Размер шрифта:

Цветовая схема:

06 маусым, 202047

Бүгін актер Рүстем Жаныамановтың туған күні

Бүгін, яғни 6 маусым күні қазақстандық актер Рүстем Жаныаманов дүниеге келген күн. Биыл киногер 33 жасқа толды. Актердің төл мерекесіне орай оның өнер көрсеткен фильмдеріне тоқталуды жөн көріп отырмыз.

«Ореховое дерево» (2015)

Бұл фильм Оңтүстік Қазақстан облысы ауылдарының бірінде кездескен Ғабит пен Айсұлу есімді бозбала мен бойжеткен жайындағы хикая. Танысып, бірін-бірі сүйіп қалған қыз бен жігіт енді үйленуге бел буады. Жігіт дәстүр бойынша қызды оның келісімі бойынша алып қашпақ болады. Алайда, Айсұлудың ата-анасы жастардың бұл жоспарынан бейхабар болып шығады. Осылайша, жастар ересек өмірге қадам басады. Рүстем Жаныаманов фильмде бас рөлді – Ғабиттің кейіпкерін сомдайды. «Ореховое дерево» фильмінің әлемдік премьерасы Оңтүстік Корея елінің Пусан қаласында өтті. Мұнда өткен 20-шы Пуссан халықаралық кинофестивалінде отандық туынды «Жаңа ағымдар» бағдарламасында бас жүлдеге ие болды.

«Класстастар» (2018)

Бұл отандық комедия түлектер кешінде бір-біріне жыл сайын кездесеміз деп уәде берген сыныптастар жайында. Алайда, өкінішке қарай, олар бұл серттерін бұзып, 18 жылдан соң ғана бірақ бас қосады. Сыныптың бұзақысы - тәртіп сақшысына, сұлулары – үй шаруасындағы әйелдерге, қыз құмар жігіт – әйелінің айтқанына шықпаса, мұғалімдерге көз қырын тастаған бозбала жасы үлкен әйелге үйленеді. Сыныптың старостасы – кәрі қыз болып қалса, оның артынан қалмаған сымбатты жігіт кәсіпкерге айналады. Дәл осы кәсіпкерді актер Рүстем Жаныаманов сомдайды.

«Жаным, ты не поверишь!» (2020)

Бұл отандық қара комедия биыл ғана көрермен назарына ұсынылды. Фильм сюжеті бойынша Дастан есімді кейіпкер қаржылық қиындықтарға тап болады. Отбасында да береке қашқан. Тұңғыштарын көтеріп жүрген әйелінің жүйке жүйкесі жұқарып, күйеуіне күнде маза бермейді. Сөйтіп, Дастан бір күнге күнделікті күйбең тірліктен қашып, достарымен балық аулауға барады. Өзеннің маңайында олар баскесерлер тобының қылмысына куә болып, нағыз қызық осы кезде басталады. Осы баскесер жігіттің бірін жас актер Рүстем Жаныаманов сомдайды.

«Где мое кольцо» (2020)

Бұл отандық комедия әлі жарық көрген жоқ. Алайда, фильмнің қысқаша мазмұны берілген трейлер желіге тарап үлгерді. Сюжет желісі бойынша көктемнің тамаша күндерінің бірінде ірі ұрлық оқиғасы тіркеледі. Белгісіз біреу көне кұнды жүзікті ұрлап әкетеді. Полиция қызметкерлері күдіктінің ізіне түседі, алайда ол құғыншылардан қашып, жүзігін гүлдер дүкеніндегі гүл шоқтары тұрған құмыраға салып тығып қояды. Бір мезетте гүл сатылып кетеді. Онымен бірге қарақшының жүзігі де кетеді. Енді ұрлықшы жүзік табылмағанша, дүкен иесінің сүйіктісін тұтқынға алады. Өздеріңіз түсінгендеріңіздей, фильмдегі қарақшының рөлі актер Рүстем Жаныамановқа тиесілі.

Бұл - жас та болса, бас рөлдерді сомдап жүрген Рүстем Жаныамановтың тек толықметражды фильмдерде өнер көрсеткен рөлдері. Бұлардан бөлек, кино майталманы «Туған елдің түтіні», «Ана жүрегі», «Келінжан», «Күн сақшылары» және тағы басқа отандық телехикаяларда бас рөлдерді сомдады.

Автор:  Зарина Смагулова

Фото:  Актердің жеке мұрағатынан

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы