Размер шрифта:

Цветовая схема:

21 мамыр, 20201056

Жастардың тамашалайтын фильмдері арзан болмауы тиіс

Жастар арасында кең танымал болған «Бір тоқсан» картинасының кейіпкері Айбек Әзімбек сериал ұжымы туралы не ойлайды? Телехикаяның екінші бөлімі қашан шықпақ? Жас актер қазір қандай жобаға дайындалып жатыр?

Жақында жас көрермендер арасында резонанс тудырып, ерекше танымалдылыққа ие болған «Бір тоқсан» телесериалы өте табысты жобалардың бірі болғаны рас. Айта кеткен жөн, телехикая Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі тапсырысымен түсірілген болатын. Картина «Gakku» және «Mussan Entertainment» компанияларының басқаруымен жүзеге асқан еді. Жобаға Дамир Тастамбеков режиссерлік еткен болатын. Картина продюсерлері ретінде Игорь Воробьев пен Тимур Балымбетов жұмыс істеді.

Жастардың көңілінен шыққан телехикаяның сценариін жазғандар Мират Миятов, Нұржан Еркінұлы және Семен Махов болды. Картинаның басты ерекшелігі оның актерлері мен образдарында болса керек. Қазақстандық кинометографиямызда жаңа тыныс болған, мүлде жаңа бейнелер мен кейіпкерлер ерекше таңдалынып алынғаны байқалып-ақ тұр. Дәл осы сериалдан кейін жобадағы актерлер біраз танмалдылық пен табысқа кенелгені рас. Оны біз YouTube желісіндегі телехикаяның әрбір сериясының қаралым санына қарап-ақ айта аламыз.

Сонымен, бүгінгі біз сұхбаттасқан кейіпкеріміз аталған жобадағы басты кейіпкерлердің бірі, сериал жанкүйерлерінің сүйікті актері, жас дарын иесі Айбек Әзімбек. Ол бұл сұхбатта «Бір тоқсан» жобасына қалай келегенін, түсірілім барысында орын алған қызықты әрі күлкілі жағдайларымен бөліседі. Актердің өнер жолына келуіне не әсер еткенін айтып, өз отбасы туралы сыр шертеді.Экрандағы Мико мен өмірдегі Айбектің айырмашылығы қандай?

Айбек Әзімбек туралы көп ақпарат жоқ. Өзің туралы айтып кетсең. Қайда туылдың, қай оқу ордасында тәліміңді жетілдірдің? Актерлік білімің бар ма?

- Алматы қаласында туылып өстім. Нөмірі 2 - орта мектебін тәмәмдағаннан кейін, өнер жолына барғым келді. Осы мақсатта Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясында «Режиссура» мамандығы бойынша білім алдым.

 Актер болу бала күнгі арман ба? Әлде оған ата-анаң, орта немесе белгілі- бір жағдай әсер етті ме?

- Барлығы да бала кезден басталады ғой, сол кездері үйімізде видиктың касеталары көп болатын. Кей кинолар мен фильмдерді қайта-қайта тамашалай беретінмін. Сол әсер еткен болар, біраз кейіпкерлердің әр мимикасын, сөйлеу мәнері мен репликаларына дейін жаттап алатыным есімде. Кішкентайымнан олардың дауысын келтіріп, дубляж жасап ойнау мен үшін қызық болатын. 10-11 жасымда көрші достарыммен жиналып алып, әкемнің қалта телефонына фильмдерге пародия түсіретінмін. Солай-солай кино саласы мен жалпы өнер әлеміне деген қызығушылығым мен махаббатым арта түсті.

Отбасың туралы айтып берсең.  Олар кімдер, немен айналысады? Жалпы шығармашылыққа қаншалықты жақын?

 - Отбасымда төртеуміз: Әкем, анам , әпкем және мен. Кәдімгі қарапайым отбасымыз. Жанұямда өнерге жақын - әкем. Менің әкем кәсіби әнші болса да дауысы тамаша. Отбасылық әртүрлі жиындар мен кездесулерде және жалпы өз арамызда шабыттанып ән айтқанды ерекше жақсы көреді. Мен түскен «Бір тоқсан» атты жастарға арналған сериалда әкем кинода кейіпкерімнің әкесі рөлінде сомдаған болатын. Отбасым өнерде де, өмірде де маған қашанда қолдау көрсетіп, әрқашан жол сілтеп отырады. Әкемнің әнге жақын болғаны әсер етті ме, әйтеуір музыкаға, ән айтуға бір бүйрегім қашанда бұрып тұрады.

«Жігітке жеті өнер де аз» деген ғой. Кім білсін, болашақта Айбекті кинодан бөлек, үлкен сахналар мен әншілік өнерде көріп қалармыз. Жалпы актерлік жолың неден басталды? Өнердегі қадамың қандай жобалардан негіз алды?

- Актерлық мансабымды «Балапан» телеарнасының «Сезім қаласы» бағдарламасында тележүргізуші болып бастадым. Одан кейін әртүрлі жобаларға шақырту түсе бастады. Соның ішінде тележүргізушіліктен бөлек, жарнамалық роликтер мен әртүрлі рөлдер болды. Өнер әлемі жаныма жақын болғасын, мен әр шығармашылық ұсынысқа аса үлкен қызығушылықпен қарап, тиянақты дайындалуға тырысамын. Кез-келген жоба мен үшін үлкен тәжірибе және өнер жолымдағы кішкентай болсын бір белес. Бұл мені қашанда шыңдап, алдағы жобалар мен жоспарларға қанаттандырады.

Көбінің көңілінен шыққан танымал “Бір тоқсан” жобасына қалай келдің?

- «Бір тоқсан» жастарға арналған картинасы  менің актерлік тәжірибемдегі және жеке өзім үшін де қашанда үздік жобалардың бірі болып қала бермек. Маған сенім білдірген болар, сериалдағы Мико кейіпкерінің рөліне ұсыныс жасап шақыртты. Картина авторларынан бастап барлық түсірілім тобы, сценарийстер мен режиссерлер, әкімшілік топ және барлық көмекші қызметкерлерге дейін барлығы да өз істерінің нағыз шеберлері екені көрініп тұрды.  Сол себеп болған болар, сценариймен танысқаннан кейін-ақ қуана-қуана келістім.

Сериалдағы кейіпкерің Мико жайында не айта аласың?

-  Жалпы өзімнің кейіпкерім туралы айтар болсам, Мико ерекше образдағы кейіпкер. Ол оңай кейіпкер емес. Мұлде өзгеше. Қашан қарасаң көтеріңкі көңіл-күйде жүреді. Әр жағдайға жеңіл қарайды және жас бала болғанымен өзінің өмірлік ұстанымдары мен ережелері бар.

Бәрін қызықтырған сауал болса керек, сериалда неліктен Миконың ғана сүйіктісі жоқ? Және «Бір тоқсанның» жалғасы көрерменге жол тартуы мүмкін бе?

- Оның қыздарға деген ерекше талғамы сериалдың екінші сезонында белгілі болады деген үміт бар. Барлығы уақыт еншісінде деп ойлаймын.

Түсірілім кезінде орын алған қызықты оқиғалармен бөлісе кетсең?

- «Бір тоқсан» түсірілімдері кезінде көптеген қызық жағдайлар орын алатын. Оның нақты біреуін айту өте қиын. Түсірілімдер кезінде жүргізуші бізді - актерлерді таңертеңгі сағат 5-6 шамасында алып кететін. Съемкадан кейін түнгі 9-10 уақытында үйге келетінбіз. Сөйтіп келесі күннің сахналарына дайындалып боламын дегенше ұйықтап, демалып алуға бар болғаны үш- төрт сағат қана қалатын. Сол себепті ұйқының жетіспеушілігі бар, күнделікті шаршау бар, солардың әсері қатты тиген болар бір рет сериалдың түсірілімі кезінде мен партада ұйықтап қалып, екі сахна бойы солай өткіздім. Егер телесериалды мұқият тамашаласаңыз, біраз сахналардағы артқы фонда мен шынымен ұйықтап жататынмын. Сондықтан да энергияны сақтап тұру үшін күніне кем дегенде 3-4 кесе кофе ішуге тура келетін. Ал бұл организмге аса қатты пайдалы емес екенін кейіннен түсіндім.

 “Елдің баласы” фильмінің түсірілімі ауылда түсірілген еді. Осы жоба жайында айта кетсең.

- «Елдің баласы» сериалы мен үшін үлкен сынақ болды. Ол кезеңді есіме аса түсіргім келмейді.

Не себептен? Бұл жобадан қандай сабақ алдың?

- Осы жобадан кейін сценарий мен келісім шарттарды түгел оқып шықпай келіспеуді түсіндім. Әрбір нәрсенің жай болмайтындығы секілді, бұл жағдай да болашақта маған барлығына мұқият болу керектігін түсіндіргені рас.

Фильмдегі Серік пен өмірдегі Айбек қаншалықты ұқсас?

- Мен үшін Серік мүлде бөлек мінезді кейіпкер болатын.  Түсірілім алаңында оны түбегейлі өзгертуге тура келді. Айтарлықтай ұқсастық байқадым деп айта алмаймын. Бірақ өзіңе тән емес кейпікерді сомдаған керісінше актерлік шеберлігіңді шыңдай түседі. Ол маған үлкен тәжірибе болғаны анық.

Қандай жанр саған жақын? Жалпы қандай фильмдерде түсуді қалайсың?- Мен өнер жолымды енді ғана бастап келе жатырмын. Әлі «осындай жанрда түсемін» деу ерте деп ойлаймын.  Картина жанрларын аса қатты талғай бермейді екенмін. Керісінше, кәсіби шеберлігімді дамыту барысында түрлі образдар мен жанрларда эксперимент жасап көру мақсаттарымның бірі. Ал болашақта Нуар, науно-фантастика, вестерн секілді жанрлардағы фильмдерді түсіріп және сол фильмдерге түсуді арман етемін.

Отандық сүйікті актер мен актрисаларың бар ма?

- Отандық дарынды актерларден Рүстем Жаныаманов, Дәурен Серғазин және Еркебұлан Дайыров сияқты ағаларымыздың өнерін қатты бағалаймын. Сосын ерекше айтып кететін тәжірибелі актер Дулыға Ақмолданың сомдаған рөлдерін қатты ұнатамын.  Ол театр және киноның нағыз дарынды актері, талантты өнер иесінің сомдаған рөлдерін қашанда бақылап жүремін. Еліміздегі актрисалардың қатарында Аружан Джазильбекованың өнерін жақсы көремін деп айта аламын.

 Айбек Әзімбектің үш сүйікті фильмі?

- «Области тьмы», «Криминальное чтиво» және «Суини Тодд, демон-парикмахер с Флит-стрит» сынды фильмдерін сүйікті картиналарым ретінде айта аламын және кино сүйер қауымға кеңес беремін.

Бүгінгі таңда қандай жобаларға түсіп жүрсің?

- Қазір толық метражды фильмнің түсіріліміне дайындық болып жатыр, өкінішке орай ол жайында ақпараттармен толық бөлісе алмаймын. Алдағы уақытта өздеріңіз көресіздер деген ойдамын.

Бүгінгі жастар қандай фильмдерді тамашалағанды ұнатады деп ойлайсың? Оларға қандай фильмдер түсірілуі қажет?

- Фильм - адамға түрлі ой сала алады, ол жанын емдеп немесе керісінше күйзеліске түсіріп жіберетін қасиеті бар аса бағалы өнер. Ал жас буынға тиетін әсер екі еселенеді. Олардың санасы әлі жас болғандықтан, кез-келген нәрсені тез қабылдап алатын қисеттері бар. Жастар тамашалайтын әртүрлі жанрдағы фильмдер мен картиналар арқылы кішігірім болсын тәрбие алып, ой түйіп отырады және солай болу да керек. Осы тұрғыда жас жеткіншектер мен жалпы жас буын үшін түсірілетін фильмдердің берер мән-мағынасы мен дәріптейтін дүниесі кең ауқымды әрі дұрыс болуы шарт. Сондықтан біздің жастардың тамашалайтын фильмдері арзан болмауы тиіс.

Болашаққа деген жоспарың қандай?

- Мен өз ісімнің шебер маманы болуды армандаймын. Және сол жолда ерінбей еңбек етуге тырысып бағамын. Әр мамандықтың өзіне тән қиыншылықтары мен қызық тұстары бар. Оны мен қазір түсініп те, ұғынып та келе жатырмын. Алдағы уақытта көрермендерімді тағы да көптеген жаңа сапалы картиналармен қуантып, актерлік жолымда талай қызықты картиналарға түсу менің бастапқы мақсатым. Мен еңбек еткен кинофильмдер мен жобалардың кино сүйер қауымның сүйікті картинасына айналады деген ойдамын.

Уақытыңды бөліп сұхбат бергеніңе алғыс білдіреміз. Шығармашылық табыс пен таусылмас ұтымды жобалар тілейміз!

- Сіздерге де көп рахмет!

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы