Размер шрифта:

Цветовая схема:

12 тамыз, 2020524

Бүгін Еркебұлан Дайыровтың туған күні

Бүгін танымал қазақстандық актер, «Серпер» Қазақстан Жастары одағы сыйлығының лауреаты, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Еркебұлан Дайыров өзінің төл мерекесін атап өтуде. Актер биыл 34 жасқа толды.

2008 жылы ол Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының музыкалық театр мен эстрада факультетін бітірді. 2006 жылдан бастап М.Әуезов атындағы қазақ драма театрының актері болып қызмет етеді.

Актер кино саласына алғаш рет 2009 жылы келді. Осы жылы ол «Ойпырмай или Дорогие мои дети» картинасында эпизодтық рөлде ойнады. Бұдан кейін «Жаужүрек мың бала» тарихи туындысы мен «Парыз» атты телехияларда үзінділер сомдады. 2012 жылы актер «Тағдыр» телехикаясында Айдардың рөлінде ойнады. Ал 2013 жылы «Бауыржан Момышұлы» шағын телехикаяда өзінің тұңғыш әрі басты рөлін сомдады. Осы туындыдан соң кино майталманы фильмдерде үнемі бас рөлдерден көрініп отырды. Атап айтқанда, «Дорога домой», «Жат», «Шлагбаум», «Тараз», «Әміре», «Қазақ хандығы. Алмас қылыш», «Қазақ хандығы. Алтын тақ», «Балуан Шолақ» сияқты көркем фильмдері мен «Сүйе білсең», «Қазақ хандығы» және «Қарлығаш ұя салғанда» телехикаялары. Бұдан бөлек, актердің қоржынында «Жұлдыздар тоғысқанда», «Дорога к матери», «Қыз жолы», «Ради тебя», «Көшбасшы жолы. Астана», «Томирис» сияқты картиналары бар. Отандық актер Қазақстанда ғана емес, көршілес Ресей елінің тарихи туындыларында да өнер көрсетті. 2018 жылы Еркебұлан режиссер Тимур Алпатовтың «Золотая Орда» телехикаясында Мусабтың, ал 2019 ресейлік «Тобол» картинасына түсіп, жоңғар жауынгері Онхудайдың рөлін сомдады.

Еркебұлан Дайыров кино саласына қосқан үлесі үшін талай марапатқа ие болған. 2013 жылы актер Қазақстан Жастары одағының «Серпер» сыйлығының лауреаты атанды. 2014 жылы «Бауыржан Момышұлы» фильміндегі рөлі үшін «Намыс» медалімен марапатталды. Ал 2015 жылы ер адамның рөлін үздік орындағаны үшін Мәскеу Халықаралық кинофестивалінде «Күміс Георгий» сыйлығына ие болды. 2016, 2017 жылдары актер жылы Қазақстан киносыншылар одағының «Сыншылар таңдауы» сыйлығында екі жыл қатарынан «Үздік ер адам рөлі үшін» аталымының жеңімпазы атанған. 2016 жылы«Шлагбаум» драмасындағы өнері үшін болса, 2017 жылы «Тараз» криминалды драмасындағы еңбегі үшін осы сыйлықтың лауреаты атанды. Ал 2018 жылы Еркебұлан Дайыровқа Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері атағы берілді.

Туған күн иесін төл мерекесімен құттықтап, зор денсаулық пен шығармашылық табыстар тілейміз!

Автор:  Зарина Смагулова

Фото:  @erkebulan_dairov

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы