Размер шрифта:

Цветовая схема:

15 қаңтар, 2021440

Disney кейіпкерлерінің әндерін қазақ тілінде орындаған әншілер

Балалық шақта сүйіп тыңдаған және тыңдап келе жатқан әсерлі Disney анимациялық фильмдеріндегі әндерге не жетсін?! Ал ол әндер қазақ тілінде орындалса, нұр үстіне нұр емес пе? Бұл қазақ тілді аудитория үшін ғана емес, қазақ тілін үйренгісі келетін жандар үшін де үлкен мүмкіндік. Батыл әрі халқының қамын ойлайтын «Моананың», «Мұзды өлкедегі» апалы-сіңлілі қыздардың бірі – Эльзаның, «Арыстан патшадағы» джунги королі - кішкентай Симбаның әндерін кім орындайтынын білесіз бе? Олай болмаса, оларды мемлекеттік тілде шырқаған бірқатар әншілермен таныстырайық.   

Данэлия Тулешова

Фото: vkurse.kz

Қазақстанға ғана емес, көршілес Ресей, тіпті Америка құрлығын бағындырып, «The World's Best» американдық шоу финалисі атанған Данэлия Тулешова «Моана» мультфильміндегі «Мені не күтеді» әнін орындады. Жас жұлдыз бұл жобаға қатысқанына қуанышты екендігін айтады. Тіпті, сүйікті кейіпкері сияқты даяшы болуды да армандаған екен.

«Маған түсірілім тобындағы атмосфера да, үрдіс те, оркестрмен жұмыс та қатты ұнады. Бұл оркестрмен ән орындайтынымды естігенде өте қуандым. Орындау барысында қиындықтар болған жоқ. Себебі, маған бұл әндер өте ұнайды. Мен қашанда Disney мен оның ханшайымдарының жанкүйері болып келдім. Олардың табандылығына, еркіндігіне тәнтімін. Сондықтан олардың бірінің әнін асқан қызығушылықпен орындадым. Ол – Моана еді. Менің ең сүйікті кейіпкерім «Бақа-ханшайым»/ «Принцесса-лягушка» мультфильміндегі Тиана. Бала кезімде тіпті ол сияқты даяшы болғым да келді. Тиана ештеңеге қарамастан, айтқанынан қайтпай, мақсатына өте берік жан», - деді Данэлия Тулешова телевизиялық форматта өткен ТМД-дағы алқашқы Disney-дің лицензиялық концертінің түсіріліміне дайындық жайында ұйымдастырылған Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз конференцияциясында халыққа арнаған бейнежолдауында.

Жарқынай Шалқар

Фото: kazpravda.kz

Анна, Эльза, Кристоф пен оның сенімді бұғысы Свен мен ешқашан мұңаймайтын қарлы Олаф жайында 2019 жылы жарық көріп, қазақ тіліне дубляждалған комедиялық-шытырман оқиғалы «Мұзды өлке» мультипликациялық фильмінің екінші бөлімінде Эльзаның «Қанат қақ» әнін «Turkvision» және «I'm singer» халықаралық телешоуының финалисі Жарқынай Шалқар орындады. Бұл оның осы жобадағы алғашқы жұмысы. Әртіс сонымен қатар, «Сұлу мен құбыжық» картинасындағы әндерді де қазақ тілінде шырқаған еді. Айта кетейік, Жарқынайдың музыка әлемінде ғана емес, кино саласында да тәжірибесі бар. Әнші 2019 жылы көрермендер назарына ұсынылған «Рауза» телехикаясында басты рөлді сомдап, өзін актриса ретінде де таныстырды.

Данияр Өтеген

Фото: bolashakcharity.kz

Ал, «RinGo» тобының солисі Данияр Өтегеннің Disney мультфильмі кейіпкерлерінің әндерін шырқауда тәжірибесі мол. Әнші «Алладин», «Арыстан Патша», «Ойыншықтар хикаясы-4» және «Ханшайым мен құрбақа» фильмдеріндегі әндерді қазақ тілінде орындады.  

«... Әндер қазақ тілінде шырқалатыны өте маңызды. Бұл Қазақтанның интеграциядағы, әлемдік кинематографтағы қазақ тілінің үлкен қадамы», - деді отандық әнші.

Әбілқайыр Жұмабай

Фото: baladauysy.kz

Кішкентай көрермендердің ғана емес, ересектердің де сүйікті фильміне айналған «Арыстан патшадағы» Симба «Бала Дауысы» ұлттық байқауының лауреаты 10 жастағы Әбілқайыр Жұмабайдың дауысымен қазақ тілінде ән салды. Жасына қарамастан, кішкентай жұлдыз отандық әнсүйер қауымды ғана емес, өзге де елдердің тыңдармандарын дауысымен тәнті етті. Әнші бала «Славянский базар» халықаралық өнер фестивалінің қатысушысы, сонымен қатар түрлі халықаралық байқаулардың жүлдегері атанған. Ал, Disney кейіпкерлерін мемлекеттік тілде дыбыстау саласында бұл - оның алғашқы еңбегі.     

Нарғыз Кудренова

Фото: youtube.com

Ал, «Болашақ» мемлекеттік бағдарламасы түлектерінің «Болашақ» корпоративтік қорының «Өзіңнен баста» жобасының қолдауымен Disney студиясы фильмінің қазақ тіліне дубляждалған әзірге соңғы, 35-ші өнімі – «Мулан» фильміндегі «Reflection» әдемі саундрегін X Factor Kazakhstan телешоуының 7-ші маусымының қатысушысы Нарғыз Кудренова орындады.  

Жоғарыда Disney киностудиясы фильмдерінің қазақ тіліне дубляждалған картиналарының тек соңғыларының ғана саундрек орындаушыларын атадық. Жалпы, олардың қатарында X Factor Kazakhstan тележобасының жеңімпазы Дәрия Ғабдулл, эстрада әншілері Маржан Арапбаева, Мақпал Исабекова, Дастан Оразбеков және тағы басқа көптеген отандық әншілер бар.

Осылайша, Голливуд фильмдерін қазақ тіліне сапалы дубляждау жұмысы өскелең ұрпақтың рухани дамуына, білімі мен түсінігіне өлшеусіз үлес қосары анық. Бұл еңбектің арқасында бүгінде Disney фильмдері қазақ тіліне аударылып, кейіпкерлері қазақ тілінде сөйлеп қана емес, ән де орындап жүр.

Автор:  Зарина Смагулова

Фото:  Интернет желісінен алынған

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы