Размер шрифта:

Цветовая схема:

11 маусым, 2020620

Бүгін Құралай Анарбекованың туған күні

Бүгін, яғни 11 маусым күні танымал актриса әрі продюсер Құралай Анарбекова дүниеге келген күн.

Құралай Анарбекова Ақтөбе облысының тумасы. Кино саласына қадам басқан сәттен бері ол оннан аса фильмге түсіп, өзі де кино түсіріп, продюсер атанды. Оның актерлік қызметі осыдан тура он жыл бұрын – 2010 жылы қазақстандық режиссер Талғат Тименовтың «Менің күнәлі періштем» фильміндегі бас рөлді сомдаудан басталды. Картинада актриса атақты француз актері Жерар Депардьемен өнер көрсетті. Фильм жас талантты әнші Айша Аброева жайынан сыр шертеді. Қыздың арманы – Францияда ән айтып, Парижді баурау. Әнші қызды Құралай Анарбекова сомдайды.

Актрисаға танымалдық әкелген оның 2011 жылы режиссер Ақан Сатаевтың «Жаужүрек мың бала» фильміндегі Қорланның рөлі еді. Бұл рөлге 120-ға жуық актриса үміткер болған, алайда режиссер Құралайды таңдады.

2012 жылы актриса Бүкілресейлік мемлекеттік кинематография институтының «Кино және ТВ продюсері» мамандығына оқуға түсті. Кейін продюсерлік компанияда еңбек етіп, «Алтын ұя» және «Дуэт» хикаяларының продюсері болды.

2015 жылы Құралай Анарбекова «Аманат», 2016 жылы Нұрлан Қоянбаевтың «Бизнес по-казахски» және Ақан Сатаевтың «Анаға апарар жол» фильмдеріне түсті. Ал, 2017 жылы актриса өзін продюсер ретінде көріп, «Брат или брак» фильмін түсіріп, онда өзі де бас рөлді сомдады. Фильмнің сәтті шыққаны соншалық, продюсер комедия сиквелін - «Брат или брак 2» фильмін түсіріп, 2019 жылдың басында оны жарыққа шығарды. Ал, жыл соңында продюсер қазақстандық көрермен назарына жаңа туындысын - «Ва-банк» комедиясын ұсынып, ондағы бас рөлдің бірін өзі сомдады. Биыл киногер тағы бір жаңа туындысын - «ТойХана» комедиясын жарыққа шығармақ. Картина 1-ші шілде күні көрермендерге жол тартады деп жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, Құралай Анарбекова биылғы жылдың тамызынан бастап қазақстандық прокатқа шығатын әнші Айқын Төлепбергеннің «Где мое кольцо?» фильмінде де өнер көрсетеді.

Кино саласындағы еңбегі үшін продюсер әрі актриса талай марапаттарға ие болған. 2013 жылы ол «Серпер» мемлекеттік сыйлығының «Кино» аталымының лауреаты атанды. 2018 жылы Құралай Анарбекова Канн кинофестивалінің ашылуына шақыру алды. Ал, 2019 жылдың күзінде актриса «Брат или брак 2» фильміндегі рөлі үшін «Almaty Film Festival» кинофестивалінде «Үздік әйел рөлі» үшін жүлделі болды.

Туған күн иесін төл мерекесімен құттықтай отырып, ұзақ ғұмыр мен шығармашылық жетістіктерге жете беруін тілейміз!

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы