Размер шрифта:

Цветовая схема:

06 сәуір, 20217

«Бойжеткен. Все из- за нее» : махаббат үшін күресу

Қазақстанда түсірілетін мелодрама жанрындағы туындылар әрқашан өзіндік ерекшелігімен көз жауын алады. Әсіресе, жас аудиторияны қызықтыра алатын жасөспірімдер туралы кино өзекті тақырыптарды қозғай алады. Мысалы, жасөспірімдердің арасындағы махаббат,  достық, аңсаған арманына жету мақсатында адал еңбек ету. Бүгінгі кино үлгімізде осы туралы болмақ.

    «Бойжеткен. Все из-за нее» кинотуындысы 2018 жылы жарыққа шықты. Мелодрама жанрында түсірілген киноның режиссері Абдель Фифтибаев. Киноның басты рөлдерін сомдаған жас актерлер Әлия Наурызбаева, Ерболат Ержанов, Қуаныш Жылжаксынов, Еркен Губашев. Киноның сюжетіне келетін болсақ, басты кейіпкер Анель есімді сұлу бойжеткен шетелде білім алып,анасымен бірге тұрады. Бірақ жаз айларын туған жері Алматы қаласында өткізеді. Дэн есімді кейіпкеріміз қарапайым жасөспірім, көше бойында гитара ойнау арқылы аз болса да ақша табатын ерекше тұлға. Кездейсоқ танысу арқылы екі жасөспірім арасында қызу әңгіме басталады. Дэн сұлу бойжеткенге ғашық болып, махаббат үшін ерлікке дайын болады. Яғни, Анельдің назарын өзіне аударту үшін музыкалық топ құрып, уәде берген концертте музыкалық дарындылығын паш ету үшін мақсатқа жету жолдарын іздейді. Бага есімді досымен бірге музыкалық топ құру мақсатында талантты тұлғаларды табады. Және бұнын бәрі Анель үшін…

    Мелодрама жанрында түсірілген кинотуындының сюжеті қарапайым болса да, өзіндік стилімен ерекше көзге түседі. Басты кейіпкерлердің рөлдерін сомдаған жас актерлердің жақсы ойыны десек те болады. Өз кейіпкерлерін ерекше әрі жеке тұлға ретінде аша алған. Кейіпкерлер арасындағы махаббат сезіміне шынайы сене алатын дәрежеде сомдалған. Басты кейіпкерлердің арасындағы химия  мелодрама кинотуындысында ерекше орын алған. Фильмде кездесетін кадрлар арқылы Дэн есімді кейіпкеріміздің сұлу бойжеткенге деген ғашық сезімдері сезіледі.  Сонымен қатар, кинотуынды  әсерлі әндер мен музыкамен әуезделген. Бірақ кинотуындыда әсерлі сәттердің аз болуы кездеседі. Соған қарамастан махаббат оқиғасы туралы түсірілген сапалы әрі әдемі картина.

      Басты кейіпкердің қайсар мінезі мен махаббаты үшін жасалатын ерлігі көптеген адамдарды шабыттандыра алады. Алға қойған мақсатына жету үшін ерінбей еңбек ету туралы маңызды тақырыптар да қозғалады. Сүйікті адамға арналған ерлік пен қайсарлық әрқашан ерекше мағынаға ие. Махаббат, түнгі Алматының көрікті кадрлары, шынайы сезім, гитарада ойналған әндер- романтикаға толы сәттер. Кинотуындының басты фишкасы да Алматының атмосферасы мен адамдардың музыкаға деген шексіз шабыты. Кино өте мейірімді әрі жеңіл көруге арналған. Сонымен қатар шет елдің мысалында түсірілген заманауи туынды деп санауымызға болады.

       Махаббат сезімі туралы кино үлгісін көргіңіз келсе, «Бойжеткен.Все из за нее» мелодрамасы ерекше сезім бере алады. Шабытқа толы кинотуынды адамдарға мотивация бере алатынына сенімдіміз! Жан тәңінмен сүю үшін де батылдық қажет екендігі кинотуындыда баяндалады!

Автор:  Әсел Мұртбаева

Фото:  inaktau.kz

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы