Размер шрифта:

Цветовая схема:

06 тамыз, 2020331

Бүгін Жайдарбек Күнғожиновтың туған күні

Бүгін елдің ең танымал каскадері, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан кинематографистер Одағының мүшесі, «Nomad stunts» каскадерлер тобының негізін қалаушы әрі жетекшісі Жайдарбек Күнғожинов дүниеге келген күні. Дарын иесі биыл 51 жасқа толып отыр.

Танымал каскадер 1991 жылдан бастап Қазақ мемлекеттік циркінде жұмыс істеді. Ал 2000 жылы цирк әртісі «Nomad» каскадерлер тобын құрды. Бұл істі бастауға оған сол кездері жүріп жатқан «Көшпенділер» фильмінің түсірілім жұмыстары түрткі болды. Халықаралық түсірім тобы жақсы жаттықтырылған аттарды іздеп, Жайдарбекке жүгінді. Сол тұстан бастап отандық каскадерлердің әлемдік түсірілім алаңдарына салтанатты шеруі басталды. «Көшпенділер» картинасының түсірілімінен кейін каскадер бірнеше мәрте Америкаға барып, шетелдік әріптестерінің жұмысымен танысты.

Жайдарбек Күнғожиновтың каскадерлер тобының «Дорога к матери», Жаужүрек мың бала», «Рэкетир», «Рэкетир -2», «Дневной дозор», «Томирис», «Монгол», «Неудержимые», «47 ронинов», «Тучи над холмами», «Викинг», «Золотая орда», «Конан-варвар», сонымен қатар «Марко Поло» мен «Ертұғрыл» сияқты ірі отандық және шетелдік фильмдерде тәжірибелері бар.

Жайдарбек Күнғожинов – Натали Портман, Джейм Франко, Арнольд Шварцнеггер, Брюс Уиллис, Джейсон Скотт Ли, Марк Дакаскос және тағы басқа талай кино және спорт жұлдыздарымен жұмыс істеген лауазымды қазақстандық каскадер әрі трюктерді қоюшы. Оның осымен 20 жыл басқарып отырған «Nomad Stunts» каскадерлер тобы Netflix пен HBO сияқты киноиндустрияның ірі гиганттарымен қызметтестік байланыста. Ал өткен жылы номадтықтар биыл жарық көруі тиіс диснейлік «Мулан» атты фильмінде өнер көрсетеді.

Қазақстандық каскадер АҚШ-тың Халықаралық жауынгерлік өнер академиясының «Спорт пен киноны насихаттағаны үшін» арнайы сыйлығының иегері, Канаданың Hitz International трюктерді қоюшы халықаралық тобының мүшесі. Айта кетейік, Жайдарбек Күнғожинов посткеңестік кеңістікте аталған топқа мүше болған жалғыз адам. Ал биыл Жайдарбек Күнғожинов пен «Nomad Stunts» тобы «Томирис» отандық тарихи туындысында көрсеткен трюктері үшін АҚШ-тың әлемдік каскадерлер академиясының «Таурус» сыйлығына үміткер атанды.

Туған күн иесін төл мерекесімен құттықтап, зор денсаулық, жаңа жобалар мен толағай табыстар тілейміз!

Автор:  Зарина Смагулова

Фото:  Интернет желісінен алынған

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы