Размер шрифта:

Цветовая схема:

05 маусым, 2020329

Денис Теннің сценарийі бойынша фильм түсірілді

Танымал режиссер әрі продюсер Тимур Бекмамбетов қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, 2014 жылғы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Денис Теннің сценарийі бойынша фильм түсірді. Бұл туралы Меломан кинотеатрлар желісінің хабарламасынан белгілі болды.

«Слепая любовь» деп аталатын көркем фильмнің тизері таяуда желіде жарияланды. Бұл – диджитал құрылғының көмегімен түсірілген қыз бен жігіттің арасындағы қарым-қатынас туралы хикая.

Желіде жарияланған шағын видеоның астында фильм жайында былай деп қысқаша ақпарат берілген: «Шағын ғана қалада тұратын Стефани есімді блогерші-ана құрбысына көмек көрсетеді. Бұдан кейін ол ес-түссіз жоғалып кетеді. Құрбысының Шон есімді жұбайымен Стефани мәселенің анық-қанығына жетпек болады. Енді олардың өмірлері құпия мен сатқындыққа, махаббат пен адалдыққа, өлім мен өшке толы болмақ».

«Слепая любовь» фильмінің түсірілімімен Тимур Бекмамбетовтың «BAZEVELS» компаниясы айналысты. Картина коммерциялық жоба ретінде емес, еске алу фильмі ретінде болмақ. Сондықтан картинаны қоюшылар Денис Теннің түпкі сценарийінің неғұрлым көп бөлігін қалдыруға тырысты. Фильмде сонымен қатар, «фильм туралы фильм» де бар. Онда көптеген қызықты ақпарат берілген.

«Слепая любовь» картинасы Голивудтта түсірілген. Бас рөлдерді голливудтық актерлер Уиллоу Хейл, Селена Ан, Sacaiah Shaw-лар сомдайды. Қысқаметражды фильм драма жанрында. Оған Чак Чхве режиссерлік етті. Ал, Тимур Бекмамбетов, Роберт Кун мен мәнерлеп сырғанаушының анасы Оксана Тен продюсерлік етті.

«Денис біздің «BAZEVELS» студиясы өткізген байқауда жеңіске жеткен. Оның жұмысы қызықты еді. Маған жобасы ғана емес, адам ретінде оның өзі де қатты әсер етті. Денистің ашықтығы, шынайылығы мен одан ескен жылу мен шашылған нұры өзіне баурап тұрды» деген болатын Денис туралы продюсер әрі режиссер Тимур Бекмамбетов өзінің бір сұхбатында.

Фильмнің нақты қай күні жарыққа шығатыны әзірге белгісіз, алайда таяу уақытта көрсетіледі деп жоспарланып отыр.

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы