Размер шрифта:

Цветовая схема:

25 қазан, 2021310

Дәурен Серғазин: «Жаңа жобаның жанры мен стилі бұрынғы картиналардан ерекше»

Продюсер Тимур Бақтыбаевтың «Портье. Мальчик на побегушках» комедиялық картинасы қазан айының 21-нен бастап көрермендерге жол тартты. Осы орайда фильмнің басты кейіпкерін сомдаған театр және кино актері Дәурен Серғазинмен шағын сұхбат жасаған едік.  Назарларыңызға актердің жаңа кейіпкері, фильм барысында болған қиындықтар туралы қысқа ғана әңгімемізді ұсынамыз.

– Сұхбаттарыңызда кез келген фильмге түсе бермейтініңізді, рөл таңдайтыныңызды айтқан едіңіз. «Портье. Мальчик на побегушках» картинасындағы образ сізді несімен қызықтырды? Жалпы жобаға қалай келдіңіз?

– Бұл рөлді сомдауға келісуіме көп жағдай әсер етті. Біріншіден, ұсыныс түскенде қолым бос еді. Әрі фильмнің түсірілім жұмыстары тек он бес күнге созылатын болғандықтан менің уақытыммен жақсы сәйкес келді. Одан бөлек, кейіпкердің образы да кішкене басқа рөлдерімнен бөлек болды, оны басқаша ойнатып, өзіме жаңа тәжірибе жинағым келді. Бұл жобаға келмес бұрын карантиннің кесірінен бір жылдай кино әлемінен алыстап қалдым. Киноны сағынып қалғандықтан да ұсынысқа келісе кеттім.

– Аталған фильмге түсу барысында қандай қиындықтармен кезіктіңіз?

– Мен әр рөлді сомдағанда өзіме әрдайым жоғары талаптар қоямын. Сондықтан да кез келген жобаның қиындықтары болады. Көрермендерді сендіре білу, бұрынғы ойнаған кейіпкерлеріме ұқсатпау жағына баса мән бердім. Сонымен бірге фильмнің жанры мен үшін кішкене  түсініксіз болды. Сценарийді оқығаннан кейін, сюжет көрерменге түсініксіз болып қалмасын деген қорқынышпен образымды сомдап шықтым.

– Сомдаған кейіпкеріңіз Дамирмен қандай да бір ұқсастықтарыңыз бар ма?

– Кейіпкерім шығармашылыққа жақын болғандықтан көп қиялға беріледі, өнер адамы болғандықтан мен де көп қиялдаймын. Өзің жалғыз қалғанда көп нәрсе ойластырасың, сценарий құрасың, фантазияға ерік бересің... Сол жағынан кейіпкер екеуміз өте ұқсаспыз деп ойлаймын.

– Байқап отырсақ, сіз сомдаған кино кейіпкерлерінің барлығы дерлік жағымды рөлдер. Антогонистің, жағымсыз кейіпкердің рөлін ойнауға қалай қарайсыз?

– Ондай образдарға әлі ұсыныстар түсе қойған жоқ. Жалпы кино саласында қай образбен бірінші көрінесің, сол сипаттағы рөлдерге көп шақыртулар келеді. Өз басым жанр талғамаймын, драма, комдеия болсын, кейіпкер жағымды, жағымсыз болсын, актер үшін айырмасы болмау керек деп санаймын. Әрине, зұлым кейіпкерді сомдауға ұсыныс түссе, сценарий ұнап тұрса, образ қызықтырып тұрса, ойнауға ешқандай қарсылығым жоқ.

– Ал өзіңіз кастингтерге барасыз ба?

– Әрине, міндетті түрде. Ылғи баруға тырысамын. Астанада тұрғандықтан көп кино жаңалықтарынан құр қалып, естімей қалатынымыз бар. Себебі, көп кинотуындылар Алматы түсіріледі. Дегенмен шама келгенше мүмкіндіктерді жіберіп алмауға тырысамыз.

– Жаңа ғана экраннан әңгімемізге арқау болып отырған 'Портье. Мальчик на побегушках' фильмін тамашаладық. Өзіңіз басты рөлін сомдаған картинаны қарап отырып,  қандай ойға келдіңіз? 

– Жалпы картинаның өзіне тән ерекшелігі бар. Мен де фильмді бірінші рет көріп тұрмын. Сол себепті фильмді толық ой елегінен өткізіп, қорытып үлгерген жоқпын. Картинаның жанры бұрын түсірілген отандық туындылардан өзгеше, түсіру стилі жағынан да ерекше, француздық стильге жақындау... Негізі актер немесе автор үшін өзі қатысқан фильмді ұнайды не ұнамайды деп айту қиын. Қандай кем-кетігі немесе артықшылығы барын көрермен айту керек шығар. Қандай дүние болса да мен барымды салдым, ал өз дүниеңді сынау өте қиын. Әрине, жаман, жақсы жақтарын өз ішімде білемін,  бірақ оны баршаға паш етіп айтқым келмейді.

– Түсінікті. Ендеше осы жобадан бөлек киноға қатысты өзіңізде қандай жаңалықтар болып жатыр, сол жөнінде айта кетсеңіз...

– Осы жылы 4 жобамен жұмыс істедім. Олардың қатарында комедия да, драма да бар. Сондай-ақ көрермен мені телехикаяның кейіпкері ретінде көретін болады. Олардың барлығы келесі жылы қалың көпшілікке жол тартады.

– Өнер әлеміңіз жаңа жобаларға толы болсын! Сұхбат құруға келіскеніңізге рақмет!

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы