Размер шрифта:

Цветовая схема:

17 тамыз, 202063

History of Civilization кинофильмі үздік атанды

Жаннат Алшанованың "History of Civilization/ Өркениет тарихы" атты кинолентасы Locarno film festival-да үздік үштіктер қатарынан көрініп, күміс жүлдені қанжығаға байлады. 

Кинофильм Pardi di domani 2020 негізгі конкурстық бағдарламасына қатысып, көрермен назарына ұсынылған еді.

"Бұл бір өте қуанышты әрі тарихи жағдай болып отыр. Біз таспалаған "History of Civilization/ Өркениет тарихы" деп аталатын кино дүниеміз Локарно Халықаралық кинофестивальде ең жақсы фильм үшін күміс леопард (pardini d' argento)  атты жүлдені жеңіп алды!",- деп кинолентаның режиссері Facebook-тегі жеке парақшасында хабарлаған болатын.

Фильмнің сюжеттік желісі бойынша Алматы қаласындағы университеттердің бірінде оқытушы болып қызмет істейтін Индира өз өмір жолын қайта бастауды көздейді. Сол мақсатта көп ойланбай Ұлыбританияның астанасы Лондон қаласына мәңгілікке қоныс аударуды жоспарлайды.  Алайда, кетуіне соңғы күн қалған кезде бойжеткен өзінен кейін із қалдырғысы келіп, зерттеулік өз жұмыстарын бастап кетеді. 

Қысқа метражды кинофильм түсіру үшін продюсер Евгения Морева, португалдық оператор Леандро Ферран, қоюшы суретші Саша Шегай, монтажер Ғалымжан Санбаев және тағы да басқа өз істерінің мамандары зор еңбек еткен. 

Кинокартинадағы басты  рөлдерді Айдар Әлімбаев пен Ақмарал Зықаевалар сомдаған болатын.

Айта кетейік, Локарно халықаралық кинофестивалі — жыл сайын тамыз айында Швейцария елінің Тичино кантоны, Локарно қаласында ұйымдастырылатын кинофестиваль. Канн, Венеция және Берлин кино байқауларынан кейінгі төртінші маңызды еуропалық кинофестиваль болып саналады. 1946 жылы соғыстан кейінгі Еуропада Канн мен Венецияда кинофестивальдер өтті. Сол жылы Швейцарияның Тичино кантонында алғаш рет  Локарно халықаралық кинофестивалі басталған болатын.  Небәрі 10 күн ішінде Локарно әртүрлі елдердің кинематографиялық өмірінің мәдени ошағына айналады. Фестивальге қатысып жатқан картиналар қаланың 10 кинотеатрында, сондай-ақ Пьяцца Грандадағы 8 мың орынды ашық аспанды кинотеатрда көрсетілетін болады. 

Фестиваль лауреаттары үшін арнайы сыйлық ретінде- леопард мүсіншесіндегі алтын, күміс және қоладан жасалған жүлделер табыс етіледі. Фестивальдің символы кездейсоқ таңдалмады: қаланың елтаңбасында Арыстанға немесе жолбарысқа ұқсайтын мифтік жануар бейнеленген. Осыған дейін күміс леопард  жүлдесін алғаш рет 1979 жылы Италия мемлекетінен қатысқан  "Иммаколата мен Кончетта" деп аталатын қызғаныш тарихын бейнелейтін кинотуынды жеңіп алған. Кейіннен 1991 жылы КСРО-ның кинофильмі "Бұлт-жұмақ" атты картинасы жеңеді.  Ал 1992  жылы өзіміздің Дарежан Өмірбаев режиссерлік еткен "Қайрат" фильмі үздік атанады. Және 2009 жылы ресейлік режиссер Алексей Мизгиревтің басқаруымен "Buben"  кинофильмі күміс леопардқа қол жеткізеді.

Автор:  Уйсунбай Жаннура

Фото:  Интернет желісінен алынған

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы