Размер шрифта:

Цветовая схема:

19 мамыр, 2020115

Кино шолу: “Бизнес по-казахски”

Отандық кинематографияда өзіндік орын алатын комедия, қазақ бизнесін шетелде өркендетіп жүрген “Бизнес по-казахски” фильмінің кезекті саны көрермен назарына ұсынылған болатын. Бұл жолы картина Азияның ең дамыған елдерінің бірі Оңтүстік Корея мемлекетінде түсірілді. Қоянбаевтың танымал картинасы көрерменге не ұсынып, қандай жаңалығымен қуантты?  Бірге сараптап көрелік. 

Барлығымыз білетін “Бизнес по-казахски” франшизалық жобасындағы әр comeback әртүрлі мемлекеттер мен елдерде, құрылық пен шөлдерде түсіріліп келе жатқандығына тура төрт жыл болды. Алғаш рет Қоянбаев “Бизнес по-казахси” картинасын 2016 жылы көрерменге ұсынған болатын. Ол кезде картинаны өзіміздің Қазақстанда түсірілсе де, жоба үшін арнайы алыс шетелден актер шақыртылған еді. Картинада бой көрсеткен үнділік актер Сидхарт Шукла болды. Алғашқы қадамы жақсы қаланған фильмнің жалғасы енді тек алыс-жақын шетелдерде ғана түсіріле бастады. Мәселен, оның құрамында Америка Құрама Штаты, Дубай қаласы және Африка жерлері бар. Енді міне бұл тізімге тағы бір ерекше ел қосылды. Ол- Оңтүстік Корея мемлекеті болды. Қоянбаев фильм түсіруден қалай жалықпаса, шер жүзін шарлаудан да солай жалықпайтын сияқты. Себебі ол түсірген фильмдерді көпшілік көрермен ұнатып, оның тағы бір мәрте жақсы кино-продюсер екендігіне көз жеткізіп келеді. Ал бұл жолы жарық көрген жаңа туынды неліктен дәл осы Корея мемлекетінде түсірілді? Фильмнің сценарийі алдыңғы жобалардан несімен ерекшеленеді?

 

“Бизнес по-казахси в Корее” кинофильмінің желісі бойынша қазақстандық бизнесмен Қанат Жомартұлы табысты, керемет қонақ үйдің қожайыны. Сол баяғыша қолында туған-туыстары жұмыс істейді. Жаңа инновациялық дамуды қолдау мақсатында,  оның қонақ үйінде RJN19 атты жаңа робот пайда болады. Бірақ көп ұзамай көп функционалды робот істен шығып, Қанат Жомартұлы серіктесі Аленмен бірге роботтың отаны Оңтүстік Корея еліне аттанады. Жалғыз емес әрине, жұбайларымен бірге. Міне осы жерде шытырман оқиғалар басталады. Фильмдегі басты кейіпкер Қанат Жомартұлының інісі Еркош әдеттегідей жоғалып қалады. Ол Оңтүстік Корея мен Солтүстік Корея елдерін шатастырып қатал билігімен танымал болған Кореяның солтүстік жеріне тап болады. Жомарт, Айсұлу және Ален оны құтқармақ болып талай рет әртүрлі іс-әрекеттерге барады. 

 

Фильм шыққан күнінен бастап көрерменді өзінің геолокациясымен қызықтырғаны жасырын емес. Қазір ОңтүстікКорея елі, оның мәдениеті мен дәстүрі, өнері мен шығармашылық ортасы, тағамдары мен әртүрлі қызықты заттары дүниежүзінде ерекше танымал. Бұл елге біздің де ортамызда қызығушылық танытып, еліктеп жүргендер аз емес, тіпті біраз баршылық десе артық айтпағандық болар. Фильм продюсері соны сезді ме, өзінің бұл жолғы комедиясын дәл осы елде түсіргенді жөн санаса керекті. Бірақ бұл фильмнен ерекше елдің атмосферасына енем деген мақсатта тамашалаған көрермендердің сенімдері мен үміттері біраз ақталмаған секілді. Себебі, фильмнің Корея елінде түсірілген фрагменттері өте аз және бір кадрлар қайта-қайта түсіріле берген. Мүмкін қаражат жеткіліксіз болды ма, әлде тағы да басқа себептер болса керек, фильмдегі айқалаған атау мен картинаның өзі біраз сәйкес келмей қалған секілді. Киногерлер Оңтүстік Корея мемлекеті ретінде тек пластикалық хирургия клиникасын, Оңтүстік және Солтүстік шекарасы мен корейлік дәстүрлі үйді елестеткен болар, көп кадрлар тек осы жерлерде түсірілген. Осы себептен де бұл елдің тамаша жерлері мен әсем табиғатын фильмге мүлде енбеген. Корея елінің атмосферасына енуді көп күткен көрермен үшін бұл жағдайдың аздап сенімді ақтамады десек артық болмас.
 

@nurlankoyanbayev

 

Сценарийдің оңай әрі жеңіл жазылғандығы көрініп тұр. Онымен жұмыс істеген Нұрлан Қоянбаев, Бұхар Марат, Самат Сыржанов, Нұрмахан ахметов, Асхат Тохтарханов және Дидар Жексековтер болды. Бұл франшизалық фильм болғандықтан алдыңғы бөлімдерге ұқсас келеді. Тек кейбір фрагменттері өте қарапайым, сценарийде көрерменді еліктіріп әкетердей ешқандай оқиға желісі жоқ. Тек Еркоштың Солтүстік Корея елінде қалып қоюы, оның құтқарылу процессі ғана жақсы ашылған. Бірақ фильмдегі кейбір сахналар мен диалогтардың біршама созылып, тіпті кейбір фрагменттердің болмағандығы жақсы болар ма деп ойлап қаласың. Фильмде көрсетпек болған негізгі мақсат қайда барсаң да, өз туған жеріңнен, өркениетті еліңнен асқан ел жоқ екендігі, отбасың мен туған-туыстарыңның алтыннан да қымбат бағалы екенін әрбір көрерменге аңғарту. Оны кинофильмнің соңғы бөлімінде Жомарттың Оңтүстік кореялық ақсақалға ауылдың картинасын сыйлаған кезде ерекше аңғарасың. Дәл осы фрагменттің әрбір көрерменді өзгеше бір сезімге бөлейтіні рас. 

 

Актерлік құрамға келер болсақ, барлығы да бұрынғы сол қалпы. Алдыңғы бөлімдерден келе жатқан басты кейіпкерлер: Нұрлан Қоянбаев, Гүлназ Жоланова, Жан Байжанов, Рамазан Амантай, Дариға Бадықова, Қажет Смағұлов. Фильмдегі ерекшеліктердің бірі отандық эстрадағы кей өнер адамдарының аталған кинотуындыдан көрінуі. Олардың бірі Дильназ Ахмадиева және жастар арасында кең танымал, алыс шетел мен ТМД елдерінде тыңдарманы көп елге белгілі “Ninety One” тобының құрамында өнер көрсететін көпке Ace лақап атымен танымал Азамат Ашмақын бой көрсеткен болатын. Эстрада жұлдыздарының аталмыш картинада рөл сомдауы олардың тыңдармандары үшін жағымды жаңалық болғаны рас.

 

Фильмнің режиссері ретінде Ален Ниязбеков жұмыс істеген болатын. Ален бұған дейін “Оралман из Питера” және “Каникулы в Таиланде” сияқты отандық кино жобаларға режиссерлік еткен еді. Ален Ниязбеков қазіргі таңда дамып келе жатқан өте талантты жас әрі мықты клипмейкер және режиссерлердің бірі. Айта кеткен жөн, “Бизнес по-казахски” фильмдерінің әр бөлігін әртүрлі режиссерлер түсіреді. Бұған байланысты фильмнің продюсері Нұрлан Қоянбаев ол картинаның бір-біріне ұқсас болып кетпеуіне және әрқайсысының өзінше ерекшелік иеленуіне, өзіндік фишкасы болуына әсер ететіндігін жеткізген болатын.
 

@niyazbekov

 

Картинада қолданылған музыкалық көркемдеуіне де тоқталып кеткен жөн. Фильмнің композиторы  ретінде Александр Шевченко жұмыс істеді. “Бизнес по-казахски” фильмінде “E.Yaeh”- Ninety One тобы,  “Men Emes”- Ninety One тобы,  “Оигиналсың” - Әбдіжаппар Әлқожа, “Ауылым” – Жұбаныш Жексенұлы, “Шаршама”- Мұхтар Ханзада, “I love you”- Jang Han Byul, “Le Petit Prince”- Min Jae, “Must Be The Money”-DinDin орындауларындағы әсем әндер шырқалды. 

 

Кинодағы әсем кадрлары мен бейнелер өте кәсіби түрде түсірілген. Онымен жұмыс істеген үлкен түсірілім тобы мен қоюшы-оператор Асылхан Мельдебеков. Сонымен қоса, фильммен жұмыс жасаған Оңтүстік Кореялық шығармашылық топ та ерекше еңбек етті. Корея тарапынан, жалпы шетелдік түсірілімдерге жауап беретін Digital Factory Korea  ұжымы болды. 

 

Нұрлан Қоянбаевтың бұл жобасы өте сәтті шыққандығын оның кассалық түсімін байқап-ақ, сенімді айтуға болады. Себебі, осы жолғы картина шыны керек ерекше табысқа кенелді. Төртінші рет түсірілген франшиза продюсер Қоянбаевқа рекордты мөлшердегі қаржы жинап бергені рас. Небәрі 45 күнінде прокатқа шыққан картина өзінің алғашқы миллиардтарын жинап үлгерген еді. Франшизалық комедияның кассалық қоры 1 139 314 940 теңгеге жетті. Салыстырмалы түрде қарасақ, “Бизнес по-казахски” картинасының алғашқы бөлімі прокаттан небәрі 300 миллион теңгеге жуық қаражат жинап үлгерген еді. “Бизнес по- казахски в Америке” фильмі сәйкесінше 581 000 000  қаржыға жетсе, Африкада түсірілген “Бизнес по- казахски в Африке” бөлімі біршама жоғары дәрежені көрсетіп, 772 386 445 теңге көлемінде касса жинаған болатын. Ал бұл жолы картинаның төртінші бөлімі бірден миллиардтық көлемнен асты. Ол деген сөз шетелдік Marvel блокбастерінен және кейбір танымал болған кинофильмдердің кассалық жинаған қаражатынан асып жығылады. Өз кезегінде бұл отандық картиналар мен қазақстандық кинематографистердің дәрежесінің өсіп, дамып келе жатқандығының көрінісі болса керек. Картинаның сәтті шығуының айқын көрінісі ретінде ең алдымен көрермендердің қызығушылығы мен кинотуындының әртүрлі кинофестивальдерде үздік болуы. Ал коммерциялық кинофильмдер үшін залда көрермендердің толып отыруы, олардың кино туралы жазған жағымды ой-пікірлері фильм авторларын қашанда қанаттандырып, тағы да қызықты кинотуындылар түсіруіне себепкер болады. Яғни, бұл жолы картина көрерменнің тағы да ыстық ықыласына бөлене алды. Қазір YouTube платформасына салынған картинаның толық нұсқасының қаралымы күн сайын өсіп жатыр. Бүгінде фильм 3 557 256 көрсетілім жинап үлгерді. Бұл отандық кинофильмдер үшін өте жоғары баға. Бұған қарап “Бизнес по-казахски” фильмінің авторлары және продюсері Нұрлан Қоянбаевтың сенімі ақталды деуге әбден болады. 

Автор:  Уйсунбай Жаннура

Фото:  tengrinews.kz

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы