен бірге қазақстандық режиссер Фархат Шәріповтың «18 килогерц» фильмі мен режиссер Руслан Пактың «Три» атты туындысы қатысады. Алдыңғы екі картина «Азия киносына апарар терезе» атты секциясында көрсетіледі, кейінгісі «Жаңа толқындар» бөлімінде бақ сынайды. Әділхан Ержанов пен Фархат Шәріповтың туындыларынан бөлек, секцияда тағы 30 шетелдік картина бар. Ал «Три» фильмі өз категориясында тағы тоғыз картинамен сайысқа түседі. Жалпы Пусан кинофестивалінде биыл 68 мемлекеттің 192 туындысы үздік атағы үшін күресетін болады.

Әділхан Ержановтың «Желтая кошка» фильмінде түрмеден босап шығып, үйіне оралған Кермек есімді жігіттің туған қаласындағы орын алған заңсыздықпен күресі, махаббаты мен арманы суреттеледі. Картинаның бас продюсері - Әсел Садуақасова мен Қанат Битеміров, фильмге сонымен қатар Ольга Хлащева, Серік Әбішев пен Гийом де Сиель продюсерлік етті. Ал басты рөлдерді актерлер Азамат Нығманов, Камила Нұғманова мен Санжар Мәди сомдады. «Желтая кошка» картинасы Ержановтың түсірген тоғызыншы толықметражды туындысы. Фильм түсірілімдері өткен жылы Алматы облысында жүргізілді.

«Азия киносына апарар терезе» атты секцияда бақ сынайтын Фархат Шәріповтың жаңа туындысы болса, өмірлерінде махаббат та, нашақорлық та, достық пен сатқындық орын алатын жасөспірімдер тағдыры суреттеледі. Кинолента Зара Есенаманның «Хардкор» кітабының желісі бойынша түсірілген. Картина сценарийін режиссердің өзі жазды.

Ал Руслан Пактың «Три» атты туындысы - Қазақстан, Оңтүстік Корея мен Өзбекстан елдерінің бірігіп түсірілген картина. Пусан Халықаралық кинофестивалінің «Жаңа толқындар» секциясына ұсынылған ко-өнім Кеңес Одағындағы ең аты шулы оқиғалардың бірінің хикаясынан – атақты адамжегіш Николай Жұмағалиевті ұстауы жайынан сыр шертеді. Драмада қазақстандық актерлер Асқар Ілиясов, Ержан Түсіпов, Нұржан Садыбеков, Самал Еслямова және ресейлік актер Игорь Савочкин рөлдер сомдайды.

Биылғы 25-ші Пусан Халықаралық кинофестивалі қазан айының 21-нен 30-ы аралығында өткізілмек.

«Қатаң профилактикалық шаралар қабылдау және фестивальдің қауіпсіз жұмысын қамтамасыз ету туралы шешім қабылданды. Пусан халықаралық кинофестивалі түрлі іс-шаралардан бас тартып, фильм көрсетілімдеріне көңіл бөлуде. Ресми фильмдер үкіметтік директиваларды қатаң сақтай отырып, Centum City қаласындағы Пусан кинотеатрында ғана көрсетіледі. Азия кинонарығы және BIFF форумы онлайн режимінде өтеді. Алайда фестивальдің өткізілуі жоспарланған кезеңде екінші деңгейдегі әлеуметтік қашықтық хаттамасы жалғасса немесе күшейтілсе, онда Пусан халықаралық кинофестивалі ақыры тоқтатылуы мүмкін», - делінген фестивальдің ресми сайтында.

Автор:  Зарина Смагулова

Фото:  biff.kr

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы