Размер шрифта:

Цветовая схема:

16 қыркүйек, 202011

Кедергісіз болашақ: ерекше жандар жайындағы фильмдер

Режиссерлер мүгедек жандардың әлеуметтену проблемасына қоғам назарын аудару үшін мүмкіндігі шектеулі азаматтар туралы фильмдерді жиі түсіреді. Мұндай туындылар ерекше қажеттілігі бар жандардың өзгелер сиықты өмір сүріп, қоғамда өзін қалыптастырғысы келетін адамдар екендігін дәлелдейді. Осындай фильмдер өмір сүріп жатқаныңның өзі керемет екендігін көрсетіп, қаншалықты қиын болмасын, алға ұмтылу керектігін үйретеді. «1+1», «Форест Гамп», «Эта жизнь для тебя» фильмдерінің кейіпкерлері күресу жолын таңдаған жандардың тағдырынан сыр шертеді. «Ерекшеліктеріне» қарамастан, өздерін спорт пен шығармашылықта табатын жандар назарларыңызға ұсынғалы отырған қазақстандық фильмдерге де арқау болған.

«Быть или не быть?»

Бұл фильм 2014 жылы «Новый мир» студиясы мен «Мүгедек балалар ата-аналарының қауымдастығы» қоғамдық бірлестігімен түсірілген. Фильм негізінде Дат ханзадасы Гамлеттің «Быть или не быть» монологы жатыр. Картинада бас рөлді Тахир Омаров сомдайды. Фильмде ол өзін ойнайды. Мүмкіндігі шектеулі азамат сал ауруына шалдыққан. Бала кезден актер болуды армандаған екен. Тахир картина режиссерінің бірі Азизжан Заировпен танысқанда актер болып, кинода ойнағысы келгетінін және рөлдері арқылы мүмкіндігі шектеулі жандар туралы айтып, оларды қолдағысы келетінін айтқан. Киноға құштарлығы зор болғаны соншалық, Азизжан мен картинаға режиссерлік еткен Мұхамед Мамырбеков те оған көмектесуді шешті. Сөйтіп жігіттің арманы орындалып, «Быть или не быть?» толықметражды картинасы пайда болды. Фильм сценарийі толықтай Тахирге арналып жазылды. Кітап, спорт пен музыкаға ерекше ден қоятын жан фильм авторларын өмірге деген құлшынысы әрі ашықтығымен таңқалдырды. Түсірілімге дайындала отырып, Тахир логопед, психолог мамандармен жұмыс істеп, кәсіпқойлардан актерлік шеберлікті үйренді. Айта кетейік, фильм кейіпкерлері мен актерлердің барлығы дерлік – мүмкіндігі шектеулі жандар. «Быть или не быть?» фильмі - қазақстандық кинематографта осындай ерекше жандардың ішкі проблемаларын қозғаған алғашқы туынды.

«Қыз бен теңіз»

Ал 2019 жылы Азизжан Заиров пен Мұхамед Мамырбеков мүмкіндігі шектеулі жандар жайындағы дилогияның жалғасын жарыққа шығарды. Бұл жолғы картина қыз оқиғасына арналады. Әлеуметтік драманың сюжеті Әсел есімді балалар сал ауруымен ауыратын бойжеткеннің өмірі, арманы, махаббаты мен отбасы жайында сыр шертеді. Қыз бала өзінің киындықтарындай физикалық проблемалары бар Тамур есімді жігітті кездестіреді. Жастар бір-біріне ғашық болып, отбасын құруды жоспарлайды. Алайда бұл армандарына қол жеткізу жолында талай қиындықтарға тап болады. Бұл фильмді Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша «Новый мир» студиясы мен «Мүгедек балалардың ата-аналарының қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің қатысуымен «Қазақфильм» киностудиясы түсірген. Фильм шынайы оқиғаға негізделген. Бұл картинада да рөлдердің басым бөлігін ерекше сұранысы бар кәсіби емес актерлер сомдайды. Әселді фильмде Динара Шарапова ойнайды. Ендігі бас рөлдің бірін дилогияның бірінші бөлімінде өнер көрсеткен Тахир Омаров орындайды. Бұдан бөлек Эмир Байғазиннің «Раненый ангел» трилогиясының екінші бөлімінде эпизодтық рөл сомдаған актер Қанағат Тасқараев ойнайды. Ал бас кейіпкердің әпкесінің рөлін театр және кино актрисасы Гүлбахрам Байбосынова сомдайды. Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен жарық көрген фильм қоғам назарын мүмкіндігі шектеулі жандарға бұрып, олардың құқықтары мен амандығын, абыройын қорғауды қамтамасыз етуге көңіл аударады. Ал ерекше қажеттіліктері бар жандарды әлеуметтік тұрғыдан қорғау мен құқықтарын қамтамасыз ету - мемлекеттің әлеуметтік саясатының басты бағыттарының бірі. Картина режиссерлері де осындай әлеуметтік фильмдерді жасай отырып, кинематография арқылы мүмкіндігі шектеулі жандарға арт-терапия жүргізу – оларды әлеуметтендіріп, инклюзивті әсер ететініне сенімді.

Автор:  Зарина Смагулова

Фото:  baigenews.kz

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы