Размер шрифта:

Цветовая схема:

15 қыркүйек, 2020669

Халықтар достығы жайындағы фильмдер

Бір шаңырақ астында тату мен бірлікте тұрып жатқан этностар арасындағы достық - талай қазақстандық ұрпақтың игілігі. Көпұлтты халықты достық, толеранттылық пен әр қоғам мүшесіне деген құрмет біріктіреді. Бұл бірлік – Қазақстан мемлекетінің бірегейлігі. Қазақстан халықтарының достығы мен ынтымағы – елдің бірлігінің, қазіргі қоғам дамуының қозғаушы күші. Бірлік пен татулық тақырыбы отандық бірқатар фильмге арқау болған. Қазір солардың бірнешеуіне тоқталмақпыз.

«Подарок Сталину»

Жиырмасыншы ғасырдың басында қазақ халқының басына қиын-қыстау заман туса да, ата-бабаларымыз достықты ұмытпаған. Елімізге көш аударып келген талай шешен, неміс, кәріс ұлты халықтарына пана, қорған бола білді. Бұл оқиғалар көптеген қазақтандық кинода көрініс тапты. Осынау ұлтаралық достық тақырыбы еврейдің Сабыр деп атанып кеткен бала мен жалғызбасты Қасым есімді шалдың арасындағы әсерлі достығы арқылы қырқыншы жылдары болған репрессия жайынан сыр шертетін режиссер Рүстем Әбдірашевтің «Подарок Сталину» атты фильмінде ерекше сипатталған. Екі кейіпкер де жақындарынан айырылған: Сабырдың ата-анасы абақтыға тоғытылып, репрессияға ұшыраса, Қасым туыстарынан ашаршылық жылдары айырылып қалған. Тағдырдың жазуымен шал баланы аман алып қалады. Картина түрлі эмоциялар тудырады, алайда олардың барлығынан достықтың, сенім мен қамқорлықтың жылы лебі еседі. Халықтар арасындағы достық пен бірлік туралы хикая талай халықаралық кинофестивальдерде көрсетіліп, көрермендердің жылы ықыласына бөленген. Картинаның басты рөлдерін қазақстандық актерлер Нұржұман Ықтымбаев, Бақтияр Қожа, Ерболат Тоғызақов, сонымен қатар ресейлік актерлер Екатерина Редникова пен Александр Баширов, польшалық актер Вальдемар Шчепаняк пен еврей актері Дален Шантемировтар сомдайды. Фильм премьерасы 2008 жылы өтті.

«Кешіккен махаббат»

Сәбит Құрманбековтың «Кешіккен махаббат»/«Нежданная любовь» картинасында үш ақсақалдың достығы суреттеледі. Қариялардың проблемалары мен қуаныштары дәстүрлі қазақ ауылында өрбиді. Үшеуі өмір бойы бірге келеді. Бірінің әйелі – мыстандай болса, екіншісінің жары – қартайған шағында мұрагер сыйлаған бойжеткен, үшіншісі – тұл бойдақ, оны фильмде француздың атақты актері Жерар Депардье сомдайды. Алайда картинада ол француз емес, этникалық немістің рөлін орындайды. Сөйтіп алдыңғы екі ақсақал оған жар іздейді. Бірақ достары, белгілі болғандай, көрші тұратын әжейге ғашық екен, сондықтан екінші жартысының рөлінде тек соны ғана көреді. Ол әжейді танымал қазақстандық әрі ресейлік актриса Наталья Орынбасарова сомдайды. Фильмде ол шығыс әйелін мүлтіксіз орындап шықты. Осылайша картинада ұлтаралық достық қана емес, махаббат тақырыбы да қатар өрбиді. Кинолентада сонымен қатар Нұржұман Ықтымбаев, Болат Қалымбетов және Наталья Гвоздиковалар өнер көрсетеді. Картина 2010 жылы жарық көрді.

«Композитор»

«Композитор» көркем фильмі шынайы оқиғаға негізделіп, 70 жыл бұрын қытай композиторы Сянь Синхайдың Кеңес Одағына «Мосфильм» студиясының түсірілімдеріне келгені туралы баяндайды. Әскери жылдары Алматыда эвакуацияда болған ол, отанына орала алмай қалады. Бұл қалада ол қазақтың атақты маэстросы Бақытжан Байқадамовпен танысып, оның және оның отбасының адал көмегі мен қамқорлығына бөленеді. Осылайша «Композитор» картинасы Қытайдың атақты композиторы Сянь Синхай мен қазақтың ұлы сазгері Бақытжан Байқадамовтың берік достығын суреттейді. Бұл екі ұлы тұлғаның достығы өскелең ұрпақ үшін өнеге. Картина Қазақстан мен Қытай халықтары арасындағы жылы әрі жарқын достықтың үлгісіне айналып, ұлттар аласындағы ынтымақтастықты нығайта түсті. Фильмді қытайлық режиссер Шерзат Якуб пен қазақстандық режиссер Сәбит Құрманбековтер түсірді. Картинада қытайлық актер Ху Цзюнь мен Юань Цюань және қазақстандық кино жұлдыздары Берік Айтжанов, Аружан Жазылбекова мен Алтынай Нөгербектер өнер көрсетті. Картина премьерасы 2019 жылы өтті.

«Жерұйық»

Бұл фильмдегі оқиғалар қазақ халқы ашаршылықтан қиналған сонау 30-шы жылдарда өрбиді. Сюжет желісі нәубет заманды бастан өткерген көптеген ұлттар үшін қазақ жері нағыз отанға, баспанаға айналғанын көрсетеді. Бұл фильм бүкіл әлем эмигранттарына арналады әрі жұттан кейін өздерінің қиындықтарына қарамастан, осы өңірге келіп, олар үшін туған жердей болып кеткен кәріс, неміс, түрік, шешен, курд және басқа да көптеген халықтың қазақ жеріне деген алғысы іспеттес. Қазір олар Қазақстанды туған Отаны деп мақтанышпен айта алады. Картина 2011 жылы жарық көрген. Оның продюсері Ермек Аманшаев, режиссері – Сләмбек Тәуекел. «Жерұйық» тарихи драмасы Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында түсірілген. Драмада белгілі отандық кино майталмандары Болат Әбділманов, Дұлыға Ақмолда, Әнуар Нұрпейісов, Азамат Сатыбалды, Алтынай Нөгербек, сонымен қатар Ан Чанг Хен, Эдуард Пак, Сергей Попов, Татьяна Цой, Мэри Ли, Сергей Никоненко, Назгүл Қарабалина, Ержан Нұрымбетов, Бағлан Әбдраимов, Райхан Айтқожанова және басқалары өнер көрсетеді.

Автор:  Зарина Смагулова

Фото:  Интернет желісінен алынған

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы