Размер шрифта:

Цветовая схема:

04 тамыз, 202066

Бүгін актер Санжар Мәдидің туған күні

Бүгін танымал қазақстандық актер Санжар Мәдидің туған күні. Өнер иесі 34 жасқа толды.

Актер Алматы қаласында туып-өсті. Халықаралық лингвистика гимназиясында оқыды. Мектепті бітіргеннен кейін Қазақ Ұлттық университетінің экономика факультетіне оқуға түсті. Бірақ қолына дипломын алған соң шығармашылыққа бет бұрды. Сөйтіп Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының режиссерлік факультетінің режиссура факультеті мен Нью-Йорктегі Өнер академиясында оқыды.

Санжар Мәди киноға алғаш рет 2009 жылы келді. Осы жылы 23 жастағы актерге Қуат Исаевтің «Обратная сторона» картинасында бас рөлді ұсынды. Бұл фильмде Санжар Нұртас есімді жас тергеуші образын сомдады. Дәл сол жылы актер 12 бөлімнен тұратын қазақстандық «Город мечты» лентасында өнер көрсетті. Жас актердің талантын байқаған режиссерлер оны оң образдағы кейіпкерлерді сомдауға жиі шақыра бастады. Дегенмен киногер 2010 жылы актер режиссер Фархат Шәріповтың «Сказ о розовом зайце» туындысында теріс пиғылды кейіпкердің рөлін орындап, көрерменнің көңілін өзіне қаратты. Әлеуметтік драмада Санжар бақуатты жастар өкілі – Жанды сомдады. Картина жарық көрген соң актерді көпшілік тани бастады. Осы жылы актер сонымен қатар Аманжол Айтуаровтың «Елім-ай» драмасында өнер көрсетті. Ал 2011 жылы екі бөлімді «Возвращение» драмасында екінші деңгейдегі ролде бой көрсетті. Алайда «Жүрегім менің – Астана» мелодрамасында ол Ренат есімді бас кейіпкерді сомдады. Осы жылы Санжар ресейлік картинаға да түсті. Режиссер Тимур Бекмамбетовтың «Елки-2» комедиясында екінші деңгейдегі рөлді сомдап, ресейлік танымал актерлермен бірге бір алаңда жұмыс істеді. 2012-2013 жылдар аралығында актер «Книга легенд. Таинственный лес» фильмі мен «Подружки» телехикаясына түсті. Қазақстан мен Армения киностудияларының бірігіп түсірген «Ход конем» кинолентасында Санжар Мәди Мурат есімді легионердің рөлін орындады. «Охота за призраком» криминалды картинасында да актер бас кейіпкерді сомдады.

Отандық киножұлдызының қоржынында бас рөлдерді сомдаған фильмдер толып жатыр. 2015 жылы Санжар «Аманат» пен «Несломленный» ленталарында, 2016 жылы Асқар Бисембиннің «Замуж в 30» комедиясында, ал 2017 жылы Сарик Андреасянның «Защитники» фантастикалық картинасында бас рөлдер Санжарға сеніп тапсырылды. Ресейлік картинада актер Ханды сомдады.

Актер Қазақстанда ғана емес, шетелде де танымал. Ол Нью-Йоркте оқып жүргенде бас рөлді Лоренцо Рикельми сомдаған «Марко Поло» тарихи шытырман картинасында бой көрсетті. Ал соңғы екі жылда актер кем дегенде 10 шақты фильмде өнер көрсетті. Атап айтқанда режиссер Әділхан Ержановтың «Бой Атбая» мен «Желтая кошка», Жеңіс Тұматаевтың «Большая маленькая жизнь», Дрю Томастың «Кровавый транзит», Ким Ки Дуктың «Три тысячи», Юрий Цайдың «Алые паруса: новая история», Вера Глаголеваның «Не чужие» картинасында бас рөлдерді сомдады.

Туған күн иесін төл мерекемен құттықтап, зор денсаулық пен ұзақ өмір тілейміз!

Автор:  Зарина Смагулова

Фото:  @sanjar.madi

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы