Размер шрифта:

Цветовая схема:

27 қазан, 2021215

Болашақ режиссерлар: қалың қалай студент?

«Талаптан да білім мен өнер үйрен. Білімсіз, өнерсіз болады ақыл тұл», - дейді Шәкәрім Құдайбердіұлы. Расында, кино үздігі атану үшін ең алдымен жас маманға білім мен талпыныс қажет. Жол көрсетер ұстазың болса, нұр үстіне нұр. Қазіргі таңда қа­зақ кино өнері қарқынды дамып, киноре­жиссура саласы жаңа есімдермен толығып жатыр. Алайда, осы бағытты тағдырымен ұштастырып жүрген келешек режиссерлардың хәлі қалай? Арман қуған жастардың білім жүйесіне көңілі тола ма? Неліктен отандық кино тек өзіміздің кинотеатрдағы көрсетіліммен шектелуде? Осы тақырып аясында Қазақ ұлттық өнер университетінің студенттерімен тілдесетін боламыз. Жауабын бірге оқиық, қадірлі оқырман.

Неге режиссер мамандығын таңдадыңыз?
Арман Қаиржан, Қазақ ұлттық өнер университетінің 1-ші курс магистранты, жас режиссер:
​​​​​​– Кино негізінен бүкіл өнер салаларының жиынтығы десек артық айтпаймыз. Актерлік шеберлік, әуен мен сурет барлығын өзіне топтастырғандай. Поэзия немесе прозамен жеткізе алмайтын идеяны картина арқылы жеткізуге болады.

Өмірбай Ержан «Деректі фильм режиссурасы» мамандығының 5-ші курс студенті:
Алғашында мен продюсерлікке түскім келген. Бірақ сол жылы ол мамандықты жауып қойды. Кейін, қайда түсерімді білмей, ойым сан жаққа тарады. Арман қуып үлкен үмітпен бас қалаға келгенімде осындай жағдайға тап болдым. «Енді не істеймін?», деген сұрақ маза бермеді. Қай маман иесі боламын деп уайымдай бастадым. Сол уақытта режиссураға қабылдау болып жатты. Менің естуімше, деректі фильм режиссурасына түсу оңай. Себебі үміткерлер тым аз болады деген еді. Шынында, көркем фильммен деректі фильм режиссурасына тапсырушы абитуренттердің арасында үлкен айырмашылық бар.  Ол сәтте маған мамандықтан гөрі грантқа түсу маңыздырақ болды. Айтар сөзім, негізі бұл мамандыққа шын ниетімен іздеп келіп түсетіндер өте аз. Көбісі грант алғысы келген соң ғана тапсырады. Менде солай әрекет еттім. Емтиханға дейін 1 апта уақыт қалды. Ал менің кино әлемінен, оның ішінде деректі фильмнен мүлдем хабарым болмады. Бұрын киноға өмірі қызықпаған екем. Бір жұма барымды салып дайындалып, жоғары балл жинап, оқуға грантқа түстім.

Қанағатов Абылайхан, «Деректі фильм режиссурасы» мамандығының 1-ші курс студенті:
Қазақ киносының дәрежесін көтергім келеді. Қазір таңда да төмен емес, нақ дамып тұрған шағы. Одан әрі белестерді бағындырып, бізді әлем мойындайтындай етіп белгілі бір деңгейге жеткізгім келеді. Сол жолда қызмет етсем деген мақсатпен түстім.


Арыстанова Ақбота, «Деректі фильм режиссурасы» мамандығының 1-ші курс студенті

Арыстанова Ақбота, «Деректі фильм режиссурасы» мамандығының 1-ші курс студенті:
Режиссер – барлығын басқарады. Концерт, кино, бағдарлама болсын әрдайым басқарушы. Мен өзім кішкентайымнан өнерді сүйіп өстім.  Менің әрі  көшбасшылық қасиетім бар. Оны ескере, кино бағытынының қырсырын білгім келіп түстім. Шынайылықты экран бетінде көрсеткен соң, көркем жанрдан қарағанда өзіме жақын болды.

Ақмарал Нұрланқызы, «Деректі фильм режиссурасы» мамандығының 1-ші курс студенті:
Негізі, көбіне  шығармашыл адамдар қияли келеді. Бірақ  мен ғажайыптарға сенуден қарағанда, ақиқатты құп көремін. Деректі фильмде алдын ала қойылым жоқ, факт қалпында жеткізіледі. Сол себепті деректі фильм режиссері болғым келді.

Оқу барысында қандай кедергілерге тап болдыңыз?

Арман Қаиржан, Қазақ өнер ұлттық университетінің 1-ші курс магистранты, жас режиссер:
Оқу барысында кедергілер болды, сәйкесінше 1-2-ші курста тапсырмалар көп берілді. Әрең үлгеріп жүрдік. 3-ші курстан бастап өз киномызды түсіре бастадық. Мұғалімнің мақсаты бізді нағыз профессионалдарды дайындау екенін іс барысында көзім жетті.

Өмірбай Ержан «Деректі фильм режиссурасы» мамандығының 5-ші курс студенті:
Үлкен кедергі сабақ барысында өзге режиссерлермен бірге өтетін. Ал менің оларға қарағанда режиссурадан және кино әлемінен білімім төмен болды. Бас кезінде мен жасаған таңдаудың дұрыстығына күмәнданатынмын. Дегенмен, осы мамандыққа бет бұрғаныма, еш өкінбеймін, керісінше қуаныштымын.

Қанағатов Абылайхан, «Деректі фильм режиссурасы» мамандығының 1-ші курс студенті:
 Оқу енді басталды, әлі ешқандай бөгеттерге тап болмадым және кездеспеймін деген ойдамын. Өйткені, кедергі жалқау адамда, мамандықты дұрыс таңдамаған болмаса өз қалауымен түспеген адамда болады. Сана түйісігімен түсінген жан режиссураны шыңын бағындыру жолында ештеңеден қорықпау керек.

Ақмарал Нұрланқызы, «Деректі фильм режиссурасы» мамандығының 1-ші курс студенті:
Орыс тіліне келгенде шорқақтаумын. Әрине, түсінемін, жаза да аламын. Алайда, эссе құрау кезінде оны қазақ тілінде көсіліп, байытып құраймын. Ал орысшаға аударсам барлық шырайын жоғалтады.

Білім ордасында «әттең - ай», «осылай оқытса екен» деген кем-кетіс тұсы бар ма?

Арман Қаиржан, Қазақ өнер ұлттық университетінің 1-ші курс магистранты, жас режиссер:
Оқу бағдарламасында философия, орыс тілі, ағылшын секілді сабақтар бар, ал профильдік пәнді олармен алып жүру оңайға соқпады.  Өйткені, біз үнемі съемкада боламыз, сабақтан қаламыз, оны әр мұғалімге түсіндіру керек. Кейде түсініп жатады, кейде бағаны түсіріп тастайды. Режиссерлар фильмді түсіріп жүрген шақта, артық уақыт болмайды. Есілдертің сценарий ойлау. Сол себепті басқа пәндерге алаңдағың келмейді.

Өмірбай Ержан «Деректі фильм режиссурасы» мамандығының 5-ші курс студенті:
– Білім ордама, ұстаздарыма, оқыту әдістеріне көңілім артығымен толады. Себебі нағыз маман етіп шығару үшін олар барын салып, бізге барынша жағдай жасап отыр. Ол кісілердің тәлімінің арқасында біз жаһандық деңгейдегі шетелдік режиссерлардан талай шеберлік сабақтары уақтысында тәжірибе алмастық.  

Қанағатов Абылайхан, «Деректі фильм режиссурасы» мамандығының 1-ші курс студенті:
– Университетте айтарлықтай кемшілік жоқ. Себебі, білім деңгейі өте жоғары. Мұғалімдер өнердің барлық саласынан хабардар. Шеберлеріміз қазіргі мәдение ортаның бетке ұстар азамат пен азаматшалары. Мұндай мін арта алмаймын. Олардан әлі үйренеріміз алда.

Сабақ барысы қалай жүреді?

Арыстанова Ақбота, «Деректі фильм режиссурасы» мамандығының 1-ші курс студенті:
– Бір аптаның екі күнінде бізде режиссураға қатысты сабақ болады, әдетте  кинозалда фильмдер қараймыз. Түсінік айтып, ортаға салып талқылаймыз. Көрген кинокартинаға рецензия жазып дөңгелек үстелде тарқатамыз. Режиссура, сценарий, операторлық тұстарынан бақылаймыз. Оған қоса, суретке сырттағы адамдарды түсіреміз. Фотолар әртүрлі зат немесе құбылыс болуы мүмкін. Бұл берілген тапсырмалар біздің білікті маман атануымызға септігін тигізеді. Деректі фильм режиссері болу үшін адамдарды зерттеуге көп көңіл бөлу қажет, сондықтан  суретті жай түсірмей, оның ракурсын, түр-түсін қарастырамыз.

Ақмарал Нұрланқызы, «Деректі фильм режиссурасы» мамандығының 1-ші курс студенті:
– Екі айдың ішінде 10 шақты деректі фильм қарадық. Артынша, оларға рецензия жаздық. Әр картинаны тамашалаған соң, жеке пікір сұралады. «Қай жері ұнады?, қалай өзгертуге болады?» сол сияқты сұрақтар қою арқылы ойлау жүйемізді машықтандырамыз. Сахна қимылы, тілі пәндері де енгізілген.

Сізге әсерін қалдырған отандық фильм? Деталды түрде айтсаңыз? Ал шетелдік кинокартина арасынан сүйіп қарайтын қандай фильмдер?

Арман Қаиржан, Қазақ ұлттық өнер университетінің 1-ші курс магистранты, жас режиссер:
1995 жылы режиссер Владимир Тюлькиннің «Опыт креста» атты туындысын ерекше атағым келеді. Бірінші курс кезінде көрсем де, жадымда жатталған. Әр кадры ойымда із қалдырды. Киношығармада Атырау (бұрынғы Горев) қаласында 16-17 жасқа дейінгі жасөспірімдердің лагері жайында толықтай баяндалады.

Өмірбай Ержан «Деректі фильм режиссурасы» мамандығының 5-ші курс студенті:
Көркемдік жанрдан қарағанда деректі фильмдерден тамаша әсер аламын. Маған режиссер Владимир Тюлькиннің жұмыстары қатты ұнайды: «Опыт креста», «Повелитель мух», «Непокоренная вершина». Кинорежиссердің  кез келген жұмысы алғашқы минуттан ақ көрерменді өзіне баурап алады. Боямасыз шындықты, нағыз өмірді өзіндік көзқараспен жеткізе білген. Бұл киногерлер арасында өте сирек кездесетін жағдай. 

Қанағатов Абылайхан, «Деректі фильм режиссурасы» мамандығының 1-ші курс студенті:
Ең алғашқы 2007 жылы Ақан Сатаевтің «Рэкетир» фильмі. 2000 жылдың басында көбісі «Бригада» сериалына еліктеді. Сол секілді еліктеушілік фильмнен тарады. Кинокартинаның идеясы қарашылық пен бұзақылықтың түбі не өлім, не түрме екенін ұқтырғысы келгендей. Актерлар өз рөлдеріне сендіре алды, жоғарғы деңгейде ойнап шықты. Халықтың жадында жатталған туынды. Екінші 2016 жылғы «Анаға апарар жол» фильмі. Суреттелген картина ана мен баланың махаббатын, шынайы сезім, үміт оты сөнбеуінің көркем көрінісі. Ал үшінші, 2019 жылы шыққан тарихи жанрдағы Рүстем Әбдірашовтың «Қазақ хандығы. Алмас қылыш» туындысы. Мен мектеп қабырғасында жүрген кезден тарихқа қатты қызығамын. Сондықтан, осы жанрында түсірілген әрбір фильмдерді қарағанды жөн көремін. Ал шетелдік киношығармаларды айта кетсем, «The Gentlemen» (Сері жігіттер), «Gisaengchung» (Паразиттер) режиссура, сюжет жағынан ұтымды шығарылған.

Арыстанова Ақбота, «Деректі фильм режиссурасы» мамандығының 1-ші курс студенті:
Ақан Сатаевтің «Ұлы дала зары» фильмі маған қатты әсерін қалдырды. 1920-1933 жылдар аралығындағы қазақ халқының басынан өткен ашаршылық кезеңдегі кинотуынды. Сол зұлматты жылдары қара халық қырылып, аман қалғаны шетелде босып кетуге мәжбүр болған еді. Есімде қалған эпизоды жесір ананың қос баласын қолына ұстап, қызын қасқырларға жем етіп, ұлымен қашқаны өте ауыр сахналанған. Шетелдік «Taken»(Тұтқын) атыс-шабыс жанрындағы кинокартина өзіме қатты ұнайды. Оның динамикасы, жалпы сюжеттің өрбуі, сценарийі бір-бірін толықтырып, жеткізілген. Көрермен күтпеген эмоцияларды бастан кешіреді. Басты рөлде режиссердің өзі ойнайды. Операторлық жұмысы тамаша түсірілген, қолданылған эффектімен соның арасында өзің жүретіндей сезіледі.

Ақмарал Нұрланқызы, «Деректі фильм режиссурасы» мамандығының 1-ші курс студенті:
«Қазақ Хандығы», «Анаға апарар жол» кинотуындылары. Ұлтымыздың  тарихын тек кітап беттерінен білеміз. Киноға көрініс арқылы жан бітіргенде оны көрермен қызыға қарайды. Сонымен қатар, батыстық «Searching for Sugar Man» (Жоғалған тағдырды іздеу) деректі фильмі ұнайды. Американдық музыкант, рок жұлдызының өмірі экранизацияланған. Сюжетте оның қарапайымдылық, адалдылығын сипаттайды. Сондай-ақ, еңбегімен, өнерге расында берілгені көрініс тапқан. Өзіне алдымен қол жұмсап деген ел ішінде қауесет тарайды.  Көпке дейін жасырын жүрген әншінің халықты келесі ән топтамасымен таңқалдырған кадры өзіме ұнады. Жұмбаққа толы өмірі бейнелеген. Келесі, АҚШ-тық киногер Лаки Маккидің «Woman» (Әйел) жобасы. 50 елдің қыз-келіншектердің тағдырынан сыр шертеді. Олардың тағдырдың тәлкегі әбден әуреге салған, камераға оны бүкпесіз жайып салады. Бұл меніңше үлкен ерлік. Режиссер көтерген проблема – әйел құқығы. Өзектілігін әлі жоғалтпаған фильмде, феминизмнің не үшін керектігін ұғындырған.

Сізге өзіндік қолтаңбасы бар үлгі тұтар режиссерларыңыз кім? Енді ғана танылып жатқан есімдерді естуіңіз бар ма?

Арман Қаиржан, Қазақ ұлттық өнер университетінің 1-ші курс магистранты, жас режиссер:
Владимир Тюлькин – деректі фильм режиссері. Ұнайтын жері кейіпкердің жан дүниесін аша біледі. Ол ең басында өзіне ыңғайлап, кейін кейіпкерде өзі ешқандай қысымсыз ойын толық жеткізеді. Камера арқылы режиссурасы арқылы береді. Басты рөлдегі адамның көбі біле бермейтін тұсынан ашқанды ұнатады. Меніңше, өзі де документалды жанрдың кейіпкері бола алады. Басқаға ұқсамайды, жеткізу әдіс-тәсілдері ерекше.

Өмірбай Ержан «Деректі фильм режиссурасы» мамандығының 5-ші курс студенті:
Үлгі тұтатын режиссерлерім:  ұстазым Ася Калиевна және Владимир Тюлкин. Ал шетелдік режиссерлерден Тим Бёртон жаныма жақын. Себебі, олар ешқашан біреуге ұнау немесе тапсырыс бойынша басқа мүдденің жетегінде кетпейді. Режиссер ретінде өздерінің ішкі толғанысы мен көзқарасын ұштастыра отырып, тың дүниелерді жарыққа шығаратын жандар деп білемін. Ал жас режиссерларға өмірлік тәжірбие жетіспейді деп ойлаймын. Сол себепті олардың түсірген фильмдерінен гөрі, бейнероликтары сәтті шығады.

Қанағатов Абылайхан, «Деректі фильм режиссурасы» мамандығының 1-ші курс студенті:
Ақан Сатаев, Тимур Бекмамбетов, жастар арасында Айсұлтан Сеитов және Қанат Бейсекеев. Аталған режиссерлар шетел асып, қазаны қайнаған киноиндустрияның бастауынан білім алған. Қазақ киносының дәрежесін көтеруге атсалысып жатқан жігіттер. Ал аға буынды айтпасамда түсінікті болар. Ал шетелдік: Кветин Тарантино мен Гай Ричи.

Арыстанова Ақбота, «Деректі фильм режиссурасы» мамандығының 1-ші курс студенті:
Владимир Тюлькин. «Опыт Креста» деген фильмі бар. Колониядағы балалардың қалай қинағанын шынайы ашық көрсетілген. Десе де, «крест» сөзі латын тілінен аударғанда қинаудың ең соңғы баспалдағы деген мағына білдіреді.  Басынан аяғына дейін қалай болғанын шынайы картиналармен жеткізілген. Оның ерекшелігі тек архивті қопарумен шектелмейді. Сол заманның көзі көргендерімен сұхбат алып ғана қоймай, өзі түсірілімге қатысып, оқиғаны баяндайды. Сонымен қатар, тарихи кино режиссері – Ақан Сатаев.

Ақмарал Нұрланқызы, «Деректі фильм режиссурасы» мамандығының 1-ші курс студенті:
Ақан Сатаев пен Ермек Тұрсынов. «Шал» фильмі ұнайды. «Келін» фильмі қатты сынға ұшырады. Айтулы туындыда, біздің менталитетке келмейді, сол уақыттағы аудитория қабылдауға дайын болмады. Басқа елдерде осы сипаттас фильмдер қалыпты дүние.

Қазақ киноиндустриясына не жетіспейді? Қай жанрды дамыту керек?

Арман Қаиржан, Қазақ ұлттық өнер университетінің 1-ші курс магистранты, жас режиссер:
Көркем киноны айтсам, басты проблема бұл жастарға деген сенімсіздікпен қарау. Мемлекет қаржысына жыл сайын 100-ге жуық фильм түсіреді. Бірақ ол фильмдерді біз көрмейміз. Прокатқа 7-8 туынды шықса, қалғандары түсіріліп жай ғана қағаз бетінде есеп етіп өткізілуде. Алғашында жауапты «Қазақфильм» болған, қазіргі таңда «Кино қолдау орталығы». Дәл сол ән әлі жалғасып жатыр. Сапасы өте төмен немесе сапасы жақсы болса – тарихи фильм. Батырлар бейнесі мен тарихи жанрдан біздің қоғам шаршады. Себебі, кино өнер қазіргі заманның өзекті мәселесі туралы түсіріліп айтылуы керек. Бүгінгі күнде өткен шақты көп еске аламыз. Міне, осы заман өтіп жатыр, ал оны біз байқамаймыз. Мәселе идеяның тапшылығы емес, киноны қолдау орталығының басшылығында. Жоғарыда киноға мүлде қатысы лауазымды тұлғалардың билік етуінде. Басшылықта 21 ғасырдың қағида, талабын білмейтін, жастарға сенбейтін, бұрыннан бергі тозық дәстүрлермен қатып қалған догмалармен өмір сүретін адамдар отыр. Өзі және достарынан басқаға жол бермейді.

Өмірбай Ержан «Деректі фильм режиссурасы» мамандығының 5-ші курс студенті:
Қазақ киноиндустриясында осы мамандықта оқып жатқан студенттерге қолдау жетіспейді. Себебі, студенттерге арналған кино фестивальдер, республикалық семинар, тренингтар өте аз. Еліміздің телеарналарында толығымен студенттер жүргізетін жобалар пайда болса еліміздегі киноиндустрияның дамуына үлкен септігін тигізермеді деген ойдамын. Мүмкін менталитетімізге байланысты шығар, қазір отбасылық құндылықтарды дәріптейтін драма жанрындағы туындылар тым көп. Осыларды қысқартып тарихи туындыларға көбірек назар аударса, және рухани құндылықты арттыратын, байырғы дәстүрімізді жаңғыртатын мистика жанрдағы туындалар жетіспейді деп ойлаймын.

Қанағатов Абылайхан, «Деректі фильм режиссурасы» мамандығының 1-ші курс студенті:
– Аға буынның жастарға жол бермеуі деп ойлаймын. Жас буын жақсы идея алып келгенде, үлкендер жоққа шығарып, яғни ысыра салады. Сол баяғы жауыр болған тақырыптарды ұсынғанды құп көреді. Ал бір ұсынған дүние сол сәтте өтпесе, әрі қарай талпынудың қажеті жоқ. Біздің жоғарғы курстардағы, магистр дәрежесінде оқып жатқан студенттердің да ойларын тыңдап, жоғарыдан талпыныс беру керек сияқты. Себебі ойындағысын жүзеге асырғысы келіп алдында жол көрмегендіктен, кездескен тосқауылдардан соң тоқтап қалады. Керісінше, олардың арасынан іріктеп алып, республикалық деңгейде, фестивальге дайындау керек. Мен ойлаймын, сол кезде біздің кино әлемдік дәрежеде көрсетіледі деп. Себебі қазір қазақ өнері көпті мойындатып жатыр. Елімізден шыққан таланттар жер жүзіне танытуда. Осындай сәтті біз ұтымды қолданған абзал.

Арыстанова Ақбота, «Деректі фильм режиссурасы» мамандығының 1-ші курс студенті:
Боевик жанры аз. Мистика мен қорқыныш жанрлары жоқтың қасы. Тарихта да көп нарсе ашылмай қалған. Көбісі санаулы батырларды ғана біледі. Сол себепті тарихи тұлғаларды көп ашықысы келетін шығар. Режиссерлар біздің тарихты сол арқылы көрсеткісі келеді.

Ақмарал Нұрланқызы, «Деректі фильм режиссурасы» мамандығының 1-ші курс студенті:
Қазір жақсы туындылар шығып жатыр. Алайда, тек бір рет көруге ғана жарарлық. Батыстық кинолардың ішінде көп фильмді қайтақайта көргің келеді. Міне, осындай туындылардың саны аз. Біздің ұстазымыздың айтуынша, түсірілім барысында барлық идеяны ашудың қажеті жоқ. Көрермен оны өзі түсініп барып, қызығып жұмбақ секілді шешу қажет. Жаттанды сюжеттерден бойды алшақ ұстаған абзал. Бай жігіт пен ауыл қызының тағдырымен ешкімді қызықтыра алмайсың. Мистикалық жанр жетпейді. Қорқыныш, триллер, детектив жанрлары ақсаңдап тұр. Миыңды астаң-кестең етердей шытырман оқиғалы кинотуындылар жетіспейді. Оскар алып жатқан фильм қатарларына келетін болсақ, психологиялық ауыр фильмдер. Моральдық тұрғыдан соққы, адам миы қататындай мүмкін зұлымдық жетіспейді. Қатыгез фильмдер өтімді келеді.

Тәуелсіз автор ретінде болашақта қандай жанрда фильм түсіргіңіз келеді? Қандай мәселенің төңірегінде өрбиді?

Өмірбай Ержан «Деректі фильм режиссурасы» мамандығының 5-ші курс студенті:
Маған рухани мистикалық жанр жаныма жақын. Сол себепті осы жанрда тарих сүйене отырып деректі фильм түсіру жоспарда бар.  Мәселен бізде қасиетті жерлер өте көп. Маңғыстау өңірінің өзінде 362 әулиелі жер бар. Ол жерден біздің бар білетініміз жергілікті  23 аймақтан аспайды.

Қанағатов Абылайхан, «Деректі фильм режиссурасы» мамандығының 1-ші курс студенті:
– Мен болашақта деректі фильм ретінде жаһандық мәселе туралы, яғни экология, адам мен табиғат байланысын қозғайтын едім. «Біз табиғатты өлітіріп жатырмыз ба? Қалай?» деген сұрақтарға жауап ретінде тұшымды дүние түсіргім келеді. Біз қазір не істеп жатырмыз және келешек ұрпаққа не қалдырамыз? Айтады ғой, атабабамыз бізге жерді зор байлықпен  қалдырып кетті. Ал біз оның барлығын қолданып тек, бос дүние қалдырып кетеміз бе? деген тақылеттес мәселелер төңірегінде болады.

Ақмарал Нұрланқызы, «Деректі фильм режиссурасы» мамандығының 1-ші курс студенті:
Менің фильмім репрессия жылдарындағы халқымыздың қайғықасіретін көрсеткім келеді. Сол тақырыпқа келгенде ішім ашиды, 1937-38 жылдардың шындығы ашылмай қалған. Мен соны басқаша форматта әрі қызықты етіп бергім келеді. Аудиторияда қабылдауға дайын деп ойлаймын, себебі рас дүние бәріне ұнайды.

Режиссер кино түсіруші ғана емес, оған жан бітіруші. Әрбір кейіпкердің жан дүниесін шынайы түсінуші. Сондай-ақ, режиссерға қандай қасиет керек?

Арман Қаиржан, Қазақ ұлттық өнер университетінің 1-ші курс магистранты, жас режиссер:
Бізді қабылдаған комиссия мүшелері, шеберлеріміз бізге ең басынан бастап қиын мамандық екенін ескертті. Бірінші осы мамандықты игеріп алу керек. Содан кейін өзіңнің қалағаныңды істей аласың. Мұны екенің бірі жасай бермейді. Өте салмақты, шыдамды, тұрақты жүйке жүйесі болу керек. Бірақ, киносыз өмірді елестете алмаймын. Қазіргі режиссерге тапқырлық керек. Өз идеяңды бөлісу, продюсерге жеткізу кезінде дұрыстығына сендіру басты орында. Өйткені, мұғалімдер айтуы бойынша, түсініксіз жанрлар қатары, түсіру тәсілдері артуда, соның салдарынан бәсекелестік көп. Сапасы жағынан орташа фильмдердің қасында көруге тұрарлық туындылар байқалмай қалуы мүмкін. Сондықтан өзіңді өзің жасай білу керек, кино деген көзқарасқой, сол өзіңнің көзқарасыңды жеткізіп талпыну керегі сол.

Өмірбай Ержан «Деректі фильм режиссурасы» мамандығының 5-ші курс студенті:
Ұйымшылдық және дисциплина қажет деп ойлаймын. Себебі режиссер кино түсіру барысында көптеген адаммен бірге жұмыс жасайды. Түсірілім барысында ұйымшылдықтың жоқтығынан көптеген кикілжіңдер болып жатады.  Барлығын бір механизім секілді жұмыс жасата алатын ұйымшылдық қасиет режиссерге ең керегі деп түсінемін.

Қанағатов Абылайхан, «Деректі фильм режиссурасы» мамандығының 1-ші курс студенті:
Ең алдымен адамгершілік, көшбасшылық, кез келген жағдайдан шыға білу қасиеті, қатыгездеу болса, өйткені түсірілім алаңында көптеген жағдайлар орын алады. Жалпы айтқанда, мықты адам болу. Қолынан барлығы келетін, ешқандай жағдайда сынбайтын, төзімді, сабырлы және сенім керек. Өзіңе де сену керек  топқа да сену керек. Сен түсіріп жатқан дүние барлығын таңқалдыруыңа сенуің керек. Салыңды суға кетірмей, алған бетіңнен таймау.

Арыстанова Ақбота, «Деректі фильм режиссурасы» мамандығының 1-ші курс студенті:
– Жауапкершілік, басқарушылық. Сезімталдық, түйсігіңмен ойлау. Сцеранийге жазу барысында бар тұла бойымен сезіне жазса, фильм сәтті шығады деген ойдамын. Батыл болу керек. Деректі фильмге әрдайым батылдық, ізденімпаздық керек. Жанжақты, ой өрісі кең болуы қажет.

Ақмарал Нұрланқызы, «Деректі фильм режиссурасы» мамандығының 1-ші курс студенті:
Ең маңыздысы универсалды түрде ойлана білу керек. Кез келген тақырыптың төңірегінде әңгіме өрбітетіндей хабардар болған жөн. Табандылық пен қайсарлық ең қажеттісі. Ешкімге еліктемей жеке пікірімен санасу. Мысалы, Ермек Тұрсынов өз ойы бар жеке тұлға. Сол қасиетімен ол ерекшеленеді.


Ақмарал Нұрланқызы, «Деректі фильм режиссурасы» мамандығының 1-ші курс студенті

Қазақ жастарының қолыннан шыққан комикстарды экран бетінен қашан көреміз?

Өмірбай Ержан «Деректі фильм режиссурасы» мамандығының 5-ші курс студенті:
Оларға қашан қолдау көрсетіледі сол уақытта көресіздер. Түсініңіз ондай туындыларды шығару үшін үлкен қаражат қажет. Ал ондай қаражат жастарда қайдан болсын?!

Қанағатов Абылайхан, «Деректі фильм режиссурасы» мамандығының 1-ші курс студенті:
Бізде комикстар бары қуантады.  Олардың қимылдауына еңбек етіп жүрген замандастарым бар. Бұйырса, 5-10 жылдықта көрерміз.

Оқырманға қандай фильм көруге кеңес бересіз?

Арман Қаиржан, Қазақ Өнер университетінің 1-ші курс магистранты, жас режиссер:
– «Опыт креста», «Не про собак», «Exit Through the Gift Shop»(Кәдесый дүкенінен шығу), «Human» (Тұлға) Сергей Дворцевойдың «Счастье» фильмдер лентасын ұсынамын.

Өмірбай Ержан «Деректі фильм режиссурасы» мамандығының 5-ші курс студенті:
Владимир Тюлькиннің «Опыт Креста» деп аталатын туындысын көруге кеңес беремін.

Қанағатов Абылайхан, «Деректі фильм режиссурасы» мамандығының 1-ші курс студенті:
Деректі кино көріңіздер. Шынын айтсам, атысшабыс, махаббаттан шаршады бәрі. Комедия да жетерлік. Ащы шындық көрген дұрыс. Халық іш пысады деп ала тонын ала қашады, ал жақсылап іздесеңіздер сапалы фильмдер көп. ВВС ұсынған «нас уже не 7,7 миллиардов человек» кинокартинасын қарап өтіңіз.

 Сұхбаттарыңыз үшін алғыс білдіремін!

«Өнер мен білім – таусылмас азық, жұтамас байлық», – дейді дана халқымыз. Қазақ жастарының қазіргі киноға деген көзқарасын білдік. Ашық диалогта көзге шыққан сүйелдей басылатын мәселелерді  бүкпесіз айту да үлкен ерлік. Қанаттарыныңыз талмай, алар асуларыңыз, бағындырар белестеріңіз көп болсын. Көтерілген мәселелердің шешімін сіз ұсынған туындылардан көреміз деген сенімдеміз. Жанкешті еңбек, тың идеяның бағасы әрдайым жоғары.

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы