Размер шрифта:

Цветовая схема:

06 наурыз, 2020154

Кинодағы топ-5 мықты әйел образы

Ботагөз, Мәншүк, Әлия. Бұл - жандары нәзік болғанымен, рухтары биік, жігері мықты, отансүйгіш әрі азаттық үшін күресте барын аямай, жандарын пида еткен қазақтың нағыз батыр қыздары. Өткен ғасырдың біртуар тұлғаларының есімдері мәңгі есте қалатыны анық. Ал, келешек ұрпақ олардың ерліктерін кітаптан оқып қана қоймай, «Мәншүк туралы Дастан», «Мергендер», «Ботагөз» атты фильмдер арқылы көріп тани алады. Ал, ХХІ ғасырдың қаһарман қыздары кім?

Шүкір, бүгінгі заман тыныш. Дей тұрғанмен, қару алып, жауға шаппаса да, өздерінің ерік-жігері әрі кең жүрегімен талай жанға пана, қамқор әрі жанашыр болып отырған қазақ қыздары баршылық. 8 Наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында біз сондай жандардың фильмдердегі образдарына  тоқталмақпыз.

«Айка» (2018)

Қазақстандық-ресейлік режиссер Сергей Дворцевойдың картинасы Мәскеуде заңсыз жұмыс істеп жүрген қырғыздық Айка есімді жас бойжеткен қызының жат елдегі қиын тағдырын баяндайды. Қыз таяуда босанып, баласын перзентханада қалдырып қашады. Әлі әлсіз күйде болса да, ішерге азық табудың амалын іздейді. Талай жердің табалдырығын тоздырып, жұмыс таба алмай сәтсіздікке ұшырайды. Сөйтіп жүріп, бір кездері өзінің тігін бизнесін ашпақшы болып, қарыз алған жандарға тап болады. Олар болса, қарызды қайтармаса, туған елінде қалған әпкесіне залал келтіреміз деп қызды бопсалайды. Кездесулерінің бірінде Айка жуырда босанып, тастап кеткен баласының барын айтады. Қарыз берушілер болса, баласын оларға тапсыруды ұсынады. Осы кезде қыздың аналық махаббаты оянып, баласын іздейді. Фильм дәл осы қиындықтар арқылы әйел затының аналық махаббатының аянуын сипаттайды әрі өмірдің салған ауыр салмағын арқалап жүрген жалғызбасты нәзік жанның сол қиындықтармен арпалысын көрсетеді. Бұл образды қазақстандық актриса Самал Ислямова жақсы аша білді.   

 

«Марьям» (2019)

Режиссер Шарипа Оразбаеваның бұл фильміндегі Марьям есімді әйелдің образы шынайы өмірден алынған. Әрі басты рөлді осы оқиғаның иесі Меруерт Сабуссинованың өзі сомдайды. Картина ен даладағы қыстақта, жарының жоғалып кетуінен кейін төрт баласымен қалған шопанның әйелі жайында баяндалады. Марьям бұл қиындықты жалғыз өзі көтеруден басқа амалы жоқ. «Әйелдің қырық жаны бар» деген осы болар.

 

«Бақсы» (2008)

Фильм Айдай есімді бақсы әйел жайында, нақтырақ айтсақ, оның кәсіпкермен тай-таласы хақында. Іскер жігіт әйелдің тұрып жатқан жеріне жанармай бекетін салмақшы. Бақсы болса, барлық емдік шараларын ата-бабасынан қалған жерінен күш ала отырып қана жүргізе алады. Демек, енді қақтығыс басталмақ. Себебі ол оңай берілер емес.  

 

«Анаға апарар жол» (2016)

Бұл фильмдегі әйел соғысқа аттанған баласын күтіп, тылдан оған күш-жігер беріп, демеп отырған ананың тағдырын көрсетеді. Баласының рухы осының арқасында ерлік пен қайсарлыққа толып, анасымен қайта қауышады. Аналық махаббаттың күші осы болса керек.

 

«Жаужүрек мың бала» (2012)

Бұл тарихи картина  XVIII ғасырдың бірінші жартысында жоңғар шапқыншылығына қарсы ерлікпен күрескен жаужурек балалар жайынан сыр шертеді. Алайда, жаужүрек жігіттердің арасында атқа да мініп, жауға да шабатын қайтпас мінезді қайсар Қорлан есімді қыз бар. Оның образы еліне қауіп төнген тұста туған жерін қорғауға ойланбаcтан бірінші шепке тұратын қыздардың болмысын аша түскен. Сол заман қыздары нәзік бола тура, халқы үшін жанын беруге даяр екендігін осы Қорлан бейнесі арқылы көруге болады.

Автор:  Зарина Смағұлова

Фото:  vokrug.tv

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы