Размер шрифта:

Цветовая схема:

20 шілде, 2020411

«Черный, черный человек» картинасы Испанияда көрсетіледі

Қазақстандық режиссер Әділхан Ержановтың «Черный, черный человек» картинасы Испания елінде өтетін кинофестивальге қатысады. Бұл туралы отандық киногер өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында мәлім етті.

«Черный, черный человек» фильмі биылғы жылдың күзінде Испанияда өтетін «Imagine India» кинофестивалінің негізгі байқау бағдарламасында көрсетіледі.

Әділхан Ержановтың драмалық триллері қылмыстық істі тезірек жапқысы келетін Бекзат (Данияр Алшынов) есімді тергеушінің хикаясын баяндайды. Себебі, жергілікті полицейлер еш зияны жоқ ақымақ Пукуарға (Теоман Хаос) «кінәлі» деп танып, істі соның мойнына іле салмақ. Іске қаладан келген Ариана (Динара Бақтыбаева) есімді қыз араласқан соң, жергілікті құқық қорғаушылардың ойлағандары жүзеге аспайды. Сол себепті Бекзат тәжірибесіндегі бірінші тергеу жұмыстарын өткізетін болады.

Фестивальде аталған картина ғана емес, оның бас кейіпкері де үздік атағы үшін бақ сынамақ екен.

«Достар біздің «Черный, черный человек» фильміміз күзде Испаниядағы Imagine India фестивалінің негізгі байқауында көрсетілетін болады, ал бас рөлді орындаушы Данияр Алшынов өз жұмысы үшін «Үздік актер» номинациясына үміткер атанғаны туралы керемет жаңалықты хабарлауға қуаныштымын. Данияр мен «Черный человек»-тің бүкіл командасын құттықтаймын!», - деп жазды режиссер өзінің Инстаграмдағы парақшасында.

Фестиваль Мадридте қыркүйектің соңы - қазан айының басында белгілі жағдайларға байланысты онлайн-форматта өтеді», - деп толықтырды ол.

Айта кетейік, «Черный, черный человек» фильмінің әлемдік премьерасы 2019 жылдың 29 қырқүйек күні дәл осы Испанияда өткен болатын. Картина Сан-Себастьяндағы 67-ші халықаралық кинофестивалінің негізгі байқау бағдарламасы шеңберінде көрсетілген еді. San Sebastian International Film Festival – бұл Канн, Берлин және Венециядағы фестивальдермен қатарлас «А» санатындағы кинофестивальдер әлеміндегі көне шаралардың бірі. Ал, өткен жылдың қараша айында Әділхан Ержанов «Asia Pacific Screen Awards -2019» («Азиялық Оскар») сыйлығында «Черный, черный человек» картинасындағы жұмысы үшін «Үздік режиссер» номинациясында жеңімпаз болды. Ол осы премияда бұл аталымда үздік деп танылған алғашқы қазақстандық режиссер. Ал, 2020 жылы картина «Сыншылар таңдауы-2020» қазақстандық киносыйлығында «Үздік драмалық фильм», «Үздік режиссер», «Үздік ер адамның рөлі», «Үздік әйел адамның рөлі» және «Үздік операторлық жұмыс» сияқты бірден бес аталымға ие болды.

Естеріңізге сала кетейік, «Черный, черный человек» 2018 жылы Almaty Film Festival фестивалі аясында өткен жобалар питчингін жеңіп алған.

Ал Imagine India кинофестивалі осыдан 19 жыл бұрын құрылған еді. Алғашында фестиваль Испанияда үнді фильмін таныстыруға негізделген. Уақыт өте оның аясы кеңейіп, халықаралық деген атаққа ие болды. Imagine India Үнді субконтиненті, Азия мен Испания, сондай-ақ, Еуропалық одақ арасындағы әріптестікті нығайтуға арналған.

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы