Размер шрифта:

Цветовая схема:

28 шілде, 202053

"Бизнес по-казахски в Корее" фильмінің режиссері өз фильмі туралы

Шетелдік фильмдерінен асып түскен Нұрлан Қоянбаевтің продюсерлігімен түсірілген "Бизнес по-казахски в Корее" кинокартинасы ең табысты картина атанғаны сөзсіз. Бірақ бұл фильмнің аса танымал болуы жоба режиссерінің атқарған еңбегіннің арқасында да болғаны жасырын емес. Сонымен, жас режиссер Ален Ниязбеков өз картинасы туралы не дейді? Бізбен ой бөліскен еді. 

Сіз Қазақстанда әлі болмаған кассалық ең табысты фильм "Бизнес по-казахски в Корее" картинасын түсірдіңіз. "Бизнес по-казахски в Корее" кинофильмінен жиналған қаржы бір миллиард теңгені құрады. Сонымен бірге, YouTube платформасында бар жоғы бір айда 4 миллионға жуық қаралым жинады. Сіздің ойыңызша, бұл табыс кімге байланысты? Фильмнің продюсеріне? Немесе еңбектенген сценарийстерге немесе режиссерге?

- Әлбетте, біріншіден, "Бизнес по-казахски в Корее» фильміндегі ең басты еңбек Нұрлан Қоянбаевтың арқасында. Менің ойымша, бүгінде Қазақстанда бренд болып қалыптасқан. Себебі, Нұрлан өте сапалы, ауқымы кең әрі қызықты картиналарды түсіреді. Әртүрлі эксперименттерден қорықпай, біршама елдерде фильм түсіріп, көптеген режиссерлермен жұмыс істеп үлгерді. Бір сөзбен айтқанда, көрерменнің сұранысындағы киноны өндіреді. Оның талабы - әрқашан жаңашылдықты ұсыну. Жаңа мемлекеттер мен ұтымды кадрларды енгізу. Сонымен бірге, екіншіден,  "Бизнес по-казахски» франшизасы әр жылы жаңа рекордтық көрсеткіштерге жетіп отыр. Ол бұл брендтің сәтті әрі табысты екенін дәлелдейді деген сөз. Шетелдік «Форсаж» секілді әр комбэк керемет жетістіктерге жетеді. Себебі, бұл франшизаның өзінің тұрақты көреремендері бар. Үшіншіден, Корея елінің актуалдылығы деп ойлаймын. Қазір жастар арасында бұл бір тренд ретінде қалыптақан секілді. Кореяның мәдениетіне, шоубизнес индустриясына, кореялық дорамаларға қызығушылық қарқынды өсуде. Біз өз фильмімізде де сондай дорамалардың бір-екі сәттерін көрсетуге тырыстық.

 «Бизнес по-казахски в Корее» кинофильмі алдыңғы бөлімдерінен несімен ерекшеленеді?

- Бұл сұраққа көрермен дұрыс жауап береді деп ойлаймын. Бірақ, менің пікірімше, алдыңғы бөлімдерде әзіл басымрақ болған секілді. Біз бұл бөлімде кейіпкерлердің қарым-қатынасын анық жеткізуге тырыстық. Отбасылық құндылық пен олардың ішкі сезімдерімен бөлісуге ұмтылдық. Басты кейіпкерлер, Ален мен Мақпалдың, Жомарт пен Айсұлудың ара-қатынастарының көрінісін жеткізе алдық деп ойлаймын.

Не себепті дәл Корея елін таңдадыңыздар?

- Неліктен дәл Корея мемлекеті таңдалғаны туралы Нұрлан толық жауап бере кетеді деп ойлаймын. Негізінде, ол өз картиналары үшін өте сәтті геолакацияларды таңдайды. Алғашқы «Бизнес по-казахски» алдымен өз елімізде түсірілсе, кейіннен барлығы армандайтын Америка Құрама Штатында түсірді. Одан кейін ешкім күтпеген Африка жерін түсіріп ерекше жаңалық жасады. Бұл жолы таңдалған Корея мемлекеті контрастың отаны, әлемдік аренада бұл елге деген қызығушылық артып келе жатыр. Неге осындай керемет елде түсірмеске?

Көрермендердің пікірлері бойынша, фильмде Кореяның кішігірім бөлігі ғана көрсетілген. Шынында да, сыншылар интернет желісінде фильм "Кореяда"деп аталғанымен, Оңтүстік Кореяның жартысында көрмегендерін сынға алды. Бұл туралы не ойлайсыз? Көрерменнің бұл ойымен қаншалықты келісесіз?

- Біріншіден, егер көрермен Кореяны көре алмадым десе, әлбетте, оған құлақ асу керек. Бірақ бұл жерде өзіндік айьып кететін жағдай бар. Әлбетте, көрермен үшін Оңтүсітік Кореяны көру қызықты болған, мен оны түсінемін. Алайда, фильм «Бизнес по-казахски в Южной Корее» емес қой. Бұған да мұқият болу керек. Біз қолдан келгенше, Кореяның екі тарапын да толық ашып, көрсетуге тырыстық. Хан өзені, орталық көшелері, тарихи сарайлары мен жергілікті дәстүрлі үйлерін де көрсете алдық деген ойдамын. Бірақ, біздегі басты мақсат ол емес. Алдымен біз фильмнің оқиғалық желісі бойынша, яғни белгілі-бір сценарий арқылы түсіреміз. Ал көрермен дорамаларда көріп үйренген көшелер мен ғимараттарды кезіктіруді қалаған болу керек. Дегенмен, біз сценарийден асып кете алмаймыз ғой. Фильм желісі бойынша оқиға оңтүсітік пен солтүстік тарапта да және екі ел арасындағы шекарада да орын алады. Бірақ, көрермен оны Корея мемлекеті емес, жәй ғана бір табиғат ретінде қабылдаса керек. Бұл жерде түсірілімнің өзі Кореяда орын алып жатқаны да аса маңызды деп ойлаймын.

Кореялық киногерлермен өзара тәжірибе алмасу қалай жүрді?  Олар өз фильмдерін қалай түсіреді екен? Сіз режиссер ретінде өзіңіз үшін нені түртіп алдыңыз? Неліктен олардың өнімі (фильмдері, сериалдары, драмалары) бүкіл әлемге танымал? Қалай ойлайсыз.

- Біздің және корейлік киногерлердің ең басты айырмашылығы - дәл уақыт бойынша жұмыс істеулерінде. Яғни, белгілі бір уақытта келісілген жерден бөлек басқа кадрды алу үшін камераны жылжытар болсақ, корейлік мамандарға ол ерсі көрінеді. Алайда, біздің команданың қандай жағдай болмасын жұмыс істеп кете беруіне, керекті кадр үшін кез-келген нәрсеге төзімді бола білгеніне қарап корейлік тараптағы түсірілім тобы таң қалды деп айтсам болады. Себебі, олардың айтуынша, біздегі мұндай қарқынды жұмыс істеу процессіне қарап өздерінің 10 жыл бұрынғы кездеріне оралған. Бастапқы кезеңдегі шабыт не дегенмен, ерекше болатындығымен бөлісті. Қазір әлбетте олар біршама алға дамып кеткен, бірақ сол бір ерекше күйді, өзгеше талпыныс сезімін жоғалтып алған секілді. Себебі, қазір барлығы да белгілі бір норма мен рамка бойынша ғана жұмыс істейді.

Мен кореялық индустриямен таныспын деп айта аламын. Аниме қараймын, сериал және бейнебаяндарды түсіру процесстерін де зерттеген болатынмын. Қазір, шын мәнінде, Корея елінің өнімі барша әлемде сұранысқа, ерекше танымалдылыққа ие. Себебі, олар өздерін қалай бар, сол қалпында көрсетуден, шынайы болмыстарын ашық жеткізе алудан қорықпайды. Мәселен, сериалдарында ішімдікті ашық көрсете береді. Себебі, олар өмірде де ауыр жұмыс күнінен кейін достармен бір бөтелке ішуде тұрған ештеңе жоқ деп ойлайды. Сонымен қоса, бұл олардың дәстүрлерінде де бар. Өмірдегі қарапайым тұрмыс-тіршілікті ешқандай бүкпесіз жеткізе алады. Әлбетте, тағы бір ұтымды жағы қызықты сюжет пен жоғарғы озық сапа. Бұл да белгілі- бір өнімді ұсынбас бұрын міндетті түрде көңіл аударылатын дүниелердің бірі екендігі жасырын емес.

Сіздің кинофильмдеріңізде қателіктер кездеседі ме? Ал соңғы жұмысыңыз ретінде саналатын «Бизнес по -казахски в Корее» фильмінде жіберілген қателер бар деп ойлайсыз ба?

-  Кинода әртүрлі қателіктер болып жатады. Тіпті бірінші кадрда иық жоғары, ал екінші кадрда төмен тұрса, мұның өзі бейнедегі қателік болып есептелінеді. Бірақ ол техникалық тараптан кеткендіктен, оған жеңіл қарайды. Кез-келген фильмде, әрбір шығып жатқан кинокартиналарда қателіктертер болады. Онсыз мүмкін емес. Мүмкін, «Бизнес по-казахски» кинофильмінде де бар шығар. Бірақ, дәл қандай қателік екенін мен есіме түсіре де алмаспын.

 Бұл фильмде басты кейіпкер ретінде RJN 19 атты робот таныстырылды. Бірақ біз түсірілім үшін робот емес жәй ғана костюм алынғанын білеміз. Мүмкін бұл өзара келісім болған шығар, бірақ робот костюміндегі аниматорлық компанияның барлық логотиптері кадрда болды. Бұл туралы картинаның режиссері ретінде сіз не айта аласыз? Ол жіберілген қателік пе немесе келісілген пиар ма?

Кадрдан алынған

- Шынымды айтайын, мен мұны енді ғана байқап отырмын. Білесіз бе, киноиндустрия - ауқымы кең үлкен машина секілді. Біз кейбір детальдар мен нюанстарға назар аудармауымыз мүмкін. Әйтсе де, бұл мен мұқиятсыз режиссер екендігімді білдірмейді. Режиссер кішігірім басқа сауалдарға жауап береді. Әр департаменттің өзінің атқаратын жұмыстары бар. Өкінішке орай, мен бұл жағдайдың келісілген немесе бір қателік болғанын нақты айта алмаймын. Ол агенттіктің логотипі үлкен экранда көрсетілген жоқ, мен тіпті режиссер ретінде мүлде байқағаным да жоқ. Сондықтан, мен бұл жағдай жайында қандай да бір ой айта алмайды екенмін.

Автор:  Уйсунбай Жаннура

Фото:  @Niyazbekov

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы