Размер шрифта:

Цветовая схема:

21 сәуір, 2021237

Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек

Кейде адам жаны өнер туындыларынан ешқандай терең мән немесе мораль іздемей, жай ғана әдемі қартинаны тамашалап, жаңа бір драйвты сезініп, астарлы әзіл естіп уақыт өткізгісі келеді. Осындай көңіл күйде көруге болатын қазақстандық бірден-бір фильм – «Жаным, ты не поверишь!» комедиясы.

«Жаным, ты не поверишь!» (тікелей қазақшасы: Жаным, сен сенбейсің!) – режиссер Ернар Нұрғалиевтің треш жанрында түсірген алғашқы туындысы. Art Dealers Movie компаниясының негізін қалаушылар – актер, каскадер Жандос Айбасов, режиссер Ернар Нұрғалиев, оператор Азамат Дулатов  және продюсер Тимур Шевченко осы фильмді жарыққа шығару үшін 1 жылдан артық уақыт жұмыстанған. Олар тәжірибелік мақсатта юмор мен трешті және хоррордың элементтерін қосып, бұрын-соңды қазақ киносының тарихында болмаған  қара комедия жасап шығаруды көздейді. Қуанышқа орай, олардың ойлағаны сәтті жүзеге асты деп айтуға болады. Әдеттегі қазақ комедияларына ұқсамайтын, тақырыбы тың, жанры да өзгеше фильм Каталониядағы Халықаралық кинофестивальдің (Sitges International Film Festival) конкурстан тыс бағдарламасына ұсынылып үлгерді,  сондай-ақ ресейлік «Киношок-2020» кинофестивалінде үш бірдей марапатқа ие болды.

Фильм сюжеті көптеген басты кейіпкер Дастанның күнделікті отбасылық айғай-шуымен, жас жанұяның бітпейтін жанжалымен басталады. Бір күні Дастан аяғы ауыр, ашуға тез берілетін келіншегінің айтқанын тыңдамай, достарымен бірге қала сыртына балық аулауға аттанады.  Алғашында ештеңеге алаңсыз әңгіме-дүкен құрып келе жатқан достардың шытырман оқиғасы – шет жақтағы иесіз қалған үйдей ескі, біртүрлі көрінетін жанармай құю бекетінің біртүрлі иелерімен кездескеннен кейін басталады. Үш достың сапары әрі қарай қанға толы күтпеген оқиғалармен жалғасады. 

Тек көңіл көтеруге арналған жеңіл фильм десек те, авторлар қоғамдағы кей мәселелерді кейіпкерлердің диалогі арқылы беріп, күлкіге айналдырады. Ондай қара юмордың мысалын Мураның (басты кейіпкердің досы) полицияға қоңырау шалған сәтінен байқауға болады. Мұнда режиссер митингіге шыққан халықты тоқтатуды қарақшыларды ұстаудан гөрі маңызды іс деп тапқан полиция қызметкерлерін мазақ етеді. Сондай-ақ картинада әйел мен ердің қарым-қатынасы, отбасылы болу мәселелерінің сөз болуы да фильмге мағыналық құндылық үстейді. Дастан мен досының өзара диалогі қазір қоғамда қызу талқыға түсіп жатқан отбасыдағы ер адамның рөлі, әйел баласына деген құрмет, сыйластық секілді күрделі тақырыптарды көтереді. «Ең бірінші кезекте, отбасы дегеніміз – жауапкершілік. Ең үлкен мәселе «еркек» болып қалу ғана деп ойлайсың ба?» деген бас кейіпкердің сөздері көрерменге ой салары сөзсіз.

Фильмдегі образдардың бір-біріне мүлде ұқсамайтын, тым әртүрлі болуы оның қызықты шығуына және қосымша кейіпкерлердің басты актерлардың көлеңкесінде қалып қоймауына ықпал еткен. Мұндағы кейіпкерлер типін үш негізгі топқа бөлуге болады: алғашысы – қызық қуған қалалық  жігіттер және Жанна (Дастанның әйелі), екіншісі – ауыл қарақшыларының компаниясы және соңғысы – өз дертімен өз бетінше өмір сүріп жатқан «біртүрлі» жанұя мен маньяк. Бұлардың бір-бірімен кездесуі юмор мен қанға толы қызық сюжетті құраған.

Әртүрлілік демекші, кинодағы сан алуан саундтректер кейіпкерлер мен оқиғалар мазмұнына орай жақсы таңдалып, өзіндік ерекшелік беріп тұр. Мұнда фильмді әуенмен әрлеуге қазіргі заманауи әндер ғана емес, «Дос-Мұқасан», Роза Бағлановалардың классикалық әндері, тіпті термелер де пайдаланылған.

Туындының тағы бір көңіл қуантатын тұсы – актерлік құрамның өте сәтті таңдалуы. Басты кейіпкерді көрерменге «Черный, черный человек», «Районы» секілді картиналардан таныс Данияр Алшинов сомдайды. Күйзеліске түскен күйеудің, оқымысты жігіттің рөлін ол сенімді ойнап шықты. Басқа да негізгі актерлер Дулыга Амолда, Азамат Маркленов, Рустем Жаныаманов, Ерлан Примбетовтер фильмді шынайыландыра алды. Әсіресе, бұрын сомдаған рөлдерінінен мүлде бөлек образды алып шыққан Еркебұлан Дайыровтың шеберлігі ерекше атап өтуге тұрарлық.

Жалпы алғанда, фильм техникалық тұрғыдан да өте сапалы түсірілген. Кино көріп отырып, әрі күліп, әрі жаңа эмоцияға бөленгіңіз келсе, бұрыннан таныс қазақ актерларын мүлде жаңа қырынан көргіңіз келсе, «Жаным, ты не поверишь» картинасын тамашалауды ұсынамыз.

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы