Размер шрифта:

Цветовая схема:

27 тамыз, 202048

Бүгін - кино күні

Бүгін кино саласының өкілдері өзінің төл мерекелерін атап өтуде. Жалпы киноның Қазақстандағы алғашқы қадамы неден басталды? Тұңғыш қазақ киносының көрсетілімі қашан өтті? Бүгінгі материалда осы сұрақтардың жауабын айтатын боламыз. 

Желідегі қолжетімді ақпаратқа сүйенсек, киноның Қазақстандағы алғашқы қадамы 1925 жылы жасалды. Ол кезде Қызыл-Орда қаласында өткен Республика Кеңесінің 5-ші съезінің хроникалық түсірілімдері жүргізілген екен. Дәл осы жылы Қазақстанда «Годовщина существования КазССР» атты алғашқы деректі фильмі пайда болды. Ал 1929 жылы Алматыда Жалпыресейлік «Востокфильм» тресінің өндірістік бөлімшесі саналған алғашқы киностудия құрылды. Бөлімше «Кооперация в аулах», «Қызыл әскер», «Новая столица», «Жайлауда» сияқты деректі қысқаметражды фильмдер шығарды. 1934 жылы Алматы кинохроника студиясы құрылып, «Кеңестік Қазақстан» киножурналы мен деректі фильмдер шығарыла бастады. Негізінен қазақстандық кинематограф 1939 жылы экранға шыққан «Амангелді» фильмінен бастау алады деп есептеледі. Картина ҚазКСР-інің мәдени өміріндегі айтулы оқиға болды. Бірақ қазақстандық кинематографтың ары қарайғы дамуы екінші дүниежүзілік соғыс салдарынан біршама бәсеңдеп қалды. Алайда 60-шы жылдары қайта жанданып, қазақстандық кинематографта соғыс жайындағы «Сказ о матери», «Земля отцов», «Транссібір экспресі» сияқты фильмдер шықты. Соғыстан кейінгі жылдардағы кинематографтың Қазақстандағы жарқын өкілдерінің бірі әрине, қазақ киносының майталманы, халықтың сүйіктісі Шәкен Айманов болды. Оның 1957 жылы шыққан «Біздің сүйікті дәрігер», «Атаманның ақыры» (1970), «Тақиялы періште» (1968) фильмдері культті картиналар мәртебесіне ие болған. Осы жылдары сондай-ақ Абдулла Қарсақбаев, Мәжіт Бегалин, Сұлтан Ходжиков сияқты да қазақ киносының жарқын өкілдері өз фильмдерін түсірді. Оларға қарап, 60-шы жылдар режиссерлері қазақстандық киноның «классиктері» кейпін қалыптастырды деуге негіз бар. Кеңестік кинематограф кезеңі алдымен қайта құру, ал кейін Тәуелсіз Қазақстан киносы дамуының бастапқы нүктесі болса керек.

Кадр «Амангелді» фильмінен алынған

1967 жылы Қазақстанда мультипликациялық фильмдер жарық көре бастады. Әмен Хайдаровтың «Қарлығаштың құйрығы неге айыр» туындысы - алғашқы казақстандық мультфильм. Сол жылдары балалар мен жасөспірімдерге арнап жылына бір-екі фильм түсіріліп отырды. Олардың арасындағы ең танымалдары бұл - Абдулла Қарсақбаевтың «Менің атым Қожа», «Алпамыс мектепке барады», Қанымбек Қасымбековтың «Шоқ пен шер», Шәріп Бейсембаевтың «У заставы красные камни», Ася Сүлееваның «Мой дом на зеленых холмах» туындылары.

Қазақстандық кинематографтың келесі кезеңі қайта құру жылдарындағы кезең болды. Осы жылдары көптеген жас кинематографистер шығып, қазақ киносының «жаңа толқын» өкілдерін құрды. Осы кезеңде отандық кино Еуропа елдерінде де танымал бола бастады. Режиссерлер өздерінің фильмдерін түрлі халықаралық кинофестивальдерге ұсынды. 1989 жыл - отандық режиссерлерге белді халықаралық фестивальдерде алғашқы жеңіс сыйлаған жыл. «Прикосновение» кинолентасы Нант кинофестивалінің конкурсына қатысса, «Волчонок среди людей» Франфуркт-на-Майне мен Лиссабонда көрсетілді. Ал «Влюбленная рыбка» картинасының тұсаукесері Нью-Йорк штатында өтті. Кейін Дәрежан Өмірбаевтың «Кардиограмма» фильмі екі ай бойы франциялық прокатта жүріп жатты. Сатыбалды Нарымбетовтың «Жизнеописание юного аккордеониста» картинасы француз киноөнер академиясының Жорж Садуль атындағы сыйлығымен қоса тағы алты жүлдеге ие болды, ал Абай Қарпықовтың «Фара» фильмі үздік ер адам рөлі үшін Мәскеу кинофестивалінде жүлдегер атанды.

Кадр «Көшпенділер» фильмінен алынған

2000 жылдардың басында Қазақстанда талай жаңа фильмдер шыға бастады. 2005 жылы түсірілген «Көшпенділер» тарихи туындысы қазақ кино тарихында ерекше орынға ие. Ал 2007 жылы режиссер Ақан Сатаевтың «Рэкетир» картинасы үлкен аудиториялар жинап, көпшіліктің көңілінен шықты. Қазақстандық кинематографтың жаңа режиссерлер өкілдері ретінде Эмир Байғазин мен Әділхан Ержановты атауға болады. Олардың туындылары азиялық үздік фильмдер қатарынан көрініп жүр. Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының түлектері қазақстандық кино дамуының жаңа кезеңін бастап, әлеуметтік тақырыптарға фильм түсіруде.

Жалпы бүгінгі таңда Қазақстанда жылына 15-20 фильмнен түсіріліп келеді. Оларды отандық қана емес, шетелдік киносарапшылар да жоғары бағалауда. Фильмдердің прокаттағы тағдырлары да жақсы көрсеткіштерге қол жеткізуде. Мәселен биылғы жылы қазақстандық кино тарихында тұңғыш рет продюсер Нұрлан Қоянбаевтың «Бизнес по-казахски в Корее» комедиясы бір миллиард теңгелік аса касса жинады.

Автор:  Зарина Смагулова

Фото:  Интернет желісінен алынған

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы