Размер шрифта:

Цветовая схема:

24 қыркүйек, 202018

Фархат Шәріповтың «18 кГц» драмасы Варшаваға жол тартады

Отандық режиссер Фархат Шәріповтың «18 килогерц» картинасының әлемдік премьерасы 36-шы Варшава Халықаралық кинофестивалінің негізгі байқауында өтпек.

«18 кГц» фильмі – бұл дала хикаясы, оның басты кейіпкерлері - 90-шы жылдардағы жасөспірімдер. Санжар мен Джага – жақын дос. Бостандықты армандап, уақыттарын бірге өткізеді, «Кіруге рұқсат жоқ» белгісі бар рұқсат етілмеген жерлерді бірге аралаумен болады. Санжардың анасымен қарым-қатынасын жылы деуге келмейді. Онсыз да шиеленіске толы байланыс үзілуге жақын, мәселен анасы бағалы жүзігін жоғалтып алып, оны Санжардан көреді. Сөйтіп баласымен сөйлеспей қояды. Ал есірткі сатушылар үшін дәл осындай жалғызсыраған жасөспірімдер – керемет олжа болса керек.

Фильм сценарийін режиссердің өзі жазды. Оған қазақстандық жазушы, «Шабыт» шығармашыл жастардың 7-ші Халықаралық фестивалінің Гран-при иегері Зара Есенаманның фактілерге негізделген «Хардкор» бестселлері арқау болып отыр.

Кинолентаның түсірілім жұмыстары Алматы қаласында жүргізілді. Ондағы бас рөлдерді үлкен кинода дебют жасаған Мұсахан Жұмахан, Камила Фун-Со және Әлібек Әдікендер сомдады. Картинада сонымен қатар Роман Жуков пен Махаббат Сарқытпаевалар өнер көрсетеді. Фильм продюсерлері – Фархат Шәріпов, Дина Жұмабек және Юлия Ким, операторы – Александр Плотников. Музыканы Илья Одегов жазды.

36-шы Варшава Халықаралық кинофестивалі биыл қазан айының 9-ы мен 18-і аралығында өтеді.

Естеріңізге сала кетейік, «18 килогерц» картинасы сонымен қатар қазанның 25-і мен 30-ы аралығында өтетін Азиядағы ірі кинофестиваль саналатын - 25-ші Пусан Халықаралық кинофестиваінің байқау бағдарламасына енгізілген. Отандық фильм шараның «Азиялық киноға апарар терезе» атты бағдарламасында көрсетіледі.

Автор:  Зарина Смагулова

Фото:  wff.pl

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы