Размер шрифта:

Цветовая схема:

08 қазан, 202110

Бұрынғы баскетболшы, қазіргі киногер – Қанағат Мұстафин

Баскетболмен кәсіби айналысып жүріп, бір күні кино саласына бет бұрамын деп шешім қабылдау үлкен батылдықты талап етеді. Алайда режиссер Қанағат Мұстафин спорт алаңынан кино әлеміне топ ете түсуді аса қиыншылық көрген жоқ. Бүгін сіздерді танымал отандық телехикаялардың және төрт толықметражды көркем фильмнің режиссерінің шығармашылығымен таныстыратын боламыз.

Қанағат Мұстафин Құрманғазыұлы –1984 жылы 6 қаңтарда Алматы қаласында дүниеге келген отандық режиссер. Сондай-ақ ол киносценарий жазумен де айналысады.

Оның киноға келу тарихы өте қызық болған. Қанағат бала кезінен бастап баскетбол спортымен кәсіби түрде шұғылданады. Ол тіпті 1998-2003 жылдары Қазақстанның баскетболдан жасөспірімдер құрамасында ойнады, Иран мен Қырғызстанда өткен халықаралық жарыстарға қатысты. 1999 жылы баскетболдан спорт шеберлігіне кандидат атағын алды. Ол жасөспірім кезінде баскетбол құрамасындағы жігіттер арасынан жарнамалық роликке актер таңдау үшін «Қазақфильм» киностудиясынан Ақан Сатаев келеді. Сол кезде киногердің көзіне Қанағат пен оның тағы бірі досы ілігіп, ол алғаш рет «Қазақфильмге» актер ретінде қадам басады. Осыдан соң ол кино әлеміне қызығып, киностудияның қызметкерлерінен рөл сұрап жүріп, бірнеше эпизодтарға түседі. Кейін өзінің актреліктен гөрі, режиссерлікке көбірек қызығатынын түсінеді.

Ол 1999 жылы орта мектепті сырттай оқушы ретінде бітіргеннен кейін Қазақ спорт және туризм академиясына (ҚазАСТ) оқуға түсті. Кейін 2003 жылы ол Қазақ мемлекеттік университетіне заң факультетінің сырттай бөліміне түсіп, оны 2005 жылы тәмамдаған.

Басқа салаларда білімін жетілдірсе де ол кино саласына деген қызығушылығын жоғалтпайды. Осылайша өзінің досы Айдархан Әділбаевпен бірге 2007 жылы «KANAIDAR Production» продюсерлік орталығын ашады.

Қанағат Мұстафин – 2010 жылдан бері Қазақстан Республикасы Журналистер одағының мүшесі. Ол сол жылы  «Мәдениет пен өнер саласындағы жетістіктері үшін» номинациясында «Шабыт» байқауының лауреаты атанды.  Ал 2011 жылы Лос -Анджелестегі Нью-Йорк киноакадемиясының режиссерлік курсын аяқтап,  кәсіби киногер ретінде диплом алды. 2012 жылдан  бастап Қазақстан Республикасы Кинематографистер одағының мүшесі болып қабылданды.

Толықметражды фильмдері:

«Серпіліс» / «Рывок» (2010)

Қанағат Мұстафиннің алғашқы толықметражды картинасы  – 2010 жылы 10 ақпанда тұсауы кесілген «Серпіліс» көркем фильмі. Картинаның сценарийін режиссермен бірге Ержан Рүстембеков пен Ерлан Нұрмұхамбетов жазған. Қоюшы-опреатор ретінде  Максим Задарновский, ал кинокомпозитор қызметіне Армен Мартиросян («DJ MAN») шақырылыған.

Фильмінің басты кейіпкері баскетболшы – Қанат. Ол көреалмаушылықтың құрбаны болады. Тізесінен ауыр жарақат алып, ауруханаға түскен оған дәрігерлер енді спортпен айналыса алмайтынын айтады. Мұнда ол бұрын бастан кешірген барлық сезімі мен түрлі түсініктерді қайта ойластырады. Аурухана төсегі спортшынының балалық шағының естеліктерін есіне түсіреді. Көрнекті спортшы ретінде ол табысқа жету жолында кездескен көптеген кедергіні жеңуге мәжбүр болды. Қазір бәрін қайталауға тұрарлық сәт сияқты. Басты кейіпкерге серпіліс жасап, шыңға шығуға талпыну керек. Қайта атақты болуды армандау сөзсіз табысқа жетелейді. Бұл картина спортшының табандылығы мен мақсатқа жетудің жолдары, әлемнің қатыгездігі туралы баяндайды. Ол жақсылыққа үйретеді және армандардың әлемді қалай өзгерте алатынын көрсетеді.

Көркем картинаның продюсерлері Айдархан Әділбаев пен Ермек Аманшаев болды. Басты рөлдерде Арыстан Мырзагереев, Асель Садвакасова, Гоша Куценко, Назим Хайров, Жан Байжанбаев, Мұрат Бисенбин, Григорий Эпштейн, Тимур Балбаев, Гүлнара Дусматова секілді актерлер сомдады.

Аталған фильм»Атлант 2011» халықаралық спорттық кинофестивалінде «Спорт туралы үздік көркем фильм» номинациясын, «All Sports Los Angeles Film Festival 2011»  кинофестивалінде ең үздік көркем фильм номинациясын иеленіп, Халықаралық «Сатылар 2012» фильм фестивалінде қазылар алқасының сыйлығына ие болды.

«Он алты қыз» (2016)

Мұстафиннің екінші картинасы – «Он алты қыз» романтикалық комедиясы. Фильм «KANAIDAR Production» продюсерлік орталығы мен  Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының қатысуымен жарыққа шықты.  Кинотуындыны музыкамен сүйемелдеген Никита Карев болса, операторлық қызметтіАйвар Қыдырбаев атқарды.

Кинофильмнің сюжеті бойынша, Нұржан мен Сәлима немере сүюді армандайды, бірақ олардың ұлы Бауыржан махаббатпен ғана үйленгісі келеді. Алайда ол 32-ге келсе де, өз сүйіктісін әлі жолықтырған жоқ. Ұлдарының қалыңдық іздейтін ойы жоқ екенін түсінген оның ата-анасы қазақтың ежелгі «белқұда» әдет-ғұрпы бойынша, Бауыржанға тұрмысқа шығуы керек қыз барын айтады. Айжан – Нұржан мен Сәлиманың жас кездерінде отбасылық достары болған жандардың қызы. Бауыржан салт бойынша үйленгісі келмесе де ата-анасының өтінішімен қалаға барады. Сонда Айжанмен танысып, екі жас түрлі қызықты оқиғаларды бірге бастан кешіреді.

Картина Шәкен Аймановтың туған жері Баянауылда (Павлодар облысы), сондай-ақ Астана, Қарағанды, Талдықорған қалаларында, Алматы облысында түсірген. Түсірілім жұмыстары 3 айға созылған. Фильмнің продюсері Айдархан Әділбаев өз сөзінде туындының идеясы режиссер Қағанатпен аты аңызға айналған «Дос-Мұқасан» тобының орындауындағы «16 қыз» әнін тыңдап отырған сәтте келгенін айтқан болатын. Сценарийдің авторлары Қанағат Мұстафин, Жанат Қасабеков, Елена Лисасина болса, басты рөлдерді Берік Айтжанов, Аша Матай, Ануар Нұрпеисов, Күлжамал Казакбаева және Бауыржан Каптагай сомдаған.

«Ең сұлу» (2018)

Бұл фильм – «Он алты қыз» картинасының басты кейіпкерлері қатысатын отбасылық комедия.  Негізгі образдарды қос фильмде де Берік Айтжанов, Аша Матай, Қуаныш Долдаев, Әсел Асқар, Қазыбек Қасым, Дәурен Айдарқұлов, Ғани Құлжанов, Асан Мәжит, Мұрат Бисенбин секілді актерлер сомдайды. Кейіпкерлермен қоса екі фильмге түсірілім тобы да ортақ. Олар –сценаристер Қанағат Мұстафин мен Жанат Касабеков, оператор Айвар Кыдырбаев, композитор Никита Карев, Продюсер Айдархан Әділбаев.

Кинокартинаның сюжеті бойынша, Самат жасы отыздан асса да әлі өзінің махаббатын кездестірген жоқ. Бірақ ол үйленіп, балалы-шағалы болуды қатты қалайды. Алайда айналысында оған әйел болатын бойжеткен жоқ. Мұндай сәтте  Бауыржан досын қиыншылықта қалдыруға қимай, оның өмірін өзгертуге өзі кіріседі. Осылайша басты кейіпкерлер үлкен қаладан қалыңдық іздей бастайды. Әдеттегі фильмдердегідей мұнда да болашақ жарды іздеу операциясы түрлі шытырман оқиғалармен жалғасады. Картина оқиғасы 80 млн. теңге тұратын Цин әулетінің XIV ғасырдағы құмырасының Ұлттық мұражайдан ұрлануымен қоса өрбиді. Байқаусызда Самат пен Бауыржан бұл ұрлыққа қатысы бар күдіктілер қатарына қосылады.

Қанағат Мұстафиннің тоқсан минутқа созылатын кинотуындысы Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында түсіріліді. Ал фильм тұсаукесері 2018 жылы мамырдың 10-ы болып өтті.

«Той любой ценой» (2018)

Қанағат Мұстафин кезекті картинасын Айдын Сахаманмен бірлесіп түсірген. «Той любой ценой» комедиясының сценарийін белгілі режиссер әрі сценарист Әлішер Үтев жазды. Ал картинаның продюсері Фархат Әбдірайымов, композиторы режиссермен үнемі шығармашылық байланыста болатын Никита Карев болды. Операторлық қызметті атқару үшін түсірілім алаңына Саят Жанғазинов шақырылыған.

Картинаның сценарийі бойынша фильмнің кейіпкерлері мейрамханада қарапайым отбасылық мерекені жоспарлайды. Алайда қалыңдықтың ағасы, телеарна қызметкері, мейрамханаға төленетін ақшаны жоғалтып алады. Жас жігіт отбасының абыройын сақтап қалу үшін тойды телестудияда өткізуді ойластырады. Ол өз әріптестеріне Наурыз мейрамы қарсаңында қазақтың «қыз ұзату» дәстүрін эфирден көрсетуді ұсынады. Ал басты кейіпкер – Мақсаттың бұл жоспары туралы той иелері де шақырылған қонақтар да білмейді. Осылайша қарапайым адамдар үлкен телешоудың қаһармандарына айналып шыға келеді.

2018 жылдың 21 наурызында қазақтың ұлттық мейрамы Наурыздың қарсаңында тұсауы кесілген кинотуындыда Ғани Құлжанов, Азат Сейтметов, Айқын Төлепберген, Жанат Байжанбаев, Максим Акбаров, Шәріп Серік, Берік Айтжанов, Ерболат Тоғызақов, Әмина Малғаждар, Данагүл Темірсұлтанова, Айым Сейтметова, Ақбота-Нұр Сейтмағамбет, Асель Акбарова, Асель Асқар секілді актерлер басты рөлдерді сомдап шығады.

Телехикаялары:

«Айналайын» (3-маусым) (2011)

Режиссер Қанағат Мұстафин өзінің алғашқы толықметражын түсіріп болған соң бағын телехикая түсіруден сынап көрді. Сценарийін Берік Сабыржанов пен Әлішер Сүлейменов жазған «Айналайын» отбасылық комедиясы «Қазақстан» ұлттық телеарнасының тапсырысымен түсірілді.

Телехикая ауыл тұрғындарының қала өміріне қалай үйренетіні туралы бейнелейді. Жаңа жерде кейіпкерлер көптеген мәселелерге және әртүрлі күлкілі жағдайларға тап болады, өйткені олар мүлде басқа мінез -құлық ережелері мен өмір ырғағына үйренген.

Фильм продюсерлері Ақан Сатаев, Жарасхан  Күлпиенов болды. Ал басты кейіпкерлерді Ғазиза Әбдінәбиева, Данагүл Темірсұлтанова, Азат Сейтметов және Бауыржан Қаптағай секілді актерлер сомдады.

«Тікелей эфир»  (2012)

2012 жылдың 30 қарашасында көрерменге жол тартқан телехикаяны SATAIFILM компаниясы «Еларна» телеарнасының тапсырысы бойынша түсірді. Мұстафин режиссерлік еткен екінші телетуындының сценарийін Мария Духота, Ашот Абраамян, Берік Сабыржановтар жазды.  Ал фильм продюсерлері ретінде Елена Лисасина, Ақан Сатаев, Жарасхан Күлпиеновтер қызмет атқарды.  Оператор ретінде Ескендір Нарымбетов, ал қоюшы-суретші ретінде Александр Белов шақырылды.

Телетуындының басты кейіпкері – қарапайым әрі мейірімді қыз Айсұлу. Ол адамдармен көп қарым-қатынасқа түспейді. Оның ата -анасы – журналисттер, сондықтан олар үнемі іссапармен жүреді. Бойжеткен кішкентайынан әжесінің тәрбиесін көріп келе жатыр, ол онымен қазір де бірге тұарды. Университетті бітіргеннен кейін Айсұлу телеарнаға бірден жұмысқа орналасады. Бірақ ол өзі армандағандай журналист емес, режиссердің көмекшісі болып қызмет атқарады. Осында жүріп Айсұлу шындықпен бетпе-бет келеді, өзінің теледидар туралы ештеңе білмейтінін түсінеді.

Бірқатар сынақтардан өткен соң, ол дәл осындай жұмыс істеуді армандағанын түсініп, өз қызмтіне махаббаты оянады. Осы сәттен бастап ол өзін тұлға ретінде де көрсете бастайды. Осының арқасында айналадағылар оған жақсы қарым-қатынас таныта бастайды. Айсұлудың одан әрі дамуына көмектесетін, оны қолдайтын достары пайда болады. Кейіпкердің табандылығы мен кездейсоқ жағдайдың  арқасында оған репортаж жасау тапсырылады. Ол жергілікті телехикаяда эпизодтық рөлді ойнайды. Айсұлудың өмірі түрлі-түске боялады. Ол өзінің шынайы махаббатын кездестіреді, алайда ол екі жақсы жігіттің –  Тимур мен Бақыт бірін таңдауы керек.

26 бөлімнен тұратын телехикаяның негізгі кейіпкерлерін Камилла Ермекова, Азат Сейтметов, Данагүл Темірсултанова, Жомарт Зейнабил, Аша Матай, Қымбат Тілеуова, Нұржан Тутов, Әсел Қалиева, Айжан Нұрмағамбетова, Андрей Кочинов, Тимур Мақажанов секілді актерлер сомдайды.

«Қара шаңырақ» (2014)

Қазақ телеарналарынан көрсетілген көлемді хикаялардың бірі – «Қазақстан» ұлттық телеарнасының тапсырысымен «Сатайфильм» кинокомпаниясы түсірген «Қара шаңырақ» фильмі. 100 эпизодиан тұратын телеөнімді түсіруге режиссер ретінде Қанағат Мұстафиннен бөлек, Елена Лисасина мен Айдын Сахаманов қатысқан. Отбасылық мәселелерді көрсететін мелодраманың сценарийін Тимур Жақсылықов, Берік Сабыржанов пен Анна Чакиртова жазған. Ақан Сатаев, Анна Чакиртова, Ләззат Түлкібаевалар фильмнің продюсерлері болып қызмет атқарды.

«Қара шақырақ» картинасының сюжетінің негізінде әрқайсысы өмірде өз жолын таңдаған үш ағайындының тағдыры тұр. Ең үлкені Әлішер – табысты топ-менеджер, бизнеспен айналысады. Бірақ оның жеке өмірі жөнді болмай жүр, отбасылық мәселелер оған көптеген қиындық әкеледі. Дәулет – ортаншы ұл, бұрынғы спортшы, қазір жаттықтырушы болып жұмыс істейді. Ол жас әнші Линдамен кездескен соң, өмірге басқаша қарап, жеткен жетістіктерінде тоқтап қалуға болмайтынын, әрқашан алға ұмтылу керектігін түсінеді. Кенже бала Мәди ата -анасымен бірге тұрады және ауылда әкесінің фермасын басқарды. Ол әкесінің толық бақылауынан босатылып, өз өмірінің толық иесі болғысы келеді. Бауырлардың әрқайсысының сәйкесінше өз отбасылары және хикаяның 100 бөлімі бойына шешілетін мәселелері бар.

Телетуындының негізгі кейіпкерлерін сомдауға Азамат Сатыбалды, Әділ Ахметов, Дәурен Серғазин, Мариям Думанова, Бақытжан Әлпейісов, Болат Әбділманов, Мұрат Ахманов, Ғайникамал Байқошқарова, Әсел Қалиева, Гүлбахрам Байбосынова, Ақкенже Әлімжан, Райхан Калиолдина, Сәния Ерзатқызы, Вячеслав Балашов, Игорь Личадеев, Оксана Бойченко, Әсем Көпбаева секілді актерлер шақырылған.

«Өмір сынағы» (2015) 

Қанағат Мұстафиннің кезекті телехикаясы «Жетінші арнаның» тапсырысымен «Arai Production» киностудиясында түсірілді. Детектив драма 20 эпизодтан тұрады. Фильмнің бас продюсерлері Данияр Жәнібеков пен Виржиниа Восгиморукиан болса,  атқарушы продюсері Мәдина Дүйсембаева болды. «Телехикаядағы бас кейіпкер адам қолынан жасалған қастандықтың салдарынан Алланың адамға берген сыйының жартысынан айрылған адам. Соған қарамастан, ол өмір сүруге құштар, болашағы үшін күреседі», –дейді режиссер.

«Өмірдің сынағы» басты рөлін Әсел Қалиева сомдайтын мелодрама. Мұнда актриса көптеген сынақтардан өткен мықты әйелдің бейнесін сомдады. Бірнеше рет жақын адамдары оған опасыздық жасады. Туыстарының бірі үнемі байып, оңай жолды ойлап тапқысы келетін. Дәл сол жан әлсіз бәсекелесті құртып, мұраға иелік етуді көздейді.  Сол мақсатпен ол көп ойланбастан басты кейіпкерді мүгедектер арбасына таңатын оқиғаны ойластырады. Алғашында ашкөз туысы өз мақсатына жете алмады. Мүгедектік оның жолындағы кедергілерді шешіп бермейді. Сөйтіп, ер адамбойжеткеннің көзін құртуды тағы ойластырады. Алайда екінші әрекет те ол үшін сәтсіз болды. Қыз да енді ғана сауығып келе жатқан кезде қайтадан мүгедек арбасына таңылды. Басты кейіпкер қайта-қайта келегн сынаққа төтеп береді, бірақ уақыт өткен сайын оның күші азайып барады. Өмір нағыз қорқынышқа айналды. Қыз мүгедек болып қалған кезде достарының көпшілігі онымен араласудан бас тартады. Ешкім көмектеспейтінін түсінген ол басқалардан тәуелсіз өмір сүруге тырысады. «Өмір сынағы» телехикаясы  қайсарлықтың, табандылық пен оптимизмнің үлгісін көрсетеді. Әселден бөлек, басты рөлдерден Данияр Базарқұлов, Алмас  Шаяхметов секілді актерлер бой көрсетеді.

«Егіз ғұмыр»  (2019)

Жиырма бөлімді «Егіз ғұмыр» телехикаясы Мұстафин «Қазақстан» телеарнасына арнап түсірді.  Фильмнің басты рөлдерінде Гүлшат Тұтова , Бақытжан Әлпейісов , Дәстен Шәкіров , Жанель Мақажанова , Ербол Ыдырысов , Жазира Еркін , Дарын Шыныбек , Алма Әділқызы , Мақпал Қасенова секілді актерлер ойнайды. Сценарийді Қанағат Мұстафин  мен  Жанат Қасабеков бірлесіп жазған, ал продюсерлік қызметті Айгүл Байбек пен Мадина Әбішева атқарды. Эпизодтарының ұзақтығы 41 минутқа жалғасатын драманың премьерасы 2019 жылдың 21 қазанында өтті.

Телехикаяның сюжеттік желісі – сәби күндерінде бір-бірінен ажырап, әлеуметтік жағдайлары әр түрлі отбасында өскен егіз қыздардың тағдырларына негізделген. Осыған орай олардың өмірге деген көзқарастары қарама-қайшы, танымдары әрқилы, қоғамдағы орындары да әртүрлі. Фильм 2000 жылдардың бас кезінен бастап, біздің уақытымызға дейінгі аралықты қамтиды және кейіпкерлер күресуге тура келген сол жылдардағы өмір қиындықтарын көрсетеді. Әртүрлі отбасында өрбіген оқиғалар барлық көрерменге қызықты болатын сюжеттерге айналады.

«Бақталас» (2019)

Он алты эпизодтан тұратын «Бақталас» телехикаясын Мұстафин «Хабар» телеарнасына арнап «Arai Media Group» киностудиясымен түсірген.  Бұл көшпенділердің ежелден келе жатқан жарыстары –  нағыз батылдық, шабандозға және оның атына адалдық, жақсылық пен жамандықтың қарсыласуы туралы баяндайтын картина. Жобаның идея және сценарий авторы – Сержан Зәкерұлы.

 Басты кейіпкер – Қайсар есімді жігіт. Ол – дарынды спортшы, әйгілі көкпаршы. Кезектіі байқауда жеңіске жеткен Кайсар байдың қызы – Кәмшат атты сұлу қызбен танысады. Қайсар оны өзінің өмірлік махаббатына балып, бойжеткенге жағуға барынша тырысады, ал бұл  көптеген қаржылық мәселелер мен қателіктерге әкеледі. Шарасыз күйде ол не істерін білмейді. Өмір кенеттен қиыншылықтарды  жігіттің басына үйіп-төге салады. Бұдан шығудың жалғыз жолы – жүлде қоры  қомақты қаражат болатын көкпардың ақтық сайысында жеңу. Көптен күткен жеңіске жету үшін Қайсарға біраз еңбектенуге тура келеді.

Телетуындының бас продюсері Алмас Әлімжан болды.  Негізгі кейіпкерлердің рөлдерін Абзалбек Максим, Асылхан Төлепов, Айдос Әуесбаев, Шынар Жанысбекова, Бақытжан Әлпейісов секілді актерлер сомдайды.

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы