Размер шрифта:

Цветовая схема:

30 сәуір, 2020426

Голливуд кейіпкерлерін қазақ тілінде сөйлеткен актерлер

Экранда көрсетілген өнімнің мағынасын көрерменге үш әдіспен жеткізуге болады. Бұл – субтитрлардың көмегімен, кадр сыртынан аудару немесе дубляж жасау арқылы. Әрине, «дубляж», «кадр сыртынан аудару», «дыбыстау» сияқты сөздер бір-біріне синоним болып көрінеді, алайда кәсіпқойлар үшін бұл мүлдем бөлек мамандықтар, әрі оларды екінің бірі дауыстай бермейтін көрінеді. Қазақстанда голливудтық кейіпкерлерді қазақ тілінде сөйлететін жандар кімдер? Қазақстандық дубляж актерлерінің бір парасын ұсынамыз.
 

Шетелдік фильмдерді дубляждау – мемлекеттік тілді дамытудың маңызды бөлігі. Елімізде осымен тоғызыншы жыл қатарынан «Болашақ» мемлекеттік бағдарламасының түлектері «Өзіңнен баста» жобасын қолға алу арқылы қазақ тілін дамытуға үлес қосып келеді. Голливудтық кинофильмдерді қазақ тіліне дубляждау оңай шаруа емес. Сөйлеу мәнері, дауысы, бәрі-бәрі келісті болуы керек. Қандай картина болмасын, кейіпкерлердің дауыстарын әлемдік киностудиялардың талабы бойынша өздері таңдайды. Бұл үрдіс бірнеше кезеңнен тұрады. Бір кейіпкерді дыбыстайтын 4-5 үміткердің дауыстарын Голливудқа жібереді. Ары қарай голливудтық картиналардың продюсерлері фильмде ойнайтын актердің дауысына дәлме-дәл сәйкес келетін дауысты таңдайды. Демек, әр диалог қай тілде дубляждалмасын, бірдей естілуі керек. Оларды құптаған соң, жергілікті жерде дубляждау жұмыстары басталады.

Айта кетейік, осы уақытқа дейін 34 голливудтық өнім қазақ тілінде дыбысталды. Тиісінше, дубляж актерлері де біршама артты. Бүгінде 100-ден аса актер бар. Сонымен, Голливуд мамандарының қатаң сынынан өтіп, дубляж актері атанғандар кімдер?

Азамат Қанапия

Азамат Қанапия Қазақстандағы дубляждау жұмысының қайнар бастауында тұрған дубляж актерлердің бірі. Оның дауысы елімізде қазақ тілінде дыбысталған алғашқы голливудтық жобалардың бірі - «Көліктер 2» («Тачки 2») мультфильміндегі жүк көлігі Мэтрге тиесілі. Кейін «Көліктер 2» мультфильмінде де дубляждық жұмыс істеді. Сондай-ақ, Азамат Қанапияның дауысымен отандық экрандарда Уилл Смитт те сөйледі. Оны дубляж актері «Қара киімділер 3» («Люди в черном 3») атты фильмінде қазақша сөйлетті. Қазақ тілінде сөйлемдер ағылшынға қарағанда ұзағырақ. Сондықтан Уилл Смиттке ілесе алудың өзі де өнер. Бұл іс қолынан келген актер осыдан кейін бес жыл төңірегінде бұл голливудтық жұлдыздың дауысын қазақ тіліндегі ресми түрде дыбыстау құқығына ие болды. Голливуд актеры оны дубляждайтын адамды өзі таңдаған екен.

Азамат Қанапия бұдан бөлек, 10-нан аса голливудтық картиналарды қазақ тілінде дыбыстады.

Берік Айтжанов

Берік Айтжанов голливудтық жұлдыздың өзі таңдап алған дауыс иесі. Ол атақты Джонни Деппті қазақ тілінде дыбыстады. Қазақстандық актер оны «Жалғыз рейнджер» («Одинокий рейнджер») фильміндегі кейіпкерін дубляждады. Бұл фильм қазақстандық дубляжда қазақ тілінде дыбысталған алтыншы голливудтық өнім болды.

Нұрлан Әлімжанов

Осыған дейін «Көшбасшы жолы» киноэпопеясының алғашқы бөлімдерінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің жастық кезін сомдаған актер дубляж саласына алғаш рет өткен жылы қадам басты. Ол голливудтық «Аладдин» атты ертегіде Джаффар есімді уәзірдің дауысын дыбыстады. Бұл қазақстандық актердің шетелдің картиналарды дубляждаудағы дебюттық еңбегі.

Дәурен Серғазин

Қазақстандық көрерменге «Брак или брат» комедиялық картиналардағы рөлі арқылы танымал болған отандық актер Дәурен Серғазин де 2019 жылы режиссер Гай Ричидің жарық көрген «Аладдин» шытырман оқиғалы фильмін дубляждауға қатысты. Шетелдік картинада актер Уилл Смитт дыбыстаған Джиннің дауысын қазақ тілінде сөйлетті. Серғазиннің дубляжда тәжірибесі мол. Студент кезінде ол отандық телеарналармен әріптестік орнатып, шетелдік және отандық сериалдар мен мультфильмдерді дыбыстады. Толықметражды картиналардағы алғашқы дубляждау жұмысы «Алиса айнаның арғы бетінде» («Алиса в стране чудес») фильмінде болды. Мұнда актер Джонни Депптің кейіпкерін дыбыстады.

Нышанбек Жұбанаев

Бұл отандық актер де Қазақстанда шетелдік фильмдерді қазақ тілінде дубляждау ісі басталғанда көшбасында тұрғандардың бірі. «Өзіңнен баста» жобасы шеңберінде алғаш болып қазақ тіліне дыбысталған «Көліктер 2» мультфильмінде ол басты кейіпкер – Найзағай МакКуинді (Молния МакКуин) дубляждады. Актер бала кезінен рэп оқыған екен. Сондықтан ерекше сөйлеу мәнеріне ие кейіпкерін дыбыстауға осы қабілеті көмектессе керек.

«Көліктер» мульфильмдерінің кейіпкерлеріне дауыс бергендердің арасында қазақстандық актерлер Бақытжан Әлпиев, Күнсулу Шаяхметова мен Дәулет Абдығапаровтар бар.

«Көліктер 2»-ден кейін Нышанбек Жұбанаев «Қара киімділер 3», «Монстрлар университеті» («Университет монстров»), «Кек алушылар» («Мстители») сияқты бірнеше картиналардағы кейіпкерлерді дубляждау жұмысына қатысты. Атақты Тони Старкты да дыбыстауға қатысқан екен, алайда тамағы ауырып, бұл рөлге өтпей қалды. Кейін актер «Көліктер 3» картинасында еңбек етті.

Назерке Серикболов

Дубляж актрисасы Назерке Серікболова дубляж саласына алғаш рет 2015 жылы келді. Оның бірінші дыбыстаған рөлі «Күлше-қыз («Золушка») мультфильміндегі басты кейіпкердің апайы болды. Бұл жобадан кейін Назеркені дубляжға жиі шақыра бастады. Осылайша, ол «Алиса айнаның арғы бетінде» (Алиса в Зазеркалье») мультфильмінде Алисаның, «Мұзды өлкеде» («Холодное сердце») Анна есімді бас кейіпкердің бірінің, «Моана» мульфильмінде Моананың, «Сұлу мен құбыжықта» («Красавица и чудовище») Белльдің, сондай-ақ, «Рапунцельде» бас кейіпкердің, «Өрмекші адамның оралуы» («Возращение Человека-паука») мультфильмінде ЭмДжейдің және басқа да көптеген шетелдік кейіпкерлердің дауысын қазақ тілінде дыбыстады. Назеркенің дауысы ағылшын тілінде сөйлейтін кейіпкерлердің дауыстарынан еш айырмашылығы жоқ. Актриса эмоцияларға екпін жасап, оларды дұрыс қолдана білуге тырысады.

Гүлназ Әуесбаева

Бұл актриса Диснейлік «Малефисента» шытырман блокбастерінде голливудтық сұлу әрі әлемдік деңгейдегі жұлдыз Анджелина Джолиді дыбыстады. Осыған дейін көрермендер актрисаны «Жалғыз рейнджер» фильмінде естіген болатын. Бұл фильмнің дубляжына жиырмаға жуық актер қатысты.

Гүлназ Әуесбекова сондай-ақ, «Галактика сақшылары» («Стражи галактики») фильмінде Гамора есімді кейіпкерді дыбыстады.

Ержан Түсіпов

Бұл қазақстандық актер «Қара киімділер 3» шетелдік фильмде Борис есімді зұлымның дауысын дыбыстады.

Іңкәр Әбдраш

Жас актриса «Батыл жүрек» («Храбрая сердцем» ) фильмінде бас кейіпкер ханшайым Мериданың дауысын дубляждады. Бұл фильм қазақ тіліне дыбысталған екінші голливудтық киножоба. Дубляж жұмысына барлығы 15 актер қатысты.

Естеріңізге сала кетейік, биыл қазақ тілінде «Алға» («Вперед») деп аталатын 34-ші голливудтық мультфильм дыбысталған болатын. Мұнда дубляж тарихында алғаш рет текстік жазбалар қазақ тілінде көрсетілді. Картинада барлығы 40-тан аса актер қатысты. Мультфильмдегі ағайындылардың бірінің дауысын түпқұсқасында Том Холланд дыбыстаған кейіпкерді қазақ тілінде театр актері Заңғар Әбенов дубляждады. Айта кетейік, ол «Өрмекші-адам: Үйден жырақта» фильмінде де осы актерді қазақ тілінде сөйлеткен еді.

Сәтін салса, 2020 жылдың аяғына дейін тағы алты голливудтық жоба қазақ тілінде дыбысталуы жоспарланған.

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы