Размер шрифта:

Цветовая схема:

20 қазан, 2021185

Болат Қалымбетовтің фильмі сынға ұшырағаны рас па ?

Жер бетінде қанша адам болса сонша ой бар. Біреудің жүрегіне мұң салған дүние, басқа оны шыбын шаққан құрлы көрмейді. Әркім өз пайымының шеңберінде пікір қалыптастырады. Ал кешегі премьераға келген көрермен туындыдан жүрекке жетер дүние күтті. Бірақ, фильмінің соңында аңғарғанымыздай сыңаржақ пікір қалыптасқан. Елордадағы өткен «Мұқағали» туралы тұңғыш көркем фильмі бірінің көңілінен шықса, бірі сын көзбен қарады. Бұл өнер үшін қалыпты жайт.

Фильмнің соңында айтылған пікірді ескере келе, басым көпшілігіне ұнаған. Бірақ, тым мұңлы, картинада ақиық ақынның образы ашылмаған, шындыққа жанаспайды деген пікірлерде аз болған жоқ. Десе де, көкейтесті сұрақтарымызға жобаның түсірілім тобынан алғанды жөн көрдік. Ең алдымен фильм режиссері Болат Қалымбетовты әңгімеге тарттық.

Қайырлы күн! Бүгінгі фильмнің тұсаукесері құтты болсын! Бұл тұлға туралы түсіру оңай шаруа емес. Осы жобаның жауапкершілігін алуға не түрткі болды?

– Мұқағали аға жайлы бір көркем суретті фильм түсірсем деген көптен бері ойда болды. Әртүрлі себептермен іске аспай жатты, алайда мен 13 жылдай осы ойды жүрегім, сана-сезімімнен өткізіп. Содан Жүсіпбек Қорғасбекке барып жолығып, сол кісінің келісімін алдым. Сценарийді сол кісі, мен және Ғазиз Насыров үшеуіміз жаздық. Негізі көп еңбек сіңірген Жүкең, сөйтіп кино өмірге келді міне.

Ақиық ақын  шығармаларымен ел есінде. Ал бұл картинада Мұқағали Мақатаев қай қырынан ашылмақ? Өмірлік жолына ден қоюыңыздың себебі неде?

– Ол кісіні білмейтін, танымайтын қазақ жоқ. Оның өлеңінде, өзінде бәріміз білеміз. Дегенмен де, Мұқағали Мақатаев аты аңызға айналған адам. Әркім өміріне әртүрлі сипаттама береді. Себебі, мұндай үлкен адмдардың артынан әңгіме көп жүреді дегендей. Мысалы қанша адам бар, сонша Мұқағали бар. Әр қазақтың өз Мұқағалиі бар. Ал біз мұнда өзіміздің Мұқаңды көрсетуге тырыстық. Сондықтан фильмде өмірінің соңғы жылдары, оның ішінде: отбасы, ортасы туралы өрбиді. Ең басты қойған мақсатымыз неге ол 45 жасында қайтыс болды? Неге өмірден ерте қайтты? Неге деген сұраққа жауап беруге тырыстық.   

Көркем туындыны жеткізудің арнайы тәсілдері бар, ал сізге шындықпен жанастыру қаншалықты қиындық тудырды?

– Айтатын нарсе, өмірдегі шындық пен өмірдегі шындық екі бөлек. Соның айырмашылығын біз білуіміз керек. Сонда ғана мына киноны түсінетін боламыз. Өмірдегі шындықтың экранға әкелудің керегі жоқ. Киноның өзінің заңы, теориясы бар. Соған сүйене отырып түсірілген фильм. Сондықтан біздің қиялымыз бар, армандаймыз. Бейнесін ашу үшін фантазия қосамыз дегендей. Сондықтан өмірдегі мен өнердегі шындықты шатастырып алмау керек.

Болашақта қандай жобаларды басшылық ету жоспарда бар?

– Әзірге айту қиын. Пандемия бітсін, сосын көре жатармыз. Рақмет!

Өз ойын қысқа қайырған киногердің көп жан сұрағына жауап алады деген сенімдеміз. Ал мұзбалақ ақынды сомдап шыққан, еңсегей бойлы ердің есімі – Асланбек Жанбалаев. Басты рөлдегі актерге сценарийді түсірілім күні беріліп отырғанын айтты.

Сізге осы тұлға образын ұсынғанда қандай сезімде болдыңыз?

– Бір сәтке демді тоқтатты. Ол дейтін бір тосын ұсыныс болды. Мұқағали ағамыздың рөлін сомдау бір жағынан үлкен бір бақ, бір жағынан үлкен сын. Іс оңайға соққан жоқ. Болат ағамен өзіміздің Мұқағалиімізді ұсындық. Оның не айтқысы келді, нені айта алмай кетті жалпы болашақ ұрпақтарға не қалдырып кетті. Сондай мүддені арқау етіп кейіпкерімізді көрсетуге тырыстық.

Сценарий авторлары, студия комиссиялары адамның жан дүниесіне, дене бітіміне қарап актерлар таңдалды деген. Мұқағали мен сіздің араңызда ортақ дүниелер бар ма?

– Ойнау барысында кедергілер болды. Бірақ Алланың, Мұқағалиден мені қолдағандай күй кештім. Шынында, Атырау театрындағы жұмыстарым бастан асып, үлгере алмай жүрген кезім де болды. Басқа да кішігірім шаруалар. Бір Алланың көмегі шығар, образды шығаруға әртүрлі сындарды жіберіп алмауға тырысып бақтым. Ортақ дүниелер бар. Сырт келбетіміз, пішініміз ұқсас. Екеуміз де шығармашылық адамдармыз.

Артылған жүктің ауырлығын сезінген боларсыз. Шын мәнінде прототип және  ойдан шығарылған бейнелерде не айырмашылық бар ма?

– Ойдан шығарылған ол пластелин сияқты. Өзің қалай образды құрастырасың дәл солай болып шығады. Ал өмірде болған адамның образын шығару дейтін әрқашанда да, екі есе жауапкершілікті арттырады.

Образға кіру қиынға соқты ма, әлде шығу ма?

– Кей кезде кіру де, шығу да қиын. Қызы мен баласының кадрларында ақынның жалпы ауыр тағдыры көрсетілген. Қай сахнасы болмасын ауыр тиді. Оны көтеру, жеткізу экранизациялауда қиын.

Осы істің үдесінен шықтым деп ойлайсыз ба?

– Оның бағасын көрермен берсін. Көп тұсында Болат аға көмектесіп отырды. Әріптестерім де оларда үнемі қолдап отырды. Режиссер таңдаған  актерларға ризамын. Олардың ойнаған образдары толықтыра түсті. Түсірілім барысында ой болды бірақ күмән болмады. Мына актер қалай болып жатыр, қалай көрінеді екен деп, десе де үлкен экран бетінен қарағанда бәрі үйлесіп тұр.

Қай қалаларда көрсетілім күтілуде?

– Бас қалаларымызда. Ең алғаш Шымкентте көрсетілді, бүгін міне елорда да, ертең Алматы қаласына жол жүреміз. Айта кетсек, бұл актердің көгідір экрандағы дебюті.

Ал темірді қызған кезде соқ демекші, көрсетілім аяқталысымен кеш қонақтарын сөзге тарттық. Соның бірі Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ баспасөз және баспа ісі кафедрасының профессоры, журналист – Мұратбек Тоқтағазин көзқарасымен бөлісті: «Фильм маған ұнады. Жалпы бұл фильмде замананың тынысын өте тамаша берген және образды түрде көркем детальдармен терең психологиялық форматта бере алған. Компартияның қылышынан қан тамып тұрған замандағы жалпы жүйенің өнер адамдарына әсіресе таланттардың көзқарасына тұсау салу еді. Олардың рухын басу үшін, мемлекеттік машинамен басып жаншуды сол кезде компартияның идеологтары әрқашан назарларында ұстап отырған және соны қару ретінде пайдалаған. Мұқағали Мақатаев соның құрбаны болды. Фильмде тамаша детальдар көп. Әсіресе, Мұқаң қызын өте жақсы көрген ғой. Мен саған әдемі туфли алып берем деді бірақ, өкінішке орай фильмде де куә болғандай, жаңағы қайтыс болғанда аяғына туфлиді кигізіп жатты. Жүрек тебрентетін жағдай ғой. Сұмдық! Бұл енді режиссердің тапқырлығы мен детальды сөйлете білетіндігі. Сол секілді детальдар өте көп. Жаңағы көріністер алған замананың тынысын білдіретін жерді табу оңай емес. Сондықтан туындыны өте сәтті деп есептеймін»,- деп үн қатты.

Буырқанған жас буынның көзқарасын білуге асықтық. Өйткені, жаңа тыныс, жаңа ой.

Ақбота,  студент:
– Фильм әрине ұнады. Жүрекке жететіндей болды, әсерлі. Бірақ кей жерлерінде Мұқағалиді толық аша алмады деп ойлаймын. Қызының көлік қағып, жылап қасында отырып, аяқ киім кигізген сәті жаныма батты. Баласының түрмеден арбамен алып шыққан кезде еріксіз көзіме жас келді. Сол көз алдымда әлі тұр.

Ақмарал, студент:
– Ақиық ақынның қилы тағдырын көрсете білді. Шығармашылық жағынан емес, жалпы өмір жолында ақынның шыдамды мықтылы мен сабырлығын көрсете білді. Өте қатты әсер еткен сәттері: ұлының шығуы, оны күтпеген күйде көруі, қызының өмірден озуы. Ал бұл тағдыр тәлкектері лирик ақынның мұңлы шығармаларына дүниеге тууына арқау болғанын түсіндім».

Абылайхан, студент:
– 100 пайыздан тек 60-70 пайыз үдесінен шықты. Өйткені, Мұқали туралы деректерге қанықпын. Осы уақытқа дейін ұстазым берген білім және өз қолымен жазған жазбаларын оқығаннан кейін, бұл фильмге қатты ләззат ала алмадым».

 Сіздің пайымыңызша қай тұсынан ашылмай қалды?

– Менің көргенім ақындық ғұмыры, яғни  жазушылар одағынан бірінші шығып кетуі, екінші шаңырағында болған жағдай. Бұл кісінің негізінен жалғыз өмірден озуының себебі отбасы оны тәрк етуі. Осындай критерийлерді ескерген болатынмын. Мықты кадр – жазушылар одағына келіп ксимоны қойып, есікті тарс  жауып кеткен сәті. Өйткені ол кездегі заман жағымпаздану арқылы күн көретін заман, ал ол бүкіл сол уақыттағы зиялы қауымның алдындағы әрекетін ерлік деп білем.

«Ақын – Құдайдың еркесі», деп айтқан Мұқағали Мақатаев. Заманының ғажайып ақынын тағдыр өмір тұңғиығына тастап, әбден сынады. Қазақ поэзиясының сұңқары туралы әрдайым жыр жазылып, дәріптеле бермек. Сөз патшасы өлеңнің шеберіне арналған фильмге деген пікірлер топтамасы, осылай. Қадірлі оқырман, көріп бағасын береңіз!

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы