Размер шрифта:

Цветовая схема:

15 қаңтар, 2021363

Данияр Алшыновтың тағы бір жеңісі

Отандық киноларда бой көрсетіп жүрген, белді әрі талантты актер Данияр Алшынов  «Бой Атбая» кинофильміндегі рөлі үшін «Үздік драмалық актер» номинациясын қанжығаға байлады.

Нью-Йорк қаласында өтетін  Internet Movie Database халықаралық байқауы қазақстандық белгілі актер Данияр Алшыновты драмалық актерлар қатарындағы ең үздігі деп таныды. Жүлделі болғаны туралы киногер әлеуметтік желідегі өз жеке парақшасында оқырмандарымен бөлісіп, өз алғысын жаудырған болатын.  

Данияр Алшынов- актер:

«Жаңа жыл тағы бір халықаралық жүлдемен басталды. Бұл жолы Нью-Йорк, бұл жолы Атбай. Екі жыл бұрын біз «Бой Атбая» кинофильмін түсірген болатынбыз. Басты рөлде әрі жағымды, әрі жағымсыз кейіпкер болды. Атбай - трендке сай емес кейіпкер болғанымен, алайда ол режиссер Әділхан Ержанов үшін де, мен үшін де ерекше шынайы және жарқын  жеке тұлға бола алды. Әділхан Ержановқа, Серік Әбішевке және Ольга Хлашеваға шексіз ризамын. Өзімнің дарынды әрі талантты әріптестеріме: Динара Бақтыбаева, Нұрбек Мұқышев, Санжар Мәди, Теоман Хосе және Әсел Сәдуақасоваларға алғысымды білдіремін. Барлық түсірілім тобына және сіздерге, құрметті көрермен көп рахмет. Барлықтарыңызға ғажайып күндер мен тілектеріңіздің жүзеге асуын тілеймін»,-деп жазды Алшынов.

Қазақстандық «Бой Атбай» кинолентасының әлемдік премьерасы 2019 жылы 35-ші Варшава Халықаралық кинофестивалінің негізгі конкурстық бағдарламасында өтті. Фильмге әнші, актриса, кинопродюсер Әсел Сәдуақасова продюсерлік етті әрі кинокартинадағы басты рөлдердің бірін сомдаған болатын. Фильм "Short Brothers" және "Arizona Productions" компанияларының қатысуымен құрылған.

Фильм сюжеті бойынша Атбай (Данияр Алшынов) есімді бұзақы үлкен жекпе-жек турниріне шығуға шешім қабылдайды. Алайда, бұл сайыстың жеңімпазы алдын-ала анықталып қойылған. Атбай жеңіске берілетін қомақты қаржыны өзінің жоспарларын жүзеге асыруға мүмкіндік беретінін түсінеді. Ол жаңа өмір бастап, үлкен спортқа қайта оралуды және өзінің сүйіктісі Аидамен (Динара Бақтыбаева) қайта қосылуды армандайды. Осылайша, ол жеңістен оңай жолмен бас тартпай соңына дейін күресетініне өзіне уәде береді.

Атбайдың рингтегі басты қарсыласы, атақты жауынгер Рафаэльдің рөлін актер Санжар Мәди сомдаған. Ал Әсел Сәдуақасова Рафаэльдің белді продюсері Алияның рөлін алып шықты.

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы