17 наурыз, 202073

Дәрігерлер жайлы топ - 3 сериал

Отандық киноиндустрияда картиналардың көп бөлігі  өмірімізде ерекше орын алған оқиғаларға, кәсіптер мен мамандықтарға байланысты. Соның бірі, адам жанына дауа, тәніне шипа боп жүрген ақ халатты абзал жандар жайындаю.

 

Жанға араша болып, жауапты кәсібінің адал маманы атанған медицина қызметкерлерінің өмірін бейнелейтін еліміздегі кинотуындалар қандай? 

Шприц пен капельница, хирургиялық пышақтар. Дәрігердің өміріндегі қызықты әрі қауіпті сәттерін, біз бен сіз білмейтін тұстарын көрсететін кинотуындылар қазір қоғамға керек- ақ. Өйткені, расында кейде олардың атқарар қызметі мен жасар жақсылығын ұмыт қалдырып жатамыз. Ал дәл осындай абзал жандар туралы елімізде түсірілген  телесериалдар да жоқ емес. Міне, cол сериалдардың бірқатарын назарыңызға ұсынамыз. Көріп, бағасын беріңіз

«Болашақ» телесериалы

Жастардың шетелде тәлім алып, білімін арттыруға үлес қосатын «Болашақ» халықаралық бағдарламасы еліміздегі біршама маманның еңбек жолына айтарлықтай үлес қосып келе жатқаны айқын. Соның үлгісі ретінде 2011 жылы түсіріліп, көрермен көзайымына айналған «Болашақ» телесериалы. Отбасылық құндылық пен отанға деген сүйіспеншілікті, адал достық пен таза махаббатты бейнелейтін сериал алыс шетелде білім алған жастардың тағдыры жайында. Басты рөлдерді Дастен Шакіров, Қымбат Төлеуова, Мақсат Сабитов, Жания Джуринская, Майра Омар мен Бауыржан Қаптағай сынды талантты актерлер сомдаған. Телесериалға елімізге белгілі кинорежиссер Ақан Сатаев продюссерлік еткен. 

Сериал желісі дәрігерлік борышын өтеу үшін өз отанына оралған жас хирург маман Нұржанның (Дастен Шакіров) тағдыры жайында. Мәскеудегі медициналық университетті үздік аяқтап, қаладағы беделді емханалар ұсынған қызметтен бас тартқан ол шалғайдағы ауылға қарапайым дәрігер ретінде жұмыс істеуді көздейді. Алайда, жігіттің бұл шешіміне қарсы болған  ата – ана ауылда болашақтың жоқ екенін айтады. Дегенмен, Нұржан алға қойған мақсатынан таймай, елдімекендегі медицинаның дамуына үлес қосуды армандайды. 

«Абзал жан» телехикаясы

Отандық телесериал елдегі медицинаның қазіргі жәй күйі мен дәрігерлердің қауіпті  қызметі турасында. Пациентінің  өмірі үшін жауапты болатын абзал жандардың бұл хикаясы танымал дәрігер Абзал Смағұлывпен бастау алады. Елорданың беделді емханаларының бірінде қызмет етіп, халықтың сүйікті дәрігеріне айналған Абзалды жастық шағы өткен Алматы қаласына тағдыр жетелеп қайта әкеледі. Жаңа жұмыс орнында бастары қосылған бұрынғы достардың мақсаты бір - адам өмірін аман сақтап қалу. 

Сериалдағы басты рөлдерді сомдайтын кейіпкерлер де кездейсоқ таңдалмаған. Жауапкершілігі зор бұл кәсіптің бар ерекшілігін теледидар алдындағы көрерменге барынша шынайы жеткізу ең алдымен актерлердің басты мақсаты мен міндеті болу керек. Сол себепті, басты рөлді медицина саласынан хабары бар жанның сомдауы картинаның үздік болуына әсер ететіні сөзсіз. Мәселен,  негізгі кейіпкер Абзал Смағұловтың рөлін сомдайтын Қажымұқан Қалымбетовтің бірінші мамандығы фельдшер екені баршаны таң қалдырса керек. Сонымен қатар, телехикаяда Азат Сейтметов, Ербол Садырбаев, Ақмарал Дайрабаева мен Қазбек Аташ сынды талантты актерлер де бой көрсеткен. Айта кеткен жөн, сериал ресейлік «Женский доктор» телесериалының желісімен түсірілген. 

«Жедел жәрдем» сериалы

Ел азаматтарының денсаулығын барынша қамтамасыз етуге жағдай жасайтын мемлекеттік бағдарламалардың бірі «Саламатты Қазақстан» жобасы қоғамдағы әлеуметтік проблемалар мен өзекті мәселелердің оң шешімін табуға қашанда тырысқан. Мәселен, бағдарлама аясында таспаланған  отандық туынды «Жедел жәрдем» телесериалы халыққа қоғамда орын алып жатқан күрделі жағдайларға бей - жәй болмау керектігін ұқтырып, көрерменге  терең ой қалдырғаны сөзсіз. Ауыр сезімге толы бұл сериалда қазақ жамағатында орын алған өзекті мәселелер – ана мен бала құқығы, жетім балалардың жағдайы, қыздар мен әйелдердің толықтай қорғалмауы, олардың  құқықтарының тапталуы баяндалады.

Оқиға елорданың медициналық орталығында жұмыс істейтін бұрынғы ерлі- зайыптылар жайында. Білікті кардиолог мамандар Алма мен Ермек Ильясовтардың отбасында орын алған қайғылы жағдай жұбайлардың айырылысуына себеп болады. Көздерінің қарашығы болған жалғыз перзенттерінің жүрегі тоқтап, балаларының өмірін сақтап қала алмағандығы кардиолог ата - ана үшін ауыр сынақ пен үлкен соққы болып тигені сөзсіз. Жалғыздықтан қиналған Алма орталықта емделіп жүрген жүрегі науқас жетім қызды бауырына басады. Алайда, Ермек әйелінің бұл қылығын өз туған баласының рухына жасаған "сатқындық" деп біледі. 

Отандық киноматографияда  дәрігерлер жайында тек сериалдар ғана емес, сондай- ақ, толықметражды фильмдер де таспаланып келе жатыр. Соның бірі, бәрімізге белгілі “Біздің сүйікті дәрігер” атты көркем фильмнің жалғасы. Қазақ кино әлемінде ерекше орын алатын Шәкен Аймановтың бұл туындысының екінші бөлімін түсіруді елімізде атақты режиссер Асқар Бисембин қолға алған. Түсірілім жұмыстары Алматы қаласында, арнайы павильонда жүргізілуде. 

Асқар Бисембин, режиссер: 

«Қазіргі таңда фильмнің тек жарты бөлімін түсіріп үлгердік, қалған жұмыстар осы жылдың мамыр айына жоспарлануда” 

“Біздің сүйікті дәрігер - 2” киносының басты рөлдерін «Голос. Дети» байқауының жеңімпазы Данеля Тулешова мен танымал актер Серік Шаріпов сомдайтын болады.

 

 

Автор:  Жанерке Ахмадиева

Фото:  brod.kz

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы